МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР КӘСІБІҢДІ ДАМЫТУҒА ТИІМДІ

70
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың жұмыссыздық мәселесіне айырықша тоқталған еді.
– Жоғары оқу орындарды бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы 50 пайыздан сәл ғана асады. Біздегі «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар – Ел тірегі», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалардың тиімділігін арттыру керек,- деген Президент. Осы орайда Абай ауданы жастар ресурстық орталығының қызметкерлері Қазығұрт шағын ауданына арнайы барып қайтты. Олар, жастардың жарқын болашаққа ұмтылуына, білім алуына және жұмыспен қамтамасыз етілуіне зор мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар жайында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орындары» мен мемлекет тарапынан берілетін гранттар жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынамалық парақшалар таратылды. Сонымен қатар, мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы жастар арасында сауалнама жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін жастар тұрғылықты мекен-жайы бойынша еңбек мобильділігі орталығына өтінішпен жүгінуі тиіс. Айта кету керек, жуырда Еңбекші ауданы жастар ресурстық орталығы қызметкерлері «Жастардан-жастарға ақпараттық керуен» жобасы аясында қаладан шалғай орналасқан «Тоғыс» елді мекені жастарына ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді. Олар ақпараттандыру барысында жұмыс іздеп жүрген жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бағдарламалары мен жастарға тиімді бағдарламалар жөнінде бағыт-бағдар берді. Оның ішінде әсіресе, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары және «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы бойынша толыққанды ақпараттар беріп, сұрақтарына жауап берді. “Жастар практикасына” соңғы 3 жылда жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарын бітірген, бірақ еңбек өтілі жоқ түлектер қатыса алады. Еңбек нарығында бос жұмыс орындарын іздеген кез-келген азамат «Электронды еңбек биржасына» жүгінуіне болады. Айта кетейік, үшінші мегаполисте жұмыс берушілер қала тұрғындарын «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары шеңберінде субсидияланатын жұмыс орындарына, әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға қабылдайды. Жұмысшылардың еңбек ақысы бағдарлама талаптарына қарай мемлекет есебінен толығымен немесе ішінара төленеді.