ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР СПОРТ ФЕСТИВАЛІ БОЛЫП ӨТТІ  

Мемлекет басшысы барлық азаматқа тең мүмкіндіктер беру арқылы Әділетті мемлекетті құратынымызды айтқан болатын. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті: «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлауалды бағдарламамда айттым. Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек», — деп нақты атап көрсетті.

«AMANAT» партиясы әлеуметтік әділдікті заң жүзінде бекітіп, іс жүзінде қалпына келтіруге кірісті. Қоғамның инклюзивті болуын қамтып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолайлы орта түзуде «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыруды қолға алды. Партияның осы жобасы аясында бүгін Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі болып өтті.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының бастамасымен ұйымдастырылып өткізілген фестивальге облыс әкімдігінің бірқатар басқармалары қолдау көрсетті. Фестивальдің ашылу салтанатында партия филиалы Әйелдер қанатының кеңесшісі, атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева, Түркістан облысы әкімнің орынбасары Ертай Алтаев сөз алып, белсенді өмір салтын ұстануға бекінген балақайларға берекелі жеңіс жолын тілеп, жарыстан үздік шығуларына тілектестіктерін жеткізді.

«Басты құндылығымыз – адам деп белгілеген қоғамымызда, балалар біздің басты байлығымыз. Бала жанын анадан артық кім ұғады? Облыстық партия филиалының Әйелдер қанатының бастамасымен өтіп жатқан фестивальге 100-ден астам ерекше күтімді қажет ететін балалар қатысуда. Біз осы іс-шараны өткізу арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіруді мақсат тұттық. Балалар арасында өзара бауырластықты, достықты, сыйластықты арттыруды көздедік. Жеткіншектеріміздің әлеуметтік белсенділігін қамтуды, өзіне деген сенімін нығайтуды, спортқа және физикалық жаттығуларға бейім боп өсуін көздедік. Бастамамызды өткізуге қолдау білдірген Түркістан облысы әкімінің орынбасарларына және олар жетекшілік ететін басқармалардың басшыларына, партия филиалы жанындағы отбасы және әлеуметтік қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің өкілдеріне, іс-шараның өтуіне ұйытқы болған білім, мәдениет және спорт ұйымдарының басшыларына, балаларының жетістіктеріне үлкен үміт артып келген ата-аналарға, мұғалімдерге, жаттықтырушыларға іс-шараны ұйымдастыру комитеті атынан алғысымды білдіремін», — деді Қалыйма Жантөреқызы.

Айта кету керек, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты, партия Орталық аппаратының Саяси жұмыс департаменті, партияның Саяси менеджмент академиясы, «Тең мүмкіндіктер әлемі» республикалық қоғамдық қоры әзірлеген фестиваль ережесі бойынша, оған қатысушылар 3 негізгі спорт алаңында өзара жарысқа түсті.

№1-ші алаң – «Бочча» деп аталып, боччадан инклюзиялық командалық жарыстар өтті. Бочча паралимпиадалық спорт түрлеріне жатады, оған қимыл-тірек аппаратының және менталдық бұзылыстары бар жас спортшылар қатысты.

№2-ші алаң – «Біз жеңімпаз боламыз!» деп аталып, оған қатысушылар арасында инклюзиялық командалық эстафетасы өтті. Эстафеталық жарыстар 4 кезеңді құрап, оған қатысушы балалар сызық бойынша жүгіру, шеңбер ішінен өтіп, қолына шеңбер ұстап жүгіру, доппен жүгіру, оны аяқпен домалату, кедергілерден жылдам өту тапсырмаларын орындады. № 3-ші алаң – «Жеңіл атлетика» деп аталып, команда ойыншылары 50, 100, 200 м қашықтыққа жүгіруден жарысты.

Жарысқа кіші санат бойынша: 3-5 сынып оқушылары; аға санат бойынша: 6-8 сынып оқушылары қатыстырылды.

Фестивальдің Түркістан облысында өтетін кезеңінде Түркістан, Кентау қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандарынан барлығы 10 команда қатысты. Жарысқа қатысушы әр ауданнан кіші және аға санат бойынша екі командадан қатыстырылды. Фестивальге қатысушылар мен стадионға жиналған көрермендер жарыс нәтижесін асыға күтті.

Жарысқа қазылық еткен төрешілердің шешімімен, бірінші, екінші және үшінші орындарға лайықты деп танылған жеңімпаз командаларға арнайы кубокты, жеңімпаздар медальдарын және дипломдарын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының кеңесшісі Қалыйма Жантөреева, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Мүслімова, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы отбасы және әлеуметтік қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Ғалымжан Елшібай, «Армандар орындалады» қайырымдылық жобасының үйлестірушісі Әсел Бимырзаева табыстады