ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМҒА АЛПАУЫТ КОМПАНИЯ ӨКІЛДЕРІ ҚАТЫСЫП ЖАТЫР

Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумы басталды. Іс-шараға отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысып жатыр.

Ең алдымен халықаралық форумға келушілер назарына көрме ұсынылды. Онда инвесторларға Түркістан өңірінің қолөнері, туристік дестинациялары таныстырылып, таза табиғи ауыл шаруашылығы өнімдері көрсетілді. Сондай-ақ облыста жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар да таныстырылды.

Форум аясында «Түркістан – Ұлы Жібек жолындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталығы» тақырыбында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті.

Пленарлық отырыс барысында Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулының орынбасары Люй И сөз алып, халықаралық іс-шараның елдер арасындағы достықты нығайтудағы маңызы туралы айтты. Сонымен бірге спикерлер қатарында ҚР Ауыл шаурашылығы министрлігі мен кәсіпкерлік саласының өкілдері де болды.

Халықаралық форумның негізгі мақсаты – Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстыру және өңірдің шет елдермен экономикалық байланыстарын нығайту. Инвестиция тартып, өндіріс орындарын көбейту болып табылады.

Түркістан қаласында өтіп жатқан халықаралық инвестициялық форумға әлемнің алпауыт компания өкілдері де қатысуда. Форум аясында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы түрлі саладағы инвесторлармен келіссөз жүргізді.  Халықаралық инвестициялық форумға Қытай Халық Республикасынан 120 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысты.

Бүгінгі келіссөзге қатысқан инвесторлар қатарында лифт зауыты — Giant Intelligent Elevator Co, механика және электр құралдарын өндіретін — Sichuan Hongji Engineering Management Co компаниясы, жолдар, абаттандыру, сумен жабдықтау саласындағы құрылыс өнімдерін шығаратын — Hubei Xiaode Engineering Co және өзге де басқа компания өкілдері бар.

Келіссөздер аясында ынтымақтастық танытқан компаниялармен екі жақты меморандумға қол қойылды.

Жалпы осыған дейінгі ҚХР тарапынан Түркістан қаласының негізгі каптиталына тартылған инвестиция көлемі 78,2 млрд теңге болатын және 1910 жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 3 жоба іске асырылуда. Оның ішінде жүзеге асырылған — Golden Camel ЖШС бар.

Ал алдағы уақытта тартылатын инвестиция құны 141,5 млрд теңге болатын және 790 жаңа жұмыс орындарымен қамту мүмкіндігі бар 6 жоба іске асырылуы жоспарлануда.