«Ақжолдықтар» Елбасы саясатын қолдайды

346
0

Ағымдағы жылдың 15 қаңтарында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» ҚДП фракциясының төрағасы Азат Перуашев Шымкентке келді. Алғашқы кездесуін партияның облыстық филиалының кеңсесінде өткізген ол жиналған партия активіне Елбасымыз Н. Назарбаевтың Жолдауы жөнінде жан-жақты айтып берді. Осы ретте А.Перуашев Елбасымыздың Жолдауымен біздің бірқатар көзқарастарымыздың үйлесетіндігін атап көрсетті. Мәселен, салық жүйесіндегі біздің айтып жүрген ойларымыз Жолдауда да көрініс тапқан. Еліміздің мүддесіне жұмыс істеуіміз керек. Бай мен кедей арасындағы алшақтықты жою жолдарын ұлт зиялылары да ойластырулары қажет. Демография мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Сондай-ақ, партия жетекшісі шығармашылық интелигенцияның жұмысына тоқталды.

Күн тәртібіндегі мәселені талқылауға «Ақ жол» ҚДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы А.Орман, ОҚОФ төрағасының орынбасары А.Қаражанов, ОҚОФ партиялық бақылау комиссиясының төрағасы О.Омаров, облыстық мәслихаттың депутаты Қ.Тұрлыбек, «ҚазБілімЖабдықтау» ЖШС директоры Ә.Сыздықов, «Су ресурстары маркетинг» ЖШС жауапты қызметкерлері Б. Құлбек, Б. Жолдаров қатысты. Олар Елбасының «Қазақстан — 2050» стратегиясын қызу қолдайтындықтарын, алда тұрған үлкен міндет дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін атсалысып, жұртты жұмылдыратындарын білдірді.
Азат Тұрлыбекұлы қойылған сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелерге қатысты өз ой-пікірін білдіріп, оны шешудің жолдарын айтты. Кездесуді қорытындылай келе, «Ақ жол» партиясының төрағасы осында көтерілген мәселелердің барлығын сараптап, тиісті шешімдер қабылдайтын боламыз деді. Партия жетекшісі қатысушылармен қуанышты жәйтті бөлісті. 2012 жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы үздік филиал деп танылған. Партия төрағасы арнайы дипломды филиал төрағасы Анарбек Орманға салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар партия белсендісі Мұса Пәтеевке «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Азат Перуашев Оңтүстік Қазақстан облысына келген сапары аясында Шымкенттегі метал құрастыру құрылыс зауытында жұмысшылармен кездесті. Зауыттың цехында өткен кездесуде халық қалаулысы қалаулысы Елбасының Қазақстан халқына арналған Жолдауын жан-жақты түсіндірді.
Ал зауыт қызметкерлері болса Елбасымыздың жасап отырған шынайы қамқорлығы үшін риза екендіктерін жеткізді. Жасампаздық жолындағы Жолдауды ықыласпен, зейін қоя оқып шыққандарын айтты.
Мұнда 800-ден астам адам еңбекпен қамтылған. 4 нысан бар. Негізінен, атом және мұнай саласына қажетті құрылыс бұйымдары шығарылады. Оның ішінде, мұнай айдау саласына үлкен көлемдегі құбырлар жасайды. Азат Тұрлыбекұлы еңбекшілердің ал-ахуалдарымен жіті танысып, зауыт цехтарын аралап көрді.

Өз тілшімізден.