ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫН ТҮСІНДІРДІ

27
0

Соңғы жылдары елімізде сыбайлас жемқорлық мәселесіне айрықша көңіл бөліне бастады. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынғанын айтты. Тарқатар болсақ, соңғы уақыттарда соттардың әділ шешім шығарып, сапалы жұмыс істеуіне қатысты нақты шаралар жүзеге асырылды. Бұл кешенді шараны іске асыру бойынша 174 судья жұмыстан босатылды немесе лауазымы төмендетілді. Жаңадан әкімшілік соттар құрылды. Оның нәтиже беріп жатқаны айқын. Өйткені жарты жылда 14 мыңнан астам арыз-шағым түскен. Оның тең жартысында арыз берушілер жеңіп шыққан. Бұл аз десеңіз, сот процесінің 3 буынды үлгісі енгізілді. Осының нәтижесінде прокурорлар 3,5 мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол берген жоқ. Басқа да бірқатар институционалдық шаралар жүзеге асырылды.

Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға  қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде» деп атап өтті. Жасыратыны жоқ, қоғамымызда сыбайлас жемқорлық фактілері әлі де аз емес. Оны түпкілікті жою да мүмкін емес. Өйткені мұндай тәжірибе жаһанда жоқ. Әйткенмен ахуалды жақсартуға болады. Бұл саладағы құқықбұзушылықтардың қатарын кемітуге қол жеткізе аламыз. Сондықтан да елімізде сыбайлас жемқорлық деректеріне қатысты арнайы заң жобасы жұмыс істейді. Бүгінде бұл заң жобасының талаптары мемлекеттік қызметшілерге тереңінен түсіндіріліп те жатыр. Осы орайда, мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманың  және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша (мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайы, қызметтік тәртіп,  мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі, мемлекеттік қызметшілердің, олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері, мемлекеттік қызметті тоқтату, қаржылық бақылау шаралары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер, мүдделер қақтығысы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылық) консультациялық тұрғыда көмектесу мақсатында Түркістан қаласы әкімдігінің ғимаратында  Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Талғат Қыдырбаевтың қатысуымен арнайы кездесу өтті. Онда Әдеп жөніндегі уәкіл сыбайлас жемқорлық бойынша жүзеге асып жатқан кешенді шараларды сөз етті. Айтуынша, мемлекеттік қызметте істейтін азаматтардың сыбайлас жемқорлық сынды құқықбұзушылыққа баруына бірнеше факторлар әсер етеді. Олар – мемлекеттік қызметшілердің құқықтық білімінің болмауы, құқық бұзушылыққа немқұрайды қарау, қызметтің тәртіптің төмендігі, мемлекеттік мүддеден қара бастың қамын жоғары қою, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың іс жүзінде мардымсыз орындалуы. Осы орайда, спикер жиынға қатысушыларға заң талаптарының қатаңдағанын, енді сыбайлас жемқорлыққа аты шырмалып, заңнан аттағандардың айыбы ашылса, жауапкершілік жоғары болатынын түсіндірді.

Айта кету керек, сыбайлас жемқорлық сынды қоғамдық мәселемен күресте әлеуметтің бірлігі аса қажет. Өйткені мұндай қылмыстық құқықбұзушылықтармен көбіне құқықтық сауаты төмен азаматтар бетпе-бет келеді. Сәйкесінше, мұндай жағдайға тап болғанда қалай әрекет ету керегінен бейхабар. Сондықтан алаяқ пен өз қызметін асыра пайдаланатын кей азаматтарға алданып жатады. Сондықтан да конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып отыр. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаралардың аз емесін де естен шығармауымыз керек. Қазіргі уақытта елімізде құқықтық сауатты, қаржылық сауатты арттыруды көздейтін бағдарламалар жұмыс істеп жатыр. Бұл ғана емес, өскелең ұрпақты өзекті мәселеден сақтау мақсатында жүзеге асып жатқан жұмыстар да баршылық.