МЫРЗАХМЕТОВТЕ НЕГЕ МАЗА ЖОҚ?

407
1

Оңтүстік Қазақстан облысын бақандай бес жыл басқарған Асқар Мырзахметов соңғы кезде мазасыз күй кешіп жүргенін ол айтпаса да, көпшілік сезіп жүргендей. Былай қарап тұрсаңыз, өкініш білдірердей өртеніп кеткен ештеңе жоқ сияқты. Алайда Асқар  Исабекұлын беймаза күйге түсірген басқа мәселе сияқты, ол не болуы мүмкін, жан-жақты талдау жасап көрелікші.

Мырзахметовтың мығым жүріс-тұрысы, сыпайы күлісі, көпшілікпен тіл табыса білер қасиеті өзіне жарасып-ақ тұрады. Әрекетіне де әзірше сын айта қою екіталай. Облысты басқарған бес жылдың жүзінде ол кісінің атқарған, ел игілігі үшін сіңірген еңбегі бар-ақ. Қазақта «түсі игіден түңілме» деген сөз бар. Асқар Исабекұлының көтерер жүгі ауыр екенін түсінеміз, қанша жерден қажып, шаршағанын білдіргісі келмесе де, жүзіне қарап түсіне қоямыз. Осындайда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаруы тиіс «команда» жұдырықтай жұмылып, әрекет етсе қанекей! Әйтсе де, «жетектегі тазы аң алмайтыны» секілді өзі жетектеп, сенім білдірген көптеген кадрлары Асқар мырзаны жерге ұрып кете беретіндіктері қызық. Кім біледі, қашан қызмет алғанша үлкен кісінің алдында уәдені үйіп-төгіп, тізгінді қолға алған соң, облыс басшысын «ойбайлатып» кететініне сенімді серіктері кінәлі ме, әлде кадр таңдауда жиі қателесетін өзі ме? Олай деуімізге себеп, не құдіреті барын кім білсін, ОҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына ешбір басшы құтаймай қойды. Қарап тұрсаңыз, Төрекелдиев, Ильясов, Әлтаев, Әбсаттаров басқарған осы басқарманың 2009 жылдан бері қарық қылғаны шамалы, қазіргі бесінші басшы алдынғы әріптестерінің әрекетін қайталай ма, әлде батылдау қадамға бара ма, оны уақыт көрсетеді. Мырзахметовтың сеніміне селкеу түсіргендердің қатарында облыстық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының бұрынғы басшылары мен білім басқармасына ойда-жоқта келіп қап, келуінен кетуі тез болған Туғанбаевты тағы қосып қоялық. Ал бүкіл республикаға Исмайловпен аты мен атағы шыққан облыс дәрігерлерінің «шуы» да Исабекұлына «минус» болғаны анық. Сарыағашқа да әкім тұрақтамады. Бұл ауданға Мырзахметов өзінің тұсында төртінші әкім Мақұлбаевты апарып отырғызғаны мұң екен, бүгінде оның да басынан «қиқу» кетпей тұр. Асқар Исабекұлын «күйдірген» тағы бір сала, ол құрылыс басқармасы. Бұл мекемеге де әр басшы келген сайын журналистер бір жырғап қалады. Жылға азық болуы да мүмкін. Өткен жылғы қақаған қыстағы су тасқыны темірландықтардың әлі күнге түсіне кіреді. Айдың күні аманында аудан орталығын суға алдырған Ордабасы ауданының сол кездегі әкімі Шоқан Кенжаев та Асқар мырзаға алғыс айта алмаған күйі атынан ауып түсті.Мақтаралға апарған Серік Тұрбековтің де соңғы кезде төбесінен бұлт үйіріліп жүргені тағы бар. Бүгінгі білім басқармасының бастығы Елшиева да Мырзахметовтың мазасын қашырған кадрдың бірі. Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Арман Жетпісбаевты орнынан жылжыту үшін де аз тер төкпеген облыс әкімін кейде аяп кетеміз. Сенімсіз кадрларымен алыса ма, әлде дүркін-дүркін облыс аумағында орын алып жатқан төтенше жағдайлармен күресе ме, жоқ елдің экономикасына бас қатыра ма, Мырзахметов қай жағына үлгеруі керек? Ең әрісі, еңбек демалысын да тиімді пайдалана алмаған оның иығындағы жүгін жеңілдетуі тиіс орынбасарлары шарасыз күй кешкеннен әріге бара алмастары тағы белгілі.
Оңтүстіктегі «кадр баранын» оңды-солды жазып жатқан жергілікті басылымдар аздай, енді Астанадан шығатын «Ұлт Times» пен «Дат» газеті де осы тақырыпты қаузапты. Төтенше жағдайдың алдын-алу, бетін қайтару, зардаптарын жою, «күйіп» тұрған кадр саясатынан да маңызды болып тұрғанда олардыкі «жығылған үстіне жұдырық» болғаны бар. Күні кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың басшылығымен облыстағы төтенше жағдайлардың алдын-алу мәселелері бойынша кеңейтілген жиын өтті. Атқарылған шараларға күнделікті сараптама жасап, тікелей бақылауды өз мойнына алатынын айтқан Исабекұлының айтсын-айтпасын, бізге мазасы жоқтай көрінеді. «Астанаға ат ауыстырады» деген сөз де желдей есіп тұр.