ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

23
0

Сыбайлас жемқорлық салалардағы жұмысты тұралататын өзекті түйткіл саналады. Сондықтан бүгінде жаһан мемлекеттері аталған мәселенің алдын алу бағытында қыруар іс атқарып келеді. Бұл тұрғыдан келгенде, Қазақстанда да қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Қазіргі уақытта түрлі схемалар арқылы мемлекеттің мүлкін жымқырғандар жауапқа тартылып жатыр. Ол қатарда парақорлықпен дүние арттырып, шетке тасыған азаматтар да бар. Бұл ғана емес, бүгінде сыбайлас жемқорлық фактілерін азайту бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары да қарқын алып келеді.

Бір ғана Түркістан қаласында жыл басынан бері аталған тақырыпты арқау еткен көптеген кездесулер мен жиындар өткізілді. Онда ел азаматтарына, жастарға, мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлық пен оның заң алдындағы жауапкершілігі турасында кеңінен ақпараттар берілді. Жалпы бұл әлеуметтік кесел сала мен адам таңдамайды. Сондықтан да қауіпті десек, артық айтқанымыз емес. Осы орайда, бүгін Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Талғат Қыдырбаев сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша Құрылыс бөлімімен кездесу өткізді. Кездесуде пара алуға және пара беруге қарсы тұрып, адал қызмет етуге үндеп, қазіргі парақорлыққа көрілетін жазаның күшейтілгенін заң аясында кеңінен түсіндірді. Бұған дейін мемлекет басшысы қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңесте «Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы  жемқорлықпен күресуге баса мән беру керек. Жауапты министрліктер  осы бағыттар бойынша жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет. Бұл жоспарды бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараны  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын» деп атап өткен болатын.

Дәл осы жиында ел Президенті сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті. Бұл бағытта елімізде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Жалпы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданғаннан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер дәйектілігімен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы шаралар мен көкейтесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді: Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің азаюы байқалады.