СПОРТ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫНА АЙРЫҚША КӨҢІЛ БӨЛІНІП ОТЫР

25
0

Спорт – елдің аты мен абыройын әлемдік деңгейде танытатын салалардың бірі. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар ішінде аталған саланы дамытуға басымдық берді. Осының арқасында спорт саласында еліміздің аты асқақтап, абыройы биік болып тұр. Жыл сайын бұл саланы дамытуға қыруар қаржы бөлінеді. Бұл ғана емес, ел ішінде түрлі сайыстар ұйымдастырылып, жас жұлдыздар анықталып та жатыр. Спорттық инфрақұрылымды дамыту ешқашан назардан тыс қалған емес. Күні бүгінде еліміздің бүкіл аумағында спорт нысандары салынып жатыр. Ескілері күрделі жөндеуден өтуде. Ал халықаралық байқаулар мен чемпионаттарда орын алып, елдің мерейін үстем еткендерге түрлі қолдау шаралары көрсетіліп келеді.

Саланы дамыту тетіктері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалған емес. Бұған дейін ел Президенті «Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыстарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдауға тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек. Өйткені кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн» деп атап өткен болатын. Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бірқатар маңызды бастамалар сәтті жүзеге асып келе жатыр. Жалпы спорт турасында сөз қозғалса, еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентті айналып өте алмасымыз анық. Бұл қала тәуелсіздік жылдары ішінде қаншама әлем чемпиондарын шығарды. Білікті бапкерлерімен аты шықты. Тіпті, қазіргі күннің өзінде шымкенттік спортшылар барған чемпионаттарынан жүлдесіз қайтқан емес десек, артық айтпаған болар едік. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жастар арасындағы дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегері Талғат Орынбасар мен оның жаттықтырушысы Самат Сапишевті қабылдады. Душанбеде өткен дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында біздің спортшымыз қола медальға ие болған еді.  Бұл Талғаттың жастар арасындағы әлемдік деңгейдегі үшінші медалі болып отыр. Кездесуде қала әкімі жергілікті спортшылардың жетістіктері қаламыздағы спортқа құмар жастар үшін де  өте маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ,  балаларды ерте жастан спортқа қызықтырып, жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулу қажеттігін айтқан қала басшысы,  «біз үшін өскелең ұрпақтың алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жетуге ұмтылуын қамтамасыз ететін сабақтастықты дамыту және сақтау маңызды»-деді.  Қазіргі таңда Шымкентте  барлық спорт түрі белсенді түрде дамып келеді. Тынымсыз жаттығулардың нәтижесінде спортшыларымыз жақсы жетістіктерге жетіп, Шымкенттің спорттық беделін арттыруда. «Алдағы уақытта өз тарапымыздан спортшыларымызды қолдауды жалғастыра отырып, бұқаралық спортпен айналысуға жағдай жасаймыз. Сонымен қатар қаланың спорттық инфрақұрылымын жақсартатын боламыз» деген қала әкімі жүлдегер мен оның жаттықтырушысын құттықтап, алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етті.

Жалпы Шымкент қаласында спорт саласын дамытуға айрықша маңыз беріледі. Бүгінде шаһардағы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 33 спорттық ұйым жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 1 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебі, 2 жоғары спорт шеберлігі мектебі, 1 олимпиада резервін даярлау орталығы, 2 кәсіби спорт клубы, 3 спорт клубы, 1 дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері, 1 спорт ғимараттар дирекциясы, 1 су-спорт кешені және 4 мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы спорт нысандары. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы баяндаған болатын. Басқарма басшысының айтуынша, аталған мекемелерде спорттың 74 түрі дамытылып, 18 490 спортшы мен штаттағы 912 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Қазір қаламызда 37 олимпиадалық, 28 олимпиадалық емес, 9 ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Бүгінде олимпиадалық спорт түрлері – 12481, қысқы спорт түрлері — 338, олимпиадалық емес спорт түрлері – 4008, ұлттық спорт түрлері – 1322, мүгедектігі бар спортышалар – 341 (пара-72, сурдо-153) спорт саласын дамытуға белсенді үлес қосып келеді. Ал жаттықтырушыларға келсек, олимпиадалық спорттан – 638, ұлттық спорттан – 69, олимпиадалық емес спорттан — 182, мүгедектігі бар – 23 жаттықтырушы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Шымкентте №12 мектетегі спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың қазан айына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Оған қоса №15 спорт мекептің спорт нысанының құрылысы ағымдағы жылдың сәуір айында басталды. Құрылыстың жалпы қаржысы 1,7 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер тарапынан Еңбекші ауданы Еламан тұрғын алабында «ЕЛАМАН» спорт кешені тұрғындарға (спорттың ойын, жекпе-жек түрлеріне арналған 3 спорт зал және 1 бассейні бар) пайдалануға берілді. Оған қосымша «SPORT LIFE» кіші футбол орталығының құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Алдағы уақытта, Тұран шағын ауданындағы 5 гектар жер телімінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Паралимпидалық, сурдолимпиалық спорт кешенінің» құрылысы 2025-2026 жылдар аралығында жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта, Тұран құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.