МЕКТЕП-ИНТЕРНАТТЫҢ ҚОСЫМША КОРПУСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Өскелең ұрпақтың өзекті мәселесін шешу – мемлекет алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан да елімізде орта білім мен мектепке дейінгі білімнің өзекті түйткілдерін тарқату бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Соңғы жылдары қаладағы мектептердегі орын тапшылығын жою мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптесік аясында бірқатар білім ордалары бой көтерді. Бұл ғана емес, тарихы тереңнен бастау алатын білім ордаларына күрделі жөндеу жұмыстарын жасау да назардан тыс қалмады. Сонымен бірге бірқатар білім ордаларының жанынан қосымша оқу корпустары бой көтерді. Мұның барлығы шаһар аумағындағы мектептерге түсетін жүктеменің азаюына себепші болды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырыпқа тұздық болар тағы бір жақсы жаңалықпен бөліспекпіз.
Шымкент қаласындағы «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатының» қосымша корпусы шамамен 1939 жылы пайдалануға берілген. Биыл сәуір айында тозығы жеткен ғимарат сүріліп, орнына жаңа білім ошағының құрылысы басталды. Қалалық құрылыс басқармасының тарапынан жүргізілген жұмыстың арқасында нысанның құрылыс-монтаждау жұмысы 6 айда толық аяқталып, пайдалануға берілуге дайын. Сондай-ақ, қазіргі таңда мемлекеттік қабылдау актісімен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа ғимарат екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатында медицина бөлмесі, оқу сыныптары, тәрбиешілер мен күзет қызметкерлерінің бөлмелері және кітапхана орналасқан. Ал, екінші қабатында жатақхана қарастырылған, мұнда 3-12 жас аралығындағы балалар оқу жылында тәулік бойы білім алады. Қазіргі уақытта 70 балаға лайықталған негізгі ғимаратта 89 бала білім алуда. Ал, жаңа корпус ашылғаннан кейін қосымша 40 балаға арналған орын пайдалануға берілетін болады. Жалпы орта білім саласындағы өзекті мәселелер мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында десек, артық айтпаған болар едік. Өйткені биылдың қыркүйек айында жариялаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел Президенті «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын. Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек. Сонымен бірге еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек. Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді. Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады» деп атап өткен еді. Демек барша жүзеге асып жатқан жұмыстардың бақылауда екеніне анық көз жеткізсек болады.
Айта кету керек, Шымкентте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бірнеше білім ордасы бой көтеріп жатыр. Осы орайда, ағымдағы жылы “Көрме” орталығында жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ғимараттарын жабдықтауға арналған жиһаздар көрмесі ұйымдастырылды. Олардың қатарында нарықта белгілі «Mega Smart», «Ақниет Holding», «Alem Luxury», «Шымснаб 13», «СК Аймақ», «Қыдырбаев», «Shymloft» фабрикаларының тауарлары бар. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жиһаз түрлерімен танысып, мектептерді жоба талаптарына сәйкес жабдықтау бойынша нақты тапсырмалар берді. “Өндіріс орындарының қуаттылығына қарай кәсіпкерлерге заң шеңберінде мүмкіндіктер беріледі. Тиісті талаптарды қатаң сақтап, ең бастысы жиһаздардың білім алушыларға қолайлы әрі сапалы болуын қадағалаңыздар. Білім нысандарының заманауи талаптарға сай жабдықталуын назарға алу қажет” – деді қала әкімі. Жиһаз өндірушілер өндірістік қуаттылықтары мен мүмкіндіктерін таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. Ғабит Әбдімәжитұлы жауаптыларға кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаулар аясында көмек көрсетуде бірқатар тапсырма жүктеді. Жалпы еліміз бойынша салынатын жаңа мектептер 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 немесе 2500 орынды деп белгіленген жеті түрдің біріне сай салынуы керек. Олардың әрқайсысында робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, аумағы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ, мұндай мектептерде бастауыш сыныптар мен орта буын, жоғары сынып оқушылары үшін бөлек-бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактив тақта және мұғалімге арналған компьютер қарастырылған.