БАЛДЫРҒАНДАР ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІМЕН БІРГЕ РЕЙД ЖҮРГІЗДІ 

Түркістан қаласында көшелер мен қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп» және «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде. Аталмыш шараға «Жол патруль» ақпараттық-құқықтық қорғау порталының қызметкерлері қатысып, полиция қызметкерлерінің қалалық және облыс жолдарындағы жол қозғалысы тәртібін қадағалау жұмыстарын бақылап, баға берді.

Іс-шараның мақсаты – жол жарақаттануының алдын алу және жол қозғалысын қадағалау тиімділігін күшейту, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу болып табылады. Сондай-ақ, рейд барысында қала сыртындағы трассаларда жүк техникасы мен қалааралық тасымалдауды жүзеге асыратын көліктерге ерекше назар аударылды.

Бір аптаға жалғасқан іс-шара нәтижесінде көптеген жол жүрісі ережесін бұзу деректері анықталды. Оның ішінде 12 дерек қоғамдық көлік жүргізушілерімен орын алған. Сондай-ақ, жүздеген жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған, ал тоқсанға жуық бұзушы бағдаршамның тыйым салу белгісінен өтіп кеткен, екі жүзден аса көлік маневр жасау ережелерін бұзған. Сонымен қатар, көлік құралын тиісті құжаттарсыз басқарған жүзге тарта жүргізуші анықталды. Ал жаяу жүргінші жолдың белгіленбеген жерлерінен өткені үшін мыңға тарта қала тұрғынына ескерту жасалды.

— Жалпы, жол ережелерін сақтаудағы мәдениет жүргізушілер тарапынан біздің елдің барлық өңірінде әлі толық қалыптаспаған деп айтуға болады.  Мәселен,  қауіпсіздік белдігін тек полиция қызметкерлері бар посттарды көргенде тағып, болмаса тақпай жүре беруді айтсам болады. Бұл ең алдымен адамның өз өміріне деген жауапсыздығы. Дегенмен, Түркістандағы іс-шара кезінде жол ережелерін қатаң бұзушыларды, ішімдік ішіп көлік басқарушыларды байқамадық. Бұл да бір тәртіптің тұрақты қадағалауда болуының нәтижесі деп білемін. Сондай-ақ, маған тағы ұнағаны – жүргізушілердің өзара сыйластығы, отбасылық тәрбиенің мықтылығы, түсіністігі, — дейді Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары Ерлан Асқаров.

Жалпы жол көлік оқиғалары барысында полецейлер көбіне жолаушы тасымалымен айналысатын «Альфардтар» жол ережесін жиі бұзатындығын айтуда. Жуырда осы маркалы көлік Жамбыл облысында екі полицейдің өліміне себепші болған еді. Түркістан қаласы мен Түркістан облысында да осы автокөлік құралдарының жүргізушілерін тексеру рейд барысында жүргізілді. Дегенмен, полиция қызметкерлерімен тұрақты түрде жүргізілетін жеке тасымалдаушылар жасаған бұзушылықтарды анықтау және алдын алу бойынша іс-шараларға қарамастан, олар жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп, жол ережелерін бұзуды жалғастыруда.

«Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін «Toyota Alphard» маркалы автокөліктерді тоқтатты. Олардың арасында қозғалыс жылдамдығының жоғарылауы, көру қабілетіне кедергі келтіретін алдыңғы әйнектегі сынықтар, қарсы машиналарға әсер ететін жарықдиодты шамдар және басқалар болды. Сондай — ақ, екі «Alphard» жүргізушісі қарсы жолаққа шықсы, тағы екеуі жүргізуші куәлігінсіз көлікті басқарған. Барлық жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің тиісті баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Құқық бұзушылардың көп бөлігі транзитпен өтетін көрші облыстардың тұрғындары.

— Біз күн сайын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Көбінесе жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын, жол-көлік оқиғаларына себепші ретінде «Toyota Alphard» маркалы автокөліктердің жүргізушілері тіркеледі. Мысал ретінде жақында Жамбыл облысында «Alphard» жүргізушісінің қарсы жолаққа шығып, патрульдік полицияның көлігімен соқтығысқан оқиғасын айтуға болады. Нәтижесінде 6 адам қаза тапты, оның ішінде полицейлер де бар. Жүргізушілерге жүгінсек, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау ғана қайғылы оқиғаларды алдын алуға мүмкіндік беретінін еске салғым келеді, өйткені жол қателіктерді кешірмейді, — деді Ерлан Асқаров.

Бір атап өтерлігі, Түркістан қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері балаларды қатыстыра отырып, «Қауіпсіз жол» жеделпрофилактикалық іс шарасын балдырғандармен бірге өткізді. Бұл полицейлер мен жүргізушілер арасында ерекше әсер қалдырды.

Өйткені тәртіп сақшылары өздерінің кішкентай достарымен бірге жүргізушілерді тоқтатты. Көлік иелеріне мерекелік көңіл-күй мен тәтті шоколад тарту етті. Әдетте жүргізушілерге ескерту жасап, әкімшілік хаттама толтыратын полицейлер, бұл сәтте жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау қажеттігін айтып, мерекені ұлықтады.

Ал әрбір көлік тізгіндеген жүргізуші үшін бұл күтпеген тосынсый болды. Олар игі іске ат салысқан балалар мен полицейлердің әрекеттеріне таңданыстарын жасырмай, алғыстарын білдірді.

Полицейлердің бұл бастамасын әрбір жүргізуші құптап, жол ережелерін бұзбауға және көлік тізгінінде мұқият болуға уәде берді.