ҚАЛА ӘКІМІ БІРНЕШЕ НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫС САПАСЫНА БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗДІ

213
0

Елімізде инженерлік инфрақұрылымды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Еліміздің аумағы үлкен болғандықтан, бір мезетте мәселенің бәрін шешу мүмкін емес. Дегенмен өңірлерде тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр. Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің әр аймағының тұрғындарының таза ауыз суға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес екені белгілі. Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет» деп атап өткен болатын. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Бүгінде үшінші мегаполисте инженерлік инфрақұрылыммен қамту ісі қарқын алған. Қала аумағындағы жолдарды жөндеу ісі де ілгерілеп келеді. Әрине, қала тұрғындарының саны жоғары қарқынмен артып келе жатқанын ескерсек, мұның тиімділігі жоғары. Ал атқарылып, жүзеге асып жатқан жұмыстар жайын қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы тексеріп, олқылықтар болса, орнын толтыруды тапсырма етіп жүктеп келеді. Осы орайда, жуырда шаһар басшысы бірнеше құрылысы жүріп жатқан нысандарға тарып, жұмыстарды өз көзімен көрген болатын. Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты кеңінен тарқатпақпыз…

Шымкент қаласының әкімі қаланы аралау барысында бірқатар маңызды нысандарды тексеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жаңа жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Әкімнің назарында жаңа гүлзарлардың құрылысы, көпқабатты үйлердің сапасы, коммуналдық инфрақұрылым және тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелер болды. Алдымен, шаһар басшысы «Нұрсат-2» шағынауданындағы демеушілер есебінен салынып жатқан жаңа гүлзардың құрылыс барысын тексерді. Жаңа демалыс орны қараша айының соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Мердігер ұйымға көгалдандыруға ерекше мән беріп, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз, қауіпсіз және ыңғайлы қозғалуына жағдай жасау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, Абай ауданының «Асар-2» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Құрылысшыларға сапа стандарттарын сақтау және тексерілген материалдарды қолдану туралы тапсырмалар берілді. Әкім қаладағы тұрғын үй құрылысының сапасын арттыруға ерекше көңіл бөліп, тұрғындарға сапалы әрі қолайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуді міндеттеді. Шаһар басшысы Тұран ауданындағы «Шымкент қаласының газотехникалық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болып, газбен қамтамасыз ету саласының мамандарымен кездесті. Бұл мекеме қала әкімінің тапсырмасы бойынша өткен жылы құрылып, халықтың газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз етуге бағытталған. Әкім газ шаруашылығында жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап ететінін, әрі бұл салада жоғары кәсібилік пен техникалық дағдылардың қажет екенін атап өтті. Ол алдағы жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, «Айқап» шағынауданында кәріз жүйесін жүргізу жұмыстарын қарап шықты. Мердігер ұйым өкілдеріне барлық жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау міндеті жүктелді. Әрі қарай, әкім «Көл» аумағын абаттандыру барысымен танысып, жауапты тұлғаларға спорт және ойын алаңдарын салу бойынша нақты тапсырмалар берді. Жаңа алаңдар қала тұрғындарына, әсіресе балалар мен ересектерге, спортпен шұғылданып, белсенді демалыс өткізуге мүмкіндік береді. Қала әкімі  Еңбекші ауданында «MDS DOORS» ЖШС-не барып, компанияның шығаратын өнімдері мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат алды. Кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасына шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау аясында компания өнімдерін өткізуге жәрдемдесуді тапсырды. Сонымен қатар, қалада Сырым батыр көшесімен қиылысатын Өтегенов көшесінде көлік қозғалысы ашылды. Бұл Бәйдібек би даңғылы бойындағы «Шымкент Сити», «Асар», «Асар-2» және «Бозарық» шағын аудандарына бағытталған көлік ағынын азайтуға мүмкіндік береді. Жолдың осы бөлігін тексеру барысында мердігер ұйымға аумақты бекітілген мерзімде абаттандыру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Айта кету керек, Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің мамандары баяндады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес, қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді. Өйткені, еліміздегі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткен. Кейбір электр, жылу станцияларының салынғанына 50-60 жылдан асып кеткен. Президент бұл мәселеге уақтылы назар аударып, тиісті жұмыс жүргізілмесе, еліміздің энергетикалық дағдарысқа тап болып, халықтың жарық пен жылусыз қалуы мүмкін екенін ескертті» делінген хабарламада. Жалпы энергетика министрлігі тарапынан жүргізілген сараптамаға сүйеніп айтар болсақ, еліміздегі 37 жылу-электр орталығының 19-ы қызыл аймаққа, 11-і сары аймаққа және 7-еуі жасыл аймаққа кірген. Бұл саралау станциялар мен ондағы жабдықтардың техникалық жағдайына қарай жүргізілген. Айта кетерлігі, 2020 жылмен салыстырғанда станцияны уақытша әкеп соқтыратын апаттық жағдайлардың саны 5 пайызға өскен. Еліміздегі кейбір жылу электр орталықтарының қызмет ету мерзімі 60 жылдан асады. Ал, станциялардың төрттен үш бөлігі жарты ғасырдан астам уақыттан бері жұмыс істеп тұр екен. Осы деректердің барлығы Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатының қаншалықты қажетті екенін көрсетіп тұр. Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы әкімдігінің  бірлескен бұйрықтарымен «3-Энергоорталық» АҚ-ның жылу энергиясын өндіру қызметіне  2022-2026 жылдарға арналған тарифтері мен тарифтік сметасы және инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Бұл инвестициялық бағдарламаға сәйкес, монополист компания негізгі құралдардың тозуын төмендету мақсатында 2023 жылға қосымша 55756,78 мың теңге көлемінде инвестициялық бағдарлама бекітілген. Жылу энергиясын өндіру қызметіне бекітілген инвестициялық бағдарлама негізгі құралдарды күрделі жөндеуге бағытталған іс-шараларды көздейді, бұл негізгі құралдардың тозуын 60,7 %-дан 57,7%-ға немесе 3,02%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен жылу энергиясының 2023 жылға орташа босату тарифі 5,03%-ға өсіре отырып, 4 785,74 теңге/Гкал болып белгіленген. Монополист компания өкілдерінің хабарлауынша, инвестициялық бағдарламаны іске асыру алдағы жылыту маусымында қаланы сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биылға 2 қазандық, 1 турбоагрегатты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болса, бүгінде 2 қазандықта жұмыстар толық аяқталған. Айта кетейік, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ының да инвестициялық бағдарламасы қабылдаған. Соған сәйкес, биыл 76,712 шақырым газ құбырын қайта жаңарту көзделген. Оның ішінде 30,389 шақырымы жер астымен жүргізілетін полиэтилен құбыры болса, қалған 46,322 шақырымы жер үстімен жүргізілетін болат құбырлар. Бүгінде полиэтилен құбырлардың 16,041 шақырымы, ал, болат құбырдың 27,139 шақырымы жүргізілген. Сонымен қатар газ қысымын төмендетуге арналған 167 газ реттеу пункттері орнатылады.