АЭС: МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстанда биыл 6 қазанда АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Бұл туралы 2 қыркүйек күні Парламент мінберінен халыққа дәстүрлі жолдауын жариялаған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Осы орайда, аталған бастамаға қатысты Шымкент қаласы мәслихатының депутаттарынан пікір сұраған едік. Бүгінгі материалымызда дәл сол пікірлерді қалың оқырманның назарына ұсынып отырмыз.
Айжан НАИМБЕКОВА, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:
«Заман өзгереді. Қоғам дамиды. Экономика да алға жылжиды. Дегенмен мұндай үрдістер энергетика саласына ауқымды салмақ салады. Тіпті, бүгінгі күннің өзінде елімізде энергия тапшылығы бар. Мұны көрші мемлекеттермен келісімге келу арқылы шешіп отырмыз. Рас, бүгінде жағдай қалыпты. Көршілермен қарым-қатынас та жақсы. Десе де арқаны кеңге салуға әсте болмайды. Кез келген кемел мемлекет өз ішіндегі өзекті мәселелерді шешуге талпынбаса, өзгеге кіріптар қалпында қала бермек. Мұны тектен-текке айтып отырғаным жоқ.
Биыл 2 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жариялады. Міне, сонда ел президенті «Жаһандық энергия тапшылығының өсуін ескере отырып, біз сенімді және экологиялық таза энергия көздеріне аса мұқтажбыз. Сондықтан, менің ойымша, атом энергетикасының дамуына барынша назар аудару қажет. Генерацияның бұл түрі біздің экономикамыздың қарқынды дамып келе жатқан қажеттіліктерін едәуір қанағаттандыра алады. Қазіргі уақытта дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық АЭС жұмыс істейді. Біз еліміздің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделері мен ерекшеліктерін ескере отырып, болашақ туралы ойлауымыз керек» деп атап өтті. Айтса айтқандай-ақ, қазіргі уақытта мемлекетімізде шетелден инвесторлар тартып, кәсіпкерлік саланы дамытуға басымдық беріліп отыр. Осы орайда, елге келген әр инвестордың инженерлік инфрақұрылымға аайрықша мән беретіні айқын. Егер елдің ішінде энергия тапшы болса, қаржы құюшылар да қадамын аңдап басады. Тәуекелге барғысы келмейді. Жаһандық деңгейде энергияға деген сұраныстың артып отырғанын ескерсек, көрші елдердің жақын болашақта энергияны сатуға шектеу қоюы бек мүмкін. Сондықтан да еншісі бөлек егемен ел ретінде өз қажеттілігімізді өзіміз өтеуге тырысуымыз керек-ақ.
Соңғы уақытта атом электр станциясын салуға қатысты қоғамда бірқатар пікірталастар жүріп жатыр. Біршама белсенділер мұның зиян екенін айтып, қарсылық танытуда. Осы орайда, қазақтың «бөріден қорыққан орманға бармайды» деген сөзі ойымызға оралады. Біріншіден, Қазақстанда АЭС салынар болса, қауіпсіздік мәселесі басты назарда болады. Қала берді, мұндай жауапты бастаманы кез келген кәсіпорын жүзеге асыра алмайды. Жаһандық стандарттар тағы бар. Осының бәрін ескерсек, ең заманауи технологиялары бар алып компания ғана елімізде ең соңғы үлгідегі атом электр станциясын салады. Екіншіден, бастаманы жүзеге асыруға қажет кадрлар елімізде бар. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында атом саласы үшін кадрлар даярлау қазақстандық жоғары оқу орындарында 5 білім беру және екі дипломдық бағдарлама негізінде жүргізіледі. Тәжірибе алмасу және кадрлық әлеуетті арттыру үшін Франция, Ресей және Венгриямен бірқатар құжаттарға да қол қойылған. Үшіншіден, АЭС құрылысы электр энергиясының тапшылығын қысқартуға, тарифтердің өсуін тежеуге, экологияны жақсартуға және энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге қол жеткізудің сенімді тәсілі саналады. Бесіншіден, экологиялық ахуалдың ушығуының алдын алуға да атом электр станциясы әсер ете алады. Сарапшылар есептеуінше, қуаты 1 гигаватт болатын АЭС 1-1,5 млн халқы бар қаланы энергиямен қамти алады. Нәтижесінде 50 текше метр радиоактивті қалдықтарды шығарады. Дәл осы қуатты алу үшін жылу электр орталықтары шамамен 200-300 мың тонна қалдық шығарады екен. Тағы бір ерекшелігі, көмір станциялары ауаға будақ-будақ қара түтін шығарып, қоршаған ортаны ластап жатады. Ал атом электр станциясы ауаға мұндай улы газдарды бөлмейді. Қорыта айтқанда, еліміздегі энергия тапшылығының қалай шешілетіні 6 қазанда өтетін референдум нәтижесінде анық болмақ. Сондықтан осындай жауапты кезеңде барша отандастарымыздың атсалысқаны жөн деп білемін. Елдің келешегін айқындайтын басты шарадан қалыс қалмайық!»
