ШЫМКЕНТТЕ АУҚЫМДЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

31
0

2 қыркүйекте ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауын жариялады. Міне, дәл осы маңызды құжатты таныстыру барысында ел Президенті «Қазақстан бейбіт және теңгерімді сыртқы саясатты қатаң ұстанып келеді. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтарын қорғау, ұлттық мүдделерімізді ілгерілету, экономикаға инвестиция тарту – дипломаттарымыздың басты міндеті. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң ұстана отырып, көп жақты ынтымақтастық орнатуға қашанда дайын екенін паш етіп келеді. Еліміз халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық мәселелерін шешуге белсенді атсалысады» деп атап өткен болатын. Осы орайла, еліміздің барлық өңірінде инвестициялық жайлы орта қалыптастыру мақсатында кешенді шаралар жүзеге асып келе жатыр. Оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың.

Мәселен, жуырда қаладағы «Жұлдыз» индустриалды аймағында ірі инвестициялық жобаның бірінші кезеңі – керамикалық плиталар шығаратын зауыт іске қосылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «WAN SHENG CERAMIC» шетелдік компаниясының құрылтайшылары қатысты. Қала әкімі өз сөзінде ауқымды зауыт Орталық Азиядағы құрылыс индустриясындағы ең ірі жобалардың біріне айналатынын атап өтті. Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында бұл жоба барлық кезеңдерде жан-жақты қолдауға ие болды. Зауыттың ашылуы ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен, яғни керамикалық плиталармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте «WAN SHENG CERAMIC» ЖШС құрылтайшысы Ху Цзяньго жобаны жүзеге асыруда көрсеткен көмегі мен белсенді қолдауы үшін қала әкімдігіне алғысын білдірді. Оның айтуынша, компания заманауи технологияларды енгізумен қатар, қызметкерлерді дамытуға арналған түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Айта кету керек, инвестициялық жобаның құны 25,5 млрд теңге, ал оның жалпы аумағы 32 гектарды құрайды. Кәсіпорында 350 жұмыс орны ашылды. Зауыттың құрылысы өткен жылы басталып, мұнда заманауи технологиялық қондырғылар орнатылған, өндіріс барынша қауіпсіз әрі экологиялық таза болады. Бірінші кезеңді іске қосу аясында кәсіпорын жыл сайын 12,7 млн шаршы метр өнім шығаруды көздеп отыр. Екінші кезең іске қосылғаннан кейін өндірістік қуаттылық екі есеге — 25,4 млн шаршы метрге дейін артады, тағы 350-ден астам қосымша жұмыс орны ашылады. Бұл жобаны жүзеге асыру құрылыс саласын дамытуға ғана емес, заманауи өндірісті енгізуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға да септігін тигізеді. Бұл ғана емес, қазіргі таңда қала аумағындағы арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалды аймақтарда көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Оның қатарында тың бастамалар да баршылық. Мәселен, түріктің «Alarko Holding» компаниясы алдағы уақытта қала аумағында 600 гектарды құрайтын жылыжай кешенін іске қосады. Бірінші кезең аяқталғанда 1700-ден астам адам дәл осы жылыжай арқылы жұмыспен қамтылса, жоба толық аяқталғаннан кейін жұмыс орны 5 мыңға дейін көбейеді. Инвестициялық жобаның құны — 650 млн АҚШ доллары. Бүгінде қала аумағындағы индустриалды аймақтарда Түркия, Өзбекстан, Оңтүстік Корея сынды елдерден келген инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 520 млн АҚШ долларына жуықтайтын жалпы 289 жоба жүзеге асып жатыр. Әрине, мұның баршасы болашақта жергілікті бюджеттің толуына ықпал етері анық. Қала берді, жаңа 8,5 мыңнан аса жұмыс орнының құрылуына да себеп болмақ.

Айта кету керек, инвестиция тарту жұмыстары өткен жылы да қалада қарқынды жүргізілген болатын. Атап айтсақ, өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен Шымкент қаласына 434,3 млрд теңге инвестиция тартылды. 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 126,9%-ды құрады. Қала экономикасын көтеруде инвестицияның үлесі зор. Нәтижесінде құны 40 млрд теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба 1183 жаңа жұмыс орнымен іске асырылды. Олар — «Shymkent Temir» ЖШС – болат блюм өндірісін кеңейту, «NURTAU DISTRIBUTION COMPANY» ЖШС – азық-түлік емес өнімдер, дымқыл майлықтар, сұйық және қатты сабын шығаратын зауыт, «Unitex VOSTOK» ЖШС – жиһаз фабрикасын салу, «ЭКО-ФАРМ» ЖШС — медициналық бұйымдар мен жеке қорғаныс құралдары, оның ішінде әртүрлі модификациядағы бір реттік маскаларды, қорғаныс киімдерін, обаға қарсы жиынтықтарды шығаратын зауыт салу, «BI Group» – Тұмар тұрғын үй кешенінің құрылысы, «OKS-Shymcity» ЖШС – «Prime Park» тұрғын үй кешені, А.Байтурсынов мектебі ЖШС – мектеп құрылысы, «Diamond Hotel» қонақ үй құрылысы, Tauke Khan Plaza» — қонақ үй құрылысы, «Хили Пропертиз» «Double Tree by Hilton Shymkent» (Канвас) ЖШС — қонақ үйді қайта құру, Достық арнайы Транс қонақ үй атауы 7Jol — қонақ үй құрылысы, «Боржоми» — қонақ үй құрылысы, «Керемет» қонақ үй құрылысы, «Cosmopolitan Hotel» қонақ үй құрылысы, «Оңтүстік АГРО ЛТД» ЖШС — сүтті қайта өңдеу, «Шымкент сүт» ӘКҚ — сүт-тауар фермасы, «Нурсултан» ЖК — сүтті қайта өңдеу, «Шадимат» ШҚ – бордақылау 500 бас ІҚМ алаңы, «Райым ата» ШҚ – сүт-тауар фермасы, «Эгамназаров» ЖК – сүт-тауар фермасы.