ЕЛ ТҰТАСТЫҒЫ МЕН ЕРЛІК ЖОЛЫ

Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты №66 «Қазығұрт» жалпы орта білім беретін мектебінде оқушылар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу тақырыбында 10 минуттық шолу ұйымдастырылды. Қазіргі жаһандық қауіптер кезеңінде балалардың құқықтық мәдениетін арттыру, қоғамдағы тұрақтылықтың мәнін түсіндіру маңызды міндетке айналып отыр. Осы мақсатта өткен шарада оқушыларға бейбітшілік пен келісімнің құндылығы, заңға қайшы әрекеттердің қоғамға әрі жеке тұлғаға тигізер зияны жөнінде бейнеролик көрсетіліп, нақты мысалдар арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай ақпараттық-түсіндіру сабақтары балалардың саналы азамат ретінде қалыптасуына ықпал етеді және олардың қауіпті идеологиялардан бойын аулақ ұстауына көмектеседі.

Сол күні мектепте Кеңес Одағының Батыры, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл толуына арналған тағылымды тәрбие сағаты өтті. Батырдың өмір жолы – ел үшін ерлік жасаудың, ұлт үшін қызмет етудің жарқын үлгісі. Оқушылар Мәлік Ғабдуллиннің Ұлы Отан соғысындағы қаһармандығы, Панфилов дивизиясы құрамындағы ерлік ісі, қазақ әдебиетіне қосқан ғылыми және әдеби еңбектері туралы құнды деректермен танысты. Батырдың ел қорғаудағы табандылығы мен рухани мұрасы жас буын үшін патриоттық тәрбиенің бастауына айналды. Бұл іс-шаралар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі бағыттарымен терең үндеседі. Бағдарлама балаларды заңға құрметпен қарауға, қауіпсіздік мәдениетін сақтауға, ел тарихы мен тұлғаларына тағзым етуге тәрбиелеуді мақсат етеді. Экстремизмнің алдын алу тақырыбындағы түсіндіру жұмыстары оқушыларды жауапкершілікке, құқықтық сауаттылыққа жетелесе, Мәлік Ғабдуллин туралы сабақ олардың елжандылық сезімін күшейтіп, ұлттық мақтаныш рухын оятты.

Өскелең ұрпаққа бейбіт өмірдің қадірін ұғындыру, ел тыныштығы үшін әр азаматтың рөлі бар екенін сезіндіру – бүгінгі тәрбие ісінің басты міндеті. №66 «Қазығұрт» мектебінде өткізілген мазмұнды шаралар оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, тарихи тұлғалардан үлгі алуға және қоғамдағы орнықты даму қағидаларын терең түсінуге ықпал етті. Осындай тәрбиелік бағыттағы жұмыстар жас буынды адалдық пен жауапкершілікке бастай отырып, ел ертеңіне сенімді қадам жасайды. Бұл бағыттағы тәрбиелік мәні бар бастамалар мен шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.