ЕРІКТІЛЕР ӨЗ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

13
0

Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлық мәселесі – өте өзекті түйткіл саналады. Сондықтан оның алдын алу мақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Құқық қорғау органдары тарапынан азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру және дамыту мақсатында көптеген кездесулер ұйымдастырылуда. Бұл ғана емес, өңір-өңірде еріктілер тобы құрылған. Бүгінде олар мемлекеттік сатып алу порталын жіті зерделеп, күдік тудыратын жайттарды құқық қорғау қызметкерлеріне хабарлап жатыр. Мұның өзі ел ішіндегі сыбайластық пен парақорлықтың алдын алуға үлкен көмегін тигізуде. Мұндай еріктілер тобының қатарында түркістандық белсенділер де бар. Осы орайда, жуырда облыс орталығында сыбайлас жемқорлық фактілерін зерделеу мен зерттеудің жолдары талқыланған кездесу өтті. Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты кеңінен тарқатпақпыз…

Жалпы кез келген ел азаматы сыбайлас жемқорлықпен күресе алады. Тіпті, ерікті ретінде елдің дамуына еңбек сіңіру мүмкіндігі бар. Дегенмен оның жолдарын баршаның бірдей білмесі анық. Осы орайда, қоғамда маңызы бар жұмыстарға белсенділік танытып жүрген Түркістандық жемқорлыққа қарсы еріктілер қатарындағы «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Облыстағы филиал басшысы А.Қалыбек Мемлекеттік сатып алу порталында мониторинг жасау тәжірибесімен бөлісті. Еркін форматтағы кездесуге Департамент басшысы Мұрат Төлеубаев және аймақтағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуде үлес қосып жүрген еріктілер қатысты. Кездесуде еріктілер бірқатар идеяларды ортаға салды. Нақтырағы, облыстағы жемқорлықпен күресушілердің басшысы ретінде шалғай аудан мен елдімекен тұрғындарымен кездесу, жемқорлықтың деңгейін анықтап, нәтижесімен мониторинг, сыртқы талдау, түсіндіру жұмыстарын сол салаларға бағыттау үшін тұрғындар арасында сауалнама жүргізу, қала мен аудан әкімдерінің тұрғындармен кездесуінде жемқорлық құқықбұзушылығын төмендетудегі жұмыстары туралы есеп беру, білім саласындағы жемқорлық деңгейін төмендету үшін мектеп немесе колледж директорлары өз ұжымдастарының алдында лекция оқу сынды ұсыныстар айтылды. Кездесуде Мұрат Ахтанұлы киелі өңір Түркістанды жемқорлықтан таза, адал мекен ету мақсатында қосып жүрген үлестері үшін алғыс білдіріп, өңірдегі өзекті мәселелерді оңтайлы шешу үшін Заң аясында бірлесіп жұмыс жүргізуге және волонтерлік бағытта идея алмасуға дайын екенін жеткізді. Бейресми форматта өткен кездесудің басты мақсаты — сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын-алу, жемқорлық қарсы мықты иммунитеті бар қоғам қалыптастыру.

Жалпы қоғам күн сайын дамып, уақыт өткен сайын ілгерілеп келе жатыр. Дегенмен жаһандық мәселелер де аз емес. Оның қатарында қоғамның дамуын тежеп, салалардағы жұмыстың кенже қалуына себепші болған сыбайлас жемқорлық та бар. Жалпы қоғам дамығанымен, сыбайлас жемқорлық фактілері де дамып келеді. Тіпті, жаңа құқықбұзушылықтың түрлері де пайда болды. Сондықтан да оны болдырмау үшін мұндай құқықбұзушылықтардың салдары мен нәтижесін көпшілікке көрсетудің маңызы айрықша. Қала берді, қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру дамыған елдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының маңызды элементтерінің бірі болып саналады. Қоғамның сыбайлас жемқорлық қылмыстарға және құқық бұзушылыққа немқұрайлылығы бұл қылмысты қолдаумен тең. Өйткені азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті, сыбайлас жемқорлыққа тұрақты иммунитеті болмаса, межелі нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Біздің қоғамның әрбір толыққанды және дені сау мүшесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың ісі екенін түсінуге тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың маңызды бөлігі саналады және білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Сондықтан азаматтардың құқықтық санасын ояту, құқықтық сауаттылыққа оқыту, өскелең ұрпақты құқықтық тәрбиелеу және, әрине, сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін халықтың әлеуметтік проблемаларын шешу ісіне ерекше көңіл бөлгеніміз жөн.