ТҮРКІСТАНДА «БАБАЙ БАТЫР» КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Түркістан өңіріндегі мәдениет ошағы саналатын облыстық «Farab» кітапханасында тарихи маңызы бар «Бабай батыр» конференциясы өткізілді. Іс-шара тарих зерттеушісі, қарымды қаламгер, қырықтан аса кітаптың авторы Момбек Әбдіәкімұлының «Күн тұтылған мезет» кітабын таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Конференцияға облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев, өңірдегі ақсақалдар алқасының жетекшісі Әзіретбергенов Жарылқасын, облыстық мәслихатқа Сауран ауданынан сайланған халық қалаулысы Баймахан Сүлейменов және Сауран ауданы басшысының кеңесшісі Жұмадулла Мұхаммеджан қатысып, Бабай батыр жайындағы деректерді баяндады.

«Бабай батыр» конференциясының спикерлері тарихшы, профессор Тұрсын Хазіретәлі, тарихшы, академик Бақытжан Ахметбек, жазушы, тарихшы Баян Адырбекова, жазушы, журналист Шайхы-Асан Сарқұлов және кітап авторы Момбек Әбдіәкімұлы «Күн тұтылған мезет» кітабы жайлы және Бабай батыр жайлы қызықты ақпараттарды ортаға салды. Түстік қазақтарының 18-19 ғасырлардағы тарихы, тұрмыс-тіршілігі, саяси ахуалы әлі күнге дейін тиісті деңгейде жазылып, шынайы зерттелмей жүр дейді ғалымдар. Түбі тарихи ақиқатпен қабысқан осындай деректер кітапта көркем тілмен өрнектеліп жазылған. «Ташкент шаһары мен оның айналасындағы Алаш баласының екі-үш ғасыр бұрын тарихы зерттеушілер мен жазушылар назарынан тыс қалып келеді. Осы тарихи хикаят сол олқылықтың орнын толтыратын еңбек десек те болады» деп пікірлерін білдірді.
Конференцияға спикер ретінде профессор, тарих ғылымдарының докторы Хазіретәлі Тұрсын, ҚР «Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының» академигі, тарих ғылымдарының кандидаты Ахметбек Бақытжан, қаламгер, «Құрмет» орденінің иегері, «Түркістан қаласының Құрметті Азаматы», тарих ғылымдарының кандидаты Баян Адырбекова, журналист, жазушы, Қазақстан Журналистер Одағының өкілі Сарқұлов Шайхы-Асан және кітап авторы Момбек Әбдіәкімұлы қатысты. Спикерлер кітаптағы құнды деректер мен мазмұнды ойлар жайлы сөз қозғап, XVIII-XIX ғасырлардағы Оңтүстік өңірі қазақтарының өмірі, тыныс-тіршілігі мен саяси жағдайларының зерттелмегенін атап өтті. «Күн тұтылған мезет» кітабы осы кемшіліктің бір бөлігін толтыруға арналған.

Бұл кітап XVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың 60-70-ші жылдарына дейінгі Оңтүстік қазақтарының тарихына арналған. Тиісінше, осы аумақтағы ірі тарихи оқиғалар кезігеді. Абылай хан қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде қазақ жері саяси ыдыраңқылыққа түсті. Яғни орталық билік жоқ, әр жүз, әр тайпа бөлек-бөлек билік құрған. Кітаптың бірінші бөлімінде Төле би және оның айналасындағылар, Ташкент үшін болған шайқастар жазылған. Екінші бөлімі Қоқан хандығы билігінің кезеңін қамтиды. Жалпы, кітап авторы белгілі бір кезеңдегі қазақ тарихын түгендей алған. Сондай-ақ, туындыда Бабай батырдың тарихи тұлғасын танытып қана қоймай, онымен үзеңгілес, сапарлас, майдандас болған өзге де тұлғаларды қамтыған. Бұл жазушының ең ұтымды шешімі деп баға беремін деді, — ғалым Тұрсын Хазіретәлі.
Спикерлердің пікірінше, Бабай батыр мен оның тарихи тұлғасы, онымен үзеңгілес болған кейіпкерлер туралы ақпараттарды тарихи деректер мен әдеби шығармалардан келтірген жөн.

Базарбай Оспанов өзінің «Бабай батыр» дастанында батырды былайша суреттейді:

«Күн артынан күн өтіп,

Түн артынан түн өтіп,

Жер танабын қуырып,

Соңына шаңды суырып,

Келеді батыр гулетіп».

Бабай батыр – XVIII ғасырдың соңында Оңтүстік Қазақстан өңірінде Қоқан хандығының билігіне қарсы күрескен тұлға. Шаһарды басқарған Мошан есімді ұлық халықты түрлі әдіспен қинап, салықты көбейтіп, зорлық көрсеткен. Бабай батырдың түп атасы Нұрбай – сол жердегі алып азамат. Бабай батыр Нұрбайдың он баласының бірі.

Бабай батыр әмірден кек алу үшін Бұхараға барған. Ол сол уақытта Мошанның 500-ден аса әскері болғанын біледі. Бұхара билеушісі батырға әскер бермес бұрын балуандар жекпе-жегіне қосып жібереді. Бабай батыр жеңіске жетіп, оның күш-қайратына тәнті болған билеуші оған әскер мен қарақалпақ халқының Аманбай есімді батырын береді. Бабай батыр кейін әкесінің досы Бөрі батырдың ақыл-кеңесін тыңдап, қазіргі Түркістанды жау қолынан қайтарып алады. Сонымен қатар, Бабай батыр 19-шы ғасырдың орта тұсында Кенесары ханның жасағына қосылып, Ресеймен күрескен.

Бабай батырдың 5-6-шы ұрпағы әлі күнге дейін өмір сүріп жатыр. Оның басына тұрғызылған кесене өткен ғасырдың соңында батыр ұрпақтарының атсалысуымен тұрғызылды.