СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына тежеу болатын негізгі факторлардың бірі де бірегейі. Жасыратыны жоқ, бүгінде аталған мәселемен күрес шаралары қарқынды түрде қолға алынғанымен, әлі де өзекті мәселелер жеткілікті. Мұның баршасы құқықбұзушылық және қылмыс түрімен күресті бір сәтке болсын тоқтатпау керегін айғақтайды. Жүзеге асып жатқан жемісті жұмыстар бүгінде баршылық. Осының арқасында түрлі схемалармен мемлекеттің қаржысын қолды еткендердің талай ұсталып, темір торға тоғытылды. Ал олар жымқырған қаражат бюджетке қайтарылып жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Сонымен қатар елімізде заң талаптарын қатаңдату бойынша да бастама көтеріліп, жүзеге асты. Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге заң талаптарын тереңінен түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Қалың оқырманның жадында болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді. Фискалды реформа табысты болсын десек, салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электронды форматқа көшірген абзал. Бүкіл салық саясатын жиі өзгеріп жатқан фискалды ахуалға бейімдеу керек, соның ішінде салық мөлшерлемесін де қайта қараған жөн. Жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігі туындап отыр» деп атап өткен болатын. Осы орайда, жуырда үшінші мегаполисте ауқымды жиын өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйымдастырған оқыту семинары жергілікті комплаенс қызметкерлеріне арналды. Бұл семинар квазимемлекеттік сектордың комплаенс офицерлерінің қатысуымен өтті. Комплаенс қызметтері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйенің маңызды бөлігін құрайды, олардың міндеті – заң үстемдігін, өзара сенім мен ашықтықты қамтамасыз ету. Шымкент қаласы әкім аппараты басшысының орынбасары Бағлан Асанбаев бұл бағыттағы жұмыстарды атап өтіп, семинардың жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқанын айтты. Ол комплаенс офицерлерінің белсенді жұмысы жемқорлық фактілерін азайтуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Семинар барысында квазисектор саласында қоғаммен байланыс орнатудың тиімді коммуникация дағдылары мен жобалық менеджмент жүйесін енгізудің маңызы туралы тақырыптар талқыланды. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент филиалының доценті Сәуле Рысбаева коммуникация дағдыларының әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, қазіргі таңда ашықтық пен айқындық қағидаларының өзектілігін атап өтті.
Бұл біз сөз еткен салада ұйымдастырылып отырған алғашқы шара емес. Жуырда Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен ұйымдастырылған акция Еңбек мобильділігі орталығында өтті. Іс-шара барысында қала тұрғындары түрлі мәселелер бойынша тегін заңгерлік кеңес алды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтың жұмысына адвокаттар, заңгерлер, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілері қатысты. Тұрғындар денсаулық сақтау, тұрғын үй, жұмыспен қамту, көлік, салық қызметтері, жер қатынастары, мүгедектік алу, сондай-ақ қызметке орналасу бағыттарындағы сұрақтарымен жүгінді. Ресми өтініштер қабылданып, азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, тұрғындарға 1424 Call-орталығының тәулік бойы жұмыс істейтіні хабарланып, пара талап еткен жағдайда не істеу керектігі туралы брошюралар таратылды. Жалпы ағымдағы жылдың 9 айында Департаментпен қаланың 5 тұрғыны 8,8 млн теңгеге көтермеленді. Аталған тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы хабарлауынан кейін жемқорлықтың жолы кесіліп, сот үкімдері шыққан. Қағидаларға сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін адамдар үшін заңнамалық түрде біржолғы ақшалай сыйақылар қарастырылған. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды ашуға жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеу азаматтар хабарлаған адамдарға қатысты сот үкімі шығарылғаннан кейін жүргізіледі. Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпарат берушілердің толық құпиялылығын қамтамасыз етеді. Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы кез келген азамат Антикордың 1424 Call-орталығына хабарлай алады немесе жұмыс күндері сағат 9:00-ден 19:00 аралығында Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі, 3 мекенжайы бойынша Antikor Ortalygyна келе алады. Мегаполис тұрғындарын сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты қайда хабарлау туралы кеңінен хабарландыру мақсатында Департамент тарапынан қаланың түрлі орындарында сенім телефоны туралы жарық графика жұмыстары ұйымдастырылуда. Айта кету керек, активтерді қайтару жөніндегі жұмыс шеңберінде арнаулы мемлекеттік қор бүгінде 177 млрд теңгеден астам ақшалай қаражатпен толықтырылды, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті. Тізілім субъектілерімен жасалған келісімдердің нәтижелері бойынша шамамен 147 млрд теңге, процестік келісімдері бойынша 19 млрд теңге, активтерді өткізуден 6 млрд теңгеден астам, соттардың шешімдері бойынша шамамен 5 млрд теңге және жылжымайтын мүлікті жалға беруден 165 млн теңгеден астам қаражат түсті. Өткізілген активтердің ішінде екі вилла, әкімшілік ғимарат, тұрғын үй, пәтер, жер учаскесі және екі сәнді автокөлік бар. Активтерді табысты өткізудің бір мысалы болып Алматы қаласындағы жер учаскесі табылады, ол «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң субъектісінен 176 млн теңге бағамен қабылданып, 657 млн теңгеге, яғни бастапқы бағалау құнынан төрт есе артық сатылған. Сонымен қатар, тізілім субъектілерімен келісімдер бойынша арнаулы мемлекеттік қорды 150 млрд теңгеден астам сомаға ақшалай қаражатпен қосымша толықтыру күтілуде. Барлық қайтарылған ақша қаражаты елдің әлеуметтік және экономикалық жобаларын іске асыру үшін пайдаланылатын болады.