ҚОШ БОЛ, ЗАҢҒАР ТҰЛҒА: ТҮРКІСТАНДА МҰХТАР ШАХАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН КЕШ ӨТТІ

Келместің кемесі тағы бір алыпты арғы жағалауға алып кетті. Қазақ поэзиясының падишасы, ұлттың ұяты мен айбары болған Мұхтар Шаханов бақилыққа аттанды. Түркістан қаласында көрнекті ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановты еске алуға арналған тағылымды кеш өтті. Іс-шара 23 сәуір — Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылды. Жиынға зиялы қауым өкілдері, жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Кеш барысында ақынның «Сана биігіндегі» асқақ тұлғасы, Желтоқсан шындығын шырылдап айтқан ерлігі мен қазақ тілі үшін жан алысып, жан беріскен күрескерлігі кеңінен насихатталды. Жиналғандар ақынның отты жырларын оқып, оның қайсар мінезі мен биік болмысын тебірене еске алды.

Айта кетейік, ұлттың біртуар ұлы Мұхтар Шаханов кеше ғана Отырар ауданының топырағына жерленді. Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған тұлғаның есімі енді тарих беттерінде алтын әріппен жазылмақ. Ол өзінің соңғы деміне дейін ұлттық құндылықтар мен елдік мүдденің күзетінде тұрды.