Шыңғыс ҚОЗБАХОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:
«Биылдың қыркүйек айында еліміз үшін маңызды мәселелер талқыланған жиын өтті. Нақтырағы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Міне, аталған маңызды құжаттағы өзекті мәселелерді халыққа жеткізу барысында ел Президенті «Атом электр стансасын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн» деп атап өтті. Осы орайда, бүгінде атом электр станциясын салу бастамасына қатысты сан түрлі пікірталастар жүріп жатыр. Арасында қолдаушылар бар. Қарсы тарап та пікірін білдіріп жатыр. Осындайда жағдайды саралап, нақты позицияны айқындап алуымыз қазжет-ақ.
Біріншіден, атом электр станциясын салу – заман талабы. Өйткені қазіргі уақыттың өзінде елімізде энергия тапшылығы бар. Мұның орнын көрші мемлекеттермен келісімге келу арқылы жауып отырмыз. Әйткенмен бұл үрдістің қаншаға созылары белгісіз. Өйткені көршілеріміз де – біз сияқты дамушы мемлекеттер. Сәйкесінше, жыл сайын қоғамның түрлі салалары қатар дамып, энергияға деген сұраныс артып бара жатыр. Қала берді, әлемде геосаяси тұрақсыздықтың орын алғанына біршама уақыт болды. Мұның баршасы тұтынатын энергия бағасына әсер етуі мүмкін. Осы орайда, инвестициялық жайлы орта қалыптастыру арқылы кәсіпкерлік саланы дамытуды көздеп отырған Қазақстан үшін энергия тапшылығының алдын алу аса қажет. Сондықтан да атом электр станциясын салу айналамыздағы жағдайды саралағаннан, болашағымызды бағдарлағаннан туған шешім деп білемін. Мұның игілігін біз ғана емес, біздің ұрпақтарымыз да көреді.
Екіншіден, дәл осы станцияның шикізатты тұтыну деңгейі өте төмен, ал өндіретін қуаты орасан. Бір ғана атом электр станциясы тұтас мегаполисті үздіксіз электр қуатымен қамтуға қауқарлы. Мәселен, жылу электр станциясын алып қарайық. Оған тәулігіне шамамен екі теміржол тізбегіндей көмір жағылса, ал атом реакторының бір энергоблогына шағын ғана уран өзегі жетіп жатыр. Сарапшылар дерегіне сүйенсек, 1 келі уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады. Осының өзі бұл қуат көзінің артықшылығын айқындап тұрған тәрізді. Үшіншіден, атом электр станциясы онсыз да ушыққан экологияның жақсаруына әсер етеді. Тарқатсақ, АЭС көмірқышқыл газын, метанды және басқа парниктік газдарды шығармайды. Яғни жаһандық жылыну мен климат өзгеруінің алдын алуға мүмкіндік береді. Көмір электр станциясынан айырмашылығы күкірт пен азот оксидтерін, қатты қалдық бөлшектерді, сонымен қатар, адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға теріс әсер ететін басқа ластаушы заттарды іс жүзінде шығармайды. Дегенмен әлеумет АЭС шығарындыларының адамға кері әсер ететінінен қауіптеніп отыр. Осы тұста айта кетерлігі, АЭС орналасқан жерде радиоактивті қалдықтардың өндірістік қызметін бақылауға, оларды залалсыздандыруға және жоюға әлемнің озық технологиялары қолданылады. Ең бастысы, құрылыс жұмыстары халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Бақылауда болады.
Қорыта айтқанда, мұндай маңызды бастаманы қоғам болып қолдауымыз қажет. Ұрпағымыз өзгеге кіріптар болмасын, еліміз энергетикалық тұрғыда тәуелсіз болсын десек, 6 қазанда өтетін референдумға қатысып, өз дауысымызды берейік. Әрбіріміздің белсенділігіміз аса маңызды. Осыны ұмытпасақ екен».