БОЗАРЫҚ ШАҒЫНАУДАНЫНДА 49 КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ИНЖЕНЕРЛІК ЖЕЛІЛЕР ТАРТЫЛУДА
Шымкент қаласында қазір тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде Бозарық шағын ауданында 54 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов мегаполистің ауқымды құрылыс алаңына айналған аумақтағы жұмыстарды тексерді.
Бүгінде мердігерлер мұндағы 49 тұрғын үйдің, 9 нысанның инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстарын атқаруда. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 5 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға мердігерлер жауапкершілігін арттыра отырып, жұмыстарды талаптарға сай орындап, нысандарды мерзімінде қолданысқа беру бойынша тапсырмалар жүктеді. Айта кетейік, Ақжайық шағын ауданындағы 26 тұрғын үйдің құрылысы жоспар бойынша жыл соңына дейін басталатын болады. Жалпы жыл қорытындысымен 3040 пәтерлі 67 тұрғын үй пайдалануға тапсырылады. Айта кету керек, бүгінде қалада 9 білім ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылына дейін 4 мектеп пен 2 балабақшаның және колледж бен 2 арнайы мектеп- интернатының ғимараты жөндеуден өтеді. Бүгін қала әкімі М.Әйтенов құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысын қадағалады. 4-шағынаудандағы №78 орта мектеп ғимараты 2004 жылы салынған. Жобалық қуаттылығы 465 орындық білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде 60 пайызға орындалған. Өндірістік кестеге сай ғимарат тамыз айының ортасында пайдалануға беріледі. Білім басқармасына қарасты «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты да күрделі жөндеу көрмеген орталықтардың бірі болатын. Мұнда да қазір құрылыс қарқынды жүруде. Жоба бойынша 3 қабатты ғимараттың қабырғасы толық жаңартылып, инженерлік коммуникациялық желілері ауыстырылады. Қаладағы В.Терешкова атындағы №93 жалпы білім беретін мектептің ғимараты да замана талабына сай жабдықталуда. Жаңаталап шағынауданындағы мектептің бірінші корпусы 1951 жылы салынған. Аумақта оқушы саны артқандықтан, соңғы жылдары мектеп кеңейтіліп, қайта жасақталған. Мұнда да инженерлік жүйелер толық жаңалануда. Жоба бойынша қосымша спорт алаңшасы салынып, көріктендіру, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.