ҚАЛА ӘКІМІ АППАРАТ МӘЖІЛІСІН ӨТКІЗДІ
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бұқара мен биліктің арасын жақындатуды, халықтың билікке деген сенімін нығайтуды мақсат етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей бастамашы болған тұжырымдама аясында елімізде ауқымды жұмыстар жүзеге асып келе жатыр. Осы тұста айта кетерлігі, жалпы саяси һәм экономикалық реформаларды жүзеге асыруда жергілікті атқарушы билікке ауқымды жауапкершілік артылады. Өйткені бұқарамен тікелей жұмыс істеу дәл осы жергілікті әкімдіктерге жүктеліп отыр. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Әсіресе, соңғы жылдар ішінде қалада әлеуметтің мәселесін шешу мен қаланы дамыту ісінде ілгерілеушілік айқын байқалады. Мәселен, ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл ғана емес, бұқараның мәселесін шешу мақсатында қала әкімінің қоғамдық қабылдаулары өтіп жатыр. Оған қала әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен құқық қорғау қызметкерлері қатысып, әлеумет көтерген мәселелерді шешуге ықпал етіп келе жатыр. Бұл ғана емес, шаһар басшысы қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерге табан тіреп, әлеуметтің сұрақтарына да жауап беруде. Ал онда көтерілген мәселелер дер кезінде қолға алынып, шешімін тауып жатыр.
Осы орайда, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы М.Мықтыбеков балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыруды дамыту жоспарын баяндады. Өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін арттыру мақсатында спорттың 64 түрі бойынша 5-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер спорт секцияларында жаттығуда. Бұл бағытта 120 кәсіпкер іріктеуден өтіп, спорттың 18 түрінен 17 280 балаға ваучер берілді. Қала әкімі басқарма басшысына жобаны іске асыруда ашықтықты қамтамасыз етіп, қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалауды тапсырды. Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау иснпекциясы басшысының міндетін атқарушы Н. Жамашов 9 айда атқарылған жұмыстарды баяндады. Есепті кезеңде инспекцияға 12 768 электрондық өтініш келіп түсті. Олардың 7 640-і мақұлданған, 5 128 орындаудан бас тартылған. Бұл ретте қала басшысы жауаптыларға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойып, қызметтердің ашық көрсетілуін қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар жиында қала әкімінің жеке қабылдауында берілген тапсырмалардың орындалу сапасы мен қорытындысы талқыланды. Ғабит Әбдімәжитұлы өзекті мәселелерді оңтайлы шешіп, азаматтармен байланысты күшейтуді ескертті. «Әрбір уәденің жүгі бар. Сөзге берік болып, азаматтарға берілген уәделерді уақытында орындаңыздар. Халықтың сенімін жоғалтпай қашан да ашық болыңыздар. Тапсырмалардың нақты, мерзімінде орындалуы маңызды» деді қала әкімі. Сонымен қатар қала басшысы жауаптыларға жылу маусымы қарсаңында жұмыстарды ширатып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуді ескертті. Аппарат мәжілісінде өзге де қысқа дайындық шаралары мен жол құрылысындағы маңызды мәселелер пысықталды.
Айта кетейік, Ғабит Сыздықбеков шаһарға басшы болып келгелі ірі жобалар қолға алына бастады. Әрине, ол үшін шетелдік әрі отандық бизнес саласының өкілдерімен келіссөздер өтуі тиіс. Инвестициялық жайлы орта қалыптастыру қажет. Бұл тұрғыдан келген, үшінші мегаполистің мүмкіндігі мол. Қазіргі таңда қала аумағындағы арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалды аймақтарда көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Оның қатарында тың бастамалар да баршылық. Мәселен, түріктің «Alarko Holding» компаниясы алдағы уақытта қала аумағында 600 гектарды құрайтын жылыжай кешенін іске қосады. Бірінші кезең аяқталғанда 1700-ден астам адам дәл осы жылыжай арқылы жұмыспен қамтылса, жоба толық аяқталғаннан кейін жұмыс орны 5 мыңға дейін көбейеді. Инвестициялық жобаның құны — 650 млн АҚШ доллары. Бүгінде қала аумағындағы индустриалды аймақтарда Түркия, Өзбекстан, Оңтүстік Корея сынды елдерден келген инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 520 млн АҚШ долларына жуықтайтын жалпы 289 жоба жүзеге асып жатыр. Әрине, мұның баршасы болашақта жергілікті бюджеттің толуына ықпал етері анық. Қала берді, жаңа 8,5 мыңнан аса жұмыс орнының құрылуына да себеп болмақ. Қазіргі қала басшысының тағы бір ауыз толтырып айтар жетістігі – жемқорлықпен күрес. Бұған дейін шаһар басшысы мемлекеттің мүлкіне, бұқараның мүддесіне қарама-қарсы жұмыс істейтін шенеуніктерді аямайтынын аңғартқан. Бүгінде жалғанды жалпағынан басып, қара бастың қамын күйттегендердің бірқатары темір торға тоғытылды. Бұл ғана емес, тәуелсіздік жылдары ішінде сан түрлі жолмен жекенің меншігіне айналған нысандардың тарихы жіті қарала бастады. Олардың қатарына «Қиял әлемі» технопаркі, «Кең баба» саябағы, Мұз сарайы, қаладағы су тарту мен бұру жұмыстарына жауапты кәсіпорынды жатқызуға болады. Бұдан бөлек, сұрықсыз қалпымен қаланың көркіне нұқсан келтірген Фосфоршылар сарайы мен балалар темір жолы да жаңа кейіпке еніп келеді.