БІРЫҢҒАЙ ЕСЕП БЕРУ КҮНІ ӨТТІ

16
0

Елдің дамуы үшін қоғамдағы барлық институттардың жұмысы сапалы болуы керек. Бұл әсіресе әділетті қоғам құруды мақсат еткен Қазақстан үшін аса маңызды. Өйткені заңның толықтай орындалуына бақылау жасамайынша, құқықтық мемлекет құру мүмкін емес. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асып келеді. Осының арқасында біз сөз еткен салада бірқатар өзгерістер орын алды. Нәтижесінде халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімі артып келе жатыр. Заңнаманы қайта қарау жұмысы да жандана түсті. Өйткені қоға арасында ауыр қылмыстардың саны артып, тіпті, қоғамдық резонанс тудырғар сәттер де болды. Осыдан кейін бірнеше заң талаптары қатаңдатылды. Мұның өзі құқық қорғау органдарына ауқымды салмақ салады. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Бірқатар бастамалар сәтті жүзеге асып келе жатыр. Осы орайда, жуырда аталған тақырыпты арқау еткен ауқымды жиын өткен болатын. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтың төрағалығымен өткен жиынға  прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және басқа да бақылау-қадағалау органдарының, кәсіпкерлер палатасының, салалық басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, кәсіпкерлер қатысты. Қала басшысының орынбасары жыл сайын өткізілетін ауқымды жиынның мақсаты – ҚР заң талаптары бұзылуының алдын алу, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру екеніне тоқталды. «ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жылына бір рет Бірыңғай есеп күні өткізіледі. Былтырғы кездесуде айтылған ұсыныстар жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсатымыз – ҚР заң талаптарын бұзудың алдын алу, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру. Және мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық арасындағы байланысты нығайтады», – деді Айдын Мейрамбекұлы. Жиын барысында мемлекеттік органдардың басшылары 8 айда атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасап, кәсіпкерлер тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді. Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов тиісті жұмыстар нәтижесінде ашықтыққа ұмтылған кәсіпкерлер саны артқанын айтып, нәтижесінде бюджетке түсімдер көбейгеніне тоқталды. «Өздеріңізге белгілі, жыл басынан бері жан-жақты жұмыс жүргізу нәтижесінде Шымкент қаласының бөлшек салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. Оған қоса өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін қолдану жеңілдетілді. Сонымен қоса салық берешегін мәжбүрлеп өндіру барысына өзгеріс енгізілді», – деді Сапарбек Ешанқұлов. Қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов бөлшек салық мөшлермемесінің екі есеге төмендегені бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды. Айта кету керек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау қызметкерлерімен өткен жиында «Қылмыстардың негізгі себебі көбіне қоғамға жат әрекеттерден туындайды. Сондықтан заңды бұзуға бейім азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Сондай-ақ олардың қоғамдық тәртіпке қайшы істеріне түрткі болатын алғышарттарды түгел жою қажет. Бірақ бүгінде қылмыстың алдын алу шаралары тиімді жүргізіліп жатқан жоқ. Мұны мойындау керек. Сондықтан жүйені түбегейлі жаңарту қажет. Осы ретте қауіпті топтарға жататын азаматтардың басым бөлігі назардан тыс қалып қояды. Ал кейбір алдын алу шаралары шектеу-мәжбүрлеуден әрі аспайды. Мұндай жұмыстар жергілікті жерлерде жүйесіз жүргізіліп жатыр. Нақты үйлестіру тетіктері жоқ. Құқық бұзушылықтың алдын алу саласында бірыңғай заң әзірлейтін уақыт жетті. Заң жобасында профилактикадан өтетін азаматтар тізімін толықтай қайта қараған жөн. Жауапты органдардың құзыреттерін, үйлестіру тетіктерін, жеке профилактика құралдарын нақтылау қажет» деп атап өткен болатын. Бүгінде ел Президентінің тапсырмасы негізінде бірқатар маңызды шаралар атқарылып келе жатыр.

Айта кету керек, жуырда Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, Шымкент қалалық полиция департаменті жедел-криминалистикалық басқармасының қызметкерлері №89, 90 және 135 мектептерінің «Жас сақшы» сынып оқушыларына «Маман-криминалист» тақырыбында ашық сабақтар өткізді. Аталған іс-шара оқушылардың құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттыруға және криминалист мамандығы туралы білімдерін кеңейтуге бағытталған маңызды бастама болып табылады. Ашық сабақ барысында оқушыларға қылмыс орнынан дәлелдерді дұрыс жинау, зерттеу әдістері, және ғылыми құралдарды қолдану арқылы қылмыстарды ашу жолдары түсіндірілді. Мұндай шаралар болашақта құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге қызығушылық танытатын жас буынды дайындауға үлкен үлес қосады және олардың қылмыспен күресте құқықтық сауаттылығын арттырады.