ТҮРКІСТАНДЫҚ АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ – «JASTAR GENERATION – 2024» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР ЛАГЕРІНДЕ
Мемлекет басшысының ҚХА XXXIII сессиясында Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар жобаларын жан-жақты қолдау жайы айтылған болатын. Осы орайда, Президент тапсырмаларының шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты – «Ассамблея жастары» ұйымының бастамасымен Алматы қаласында «Jastar Generation – 2024» халықаралық жастар лагері басталды. йтулы шараға Түркістан облысынан «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облысы өкілдігінің белсенді мүшелері Розибаева Шахноза, Юлдашов Шокиржан және «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сарыағаш аудандық филиалының маманы Өмірбек Шохан қатысуда.
Үш күнге жалғасатын лагерь бағдарламасында жобалық менеджмент, мәдениетаралық коммуникациялар, эмоционалдық интеллект, медиа ілгерілету және басқа да дағдылар бойынша тренингтер, мастер кластар өткізу көзделген. Шара аясында Орталық Азия өңірінде қоғамдық дипломатия мен жастардың өзара ықпалдасуын дамыту мақсатында «Ассамблея жастары» РҚБ мен Орталық Азия елдері жастар бірлестіктерінің көшбасшыларының сындарлы ынтымақтастығын орнату жоспарлануда.
«Ассамблея жастарының» бірінші бағыты ‒ жастарды әлеуметтік қолдау, білімін арттыру, жұмысқа орналасуға көмектесу. Осы бағыт «жас жасты үйретеді» форматында іске асуда, яғни өңірлерде, әсіресе ауылдық жерлерде көшбасшылар жастармен кездесулер өткізеді. Табысты жастар өздерін мысалға келтіре отырып, жастар бағдарламаларын, жастарды мемлекеттік қолдау шараларын қалай пайдалану керектігін айтады. Бұның мультипликативтік әсері бар, өйткені белгілі бір жетістікке жеткен спикерлердің аудиториямен өзара іс-қимылы бір «кезекші» кездесумен шектеліп қалмайды. Сондай-ақ осындай жүздесулерді этностар жинақы тұратын елді мекендерде өткізу жоспарлануда.
Ассамблеяның жастар қанаты түрлі этностар өкілдерінің қатарынан белсенді, мақсатты, креативті жастарды біріктірген белсенді жастар ұйымдарының бірі болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпаққа бірнеше рет үндеу жолдап, оларды белсенді болуға, білім алып, рухани-адамгершілік құндылықтарды тануға шақырды. «Жастардың қатысуымен еліміз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту керек. Білімді әрі білікті өрендер ғана биік мақсатқа жете алады. Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты», – деп есептейді Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.