БАСТЫ МАҚСАТ — СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ
Елдің ертең бүгінгі өскелең ұрпақтың қарым-қабілетіне байланысты. Егер жастар бәсекеге қабілетті, жан-жақты, білімді болса, мемлекеттің келешегі де кемел болады. Қала берді, қазіргі жастардың қоғамдағы мәселелерге көзқарасы да ертеңгі елдің даму бағдарына әсер етеді. Сондықтан елімізде әлеуметтің кеселдерге айналған түйткілді түйіндермен күрес ісі айрықша бақылауға алынып, тиісті шаралар көріліп келе жатыр. Оның қатарына салалардың дамуына тосқауыл болып жатқан жемқорлық мәселесін жатқыза аламыз. Жасыратыны жоқ, бүгінде аталған қылмыс түрімен күрес қаншалықты қарқынды жүргенімен, шығар нәтиже көңіл көншітпей келеді. Өйткені қазынаның қаржысын қара басының қамына жұмсап, мемлекеттік мүддені жеке адамға жығып беріп жатқандар әлі де көп. Мұны түбегейлі жою үшін қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру қажет. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Тарихи қалада соңғы жылдар ішінде аталған бағыттағы бастамалар қарқын алды десек, артық айтпаған болар едік. Осы орайда, жуырда еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласында маңызды жиын өткен болатын. Дәл осы ауқымды түйткілдер тарқатылған кездесуге тілшілеріміз барып, талқыланған тақырыптарды өз көзімен көріп қайтты. Осы орайда, аталған материалымызда сол қаузалған жайттар турасында тарқата баяндамақпыз…
Жалпы соңғы кездері еліміздегі білім саласында орын алып жатқан сыбайлас жемқорлық фактілері жарияланып жатқаны жасырын емес. Мұндай жағдайға жол бергендер тиісті деңгейде жазаланып жатқанынан да ел хабардар. Дегенмен, мақсат – жазалау емес, осындай фактілердің алдын ала отырып сыбайластықтан таза қоғам қалыптастыру екендігін ұйымдастырылып отырған жиналыс барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылары тағы бір рет жеткізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаменті басқарма басшысының орынбасары Әсілбек Сәбит Әсетұлы, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Таңғатаров Азамат Асылбекұлы және қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасовалардың қатысуымен өткен мәжіліс бюджет қаржысын игеру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және білім беру саласында сыбайлас жемқорлық жағдайлардың алдын алуға арналды. Мәжіліске білім мекемелерінің басшылары мен есепшілері қатысып, Оразкүл Шайхықызы жүргізіп мәжілістің мақсатын түсіндіріп өтті. Алдымен сөз алған Сәбит Әсетұлы бүгінге дейін облыс аумағында орын алып жатқан жағдайлар, олардың алдын алу бойынша баяндама жасап, білім мекемелерінің басшылары мен есепшілерін өз кәсібіне адал болуға, мемлекеттің өзіне жүктеген міндеттерін кәсіби жауапкершілікпен атқаруға шақырды. Сонымен қатар, Азамат Асылбекұлы да осы төңіректе әңгіме қозғап, басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өз кезегінде Оразкүл Шайхықызы мұндай басқосулардың маңыздылығын тағы бір рет ескерте отырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізген Сәбит Әсетұлы мен Азамат Асылбекұлына ризашылығын білдірді. Жалпы әрбір азамат заңға сәйкес өмір сүруі және жұмыс істеуі керек. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін өз құқықтарыңызды нақты білу, оларды қорғай білу, жеке, қоғамдық және кәсіби өмірде сыбайлас жемқорлық әдістерін қолданудан бас тартатын моральдық позицияға ие болу қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күрес ең алдымен, азаматтардың сыбайлас жемқорлық қатынастарға қатысқысы келмеуінен көрінуі керек. Сондай-ақ заңдағы қылмыс жолына түспеу үшін, сыбайлас жемқорлықпен қалай күресу керек екендігі туралы нақты түсінік болу керек. Сыбайлас жемқорлықтағы құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, алдын алу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне төзбеушілік — оны жоюға әкеледі. Сыбайлас жемқорлықпен күресу — біздің ортақ парызымыз.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр – ол басқа мәселе» деп атап өтті. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық ауқымдылығына ғана байланысты ерекшеленеді. Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Бұл бағытта бірқатар маңызды міндет атқарылған, атап айтқанда, Қазақстан халықаралық ГРЕКО ұйымына мүше болды, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған жағдайда оның басшысының қызметінен босатылуы заңмен бекітілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстары күшейтілді. «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр» деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңесте сөйлеген сөзінде. Осы орайда, бүгінде еліміздің барлық аумағында мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде бірқатар маңызды бағыттар бойынша кешенді шаралар жүзеге асып келе жатыр.