АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Түркістан қаласында Алаш ардақтыларының мерейтойларына арналған тарихи-мәдени шара өтті. Биыл Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл, Нәзір Төреқұловтың туғанына 132 жыл, Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толып отыр. Осыған орай, ұйымдастырылған шара еліміздің тәуелсіздігі мен рухани дүниесіне, сондай-ақ Алаш арыстарының ерен ерліктеріне арналып, жастарға ұлттық тарихымыздың маңызды кезеңдерін насихаттау мақсатында өткізілді.
Шара барысында тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының құрметті азаматы Баян Садыққызы сөз сөйлеп, Алаш ардақтыларының өмірі мен қызметі туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, Алаш зиялыларының қазақ халқы үшін жасаған еңбектері мен олардың идеялары бүгінгі күнде де өзекті. Баян Садыққызының айтуынша, «Алаш» қозғалысының бастамалары қазіргі таңда еліміздің дамуына және демократиялық құндылықтардың қалыптасуына зор ықпал етіп келеді.
Нәзір Төреқұлов музейінің филиалының меңгерушісі Омар Абдуллаұлы да шарада сөз алып, Алаш қайраткерлерінің ерен ерліктеріне тоқталды. Ол Алаш идеясын жүзеге асыру жолында жанын салып қызмет еткен тұлғалардың тарихтағы орнын, олардың қазақ халқының рухани дамуына қосқан үлесін атап өтті. Алаш арыстарының идеалдары мен ұстанымдарының қазіргі уақытта да өзектілігіне назар аударды. Омар Абдуллаұлы, сондай-ақ, жастарды тарихи тұлғаларымыздың өмірінен үлгі алуға, олардың сіңірген еңбектерін ұмытпауға шақырды.
Шараның тағы бір маңызды бөлігі ретінде қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Серсенбаев сөз сөйледі. Ол ХХ ғасырдың шежіресінде Түркістан өлкесінің Алаш атын аспандатқан тұлғаларымен, төл перзенттерімен әйгілі екендігін мақтанышпен атап өтті. Ол Алаш қозғалысының қазақ тарихындағы маңызын, оның бүгінгі қоғамдағы рөлін кеңінен сипаттап, Алаш қайраткерлерінің ерен еңбектерін жастарға үлгі етті.
Сонымен қатар, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары Алаш арыстарын сомдап, тарихтан сыр шертетін әсерлі қойылым көрсетті. Бұл қойылымда өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, жыр шумақтарын оқыды, Алаш арыстарының өмірі мен қызметінен көріністерді жанды, әсерлі түрде жеткізді. Өнерпаздардың шеберлігі, олардың ел тарихын, мәдениетін насихаттаудағы рөлі көрермендердің қошеметіне ие болды.
Еліміздің тәуелсіздігіне, халқымыздың рухани дүниесіне қызмет еткен Алаш арыстарының тарихтағы орны биік екені сөзсіз. Бүгінгі Нәзір Төреқұлов, Нұртас Оңдасынов, Сұлтанбек Қожановқа арналған рухани кештен жастар тың мағлұмат алып, ұлт тарихы туралы тұшымды әңгіме тыңдады. Олардың арасында тарихқа, мәдениетке деген қызығушылықтың артуы, Алаш мұрасын зерделеу маңызды екенін түсінді.
Алаш ардақтыларын ұлықтау шарасы – біздің рухани байлығымызды, мәдени құндылықтарымызды сақтап қалу үшін жасалып жатқан ұмтылыс. Тарихтың тереңіне үңіліп, ұлттық болмысымызды тануға мүмкіндік береді. Жастардың Алаш зиялыларына деген құрметі мен ықыласы, олардың еліміздің болашағына деген жауапкершілігін арттыра түседі. Алаш қозғалысының идеяларын насихаттау, олардың тарихи рөлін тану – жастарымызды тәрбиелеуде, елдігімізді сақтауда маңызды қадам болып табылады.
Осылайша, Түркістандағы «Алаш ардақтылары» шарасы – ұлттық тарихымызды жаңғырту, Алаш идеясын насихаттау, жастарға патриоттық тәрбие берудің бір көрінісі. Алаш арыстарының есімі, олардың ерен еңбектері әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталатынына күмән жоқ.