СӘЛЕМ — СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ…

480
0

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Баршаңызға Алланың есендігі,  тыныштығы, берекесі мен рахметі болсын. Осы бір қымбат сәлеммен келетін бірлік пен тыныштық, ырыс пен берекеттен артық адамзатқа не қажет? Аспан көгіміз ашық, көрікті еліміздің шаңырағы биік, тату да тәтті дүние кешу баршамызға парыз. Дініміз болса, рахым мен мейірім, сыпайы да көркем, өте әдемі. Сондықтан, осы бір қасиетті сөзбен таңымызды атырған жақсы. Сәлем – дүние мен дүниені кезіктіретін, жан мен жанды түйістіретін, араздасқанды татуластырып, ағайынды жақындастыратын көпір. Тіпті, тірілердің марқұмдарға, ал о дүниелік аруақтардың тіріге деген сәлемі де осындай болмақ. Бұл сауапты амал жадымызға ертедегі ата тәрбиесімен ұялаған. Есімде, бөтен үйге атам «Ассалаумағалейкүм!» деп, кеудесіне қолын қоя құрметпен иіле, зор дауысымен қаймықпай енетін.  Сонда «Уалейкүмәссалам» деп, арғы жақтан үй егесі шығатын. «Әй, балам, сенде амандас атаңмен» дегенде ғана барып, қолды созып, тілді бұрмалайтынбыз. Оны қызық көре «Қайталап айтшы» деп, тұрып алатын. «Қой енді, баламен бала болмай» дегенде барып, «Таудай жігіт бол!» деп, маңдайдан сипайтын. Сол сәтте «Мен таудай болсам, бәрінен де биік боламын ба?» деген балдаурен қиялға берілетінбіз. Әрі қарай мал – жан, амандық – саулық сұрасқан аталар көкейдегі күйбең тіршілікті қуаласқан күйде шай ішуге, жантая жайлы әңгімеге ұласатын. Міне, қасиетті сөзден өрбіген жүздесу кездесуге ұласып, нағыз өмір басталатын. Төркінін тереңдеген бабамыз: «Сәлем – сөздің атасы» деп, бір ауыз сөзге түйіндеген. Сәлем – жақсы сезім, ақ ниет, ізгі тілек! Иісі мұсылманның «Ассаламуалейкум!» немесе «Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ!» деп, бір – біріне үш реттен төс қағыстыруы жаны мен тәнінің амандығы, саулық тілегі, Жаратушыдан жақсылық пен тыныштық сұрауы. Ол – пейіл. Сондықтан амандасу – бір – бірімізге деген үлкен құрмет, асқан мейірім, ыстық сүйіспеншілік. Бүгінгі «Сәлеметсіз бе» деген шолақ сәлемімізді дәстүрімізге лайықталған сәлемге бұрғанымыз жөн. Себебі, бұл ұлағатты сөз о дүниеде «Жәннетке» енуімізге септігін тигізеді. «Сендер иман келтірмейінше, Жұмаққа кіре алмайсыңдар, бір — біріңді сүймейінше, иман келтірмейсіңдер. Сендерге бір нәрсе нұсқайын, соны істесеңдер, бір – біріңді сүйесіңдер, «Сәлем» сөзін өзара жариялап таратыңдар!» деген хадис бар. Бұл шынайы бақыт пен тыныштық көрінісін «Егер де сендермен амандасса, сендер одан да жақсы немесе солайша қайтарыңдар» немесе «Е, балақай (хз.Әннәс (р.ғ.) үйге кіргенде, ата – анаңа сәлем айтып кір, сенің сәлем беруің ол үйге береке болады» деген сынды хадистер жалғастырады. Дініміз бұл құбылысқа ерекше мән берген. Сәлемге жақсы леппен сәлем қайтару – мұсылманның негізгі әдебінен. Ал, өзіңе бағытталған сәлемді дәл солайша қайтару – негізгі міндетінен. Бірде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың жанынан өткен бір адам «Ассаламуалейкум» деп, амандасады.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Он сауап» дейді. Тағы бір адам өтіп бара жатып «Ассаламуалейкум уа рахматулла» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Жиырма сауап» дейді. Үшінші бір адам «Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уа барактуһ» деген амандық жолдайды. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Отыз сауап» деген екен. Мінекей, сәлем бергенге де сауап бар. Бұл ардақты (с.ғ.с.) пайғамбарымыздан ғана келе жатқан ғажап үрдіс. Әуелгі пайғамбарлар заманында да сәлемдесу болған. Алайда, ол басқаша болатын. «Салям» сөзі Алланың адамдарға белгілі 99 есімінен алынған. Сондықтан, саулық тілеген сәлемімізде бір – бірімізге Жаратқанның есімін айтқанымыз.
Сәлем берудің өзіндік жөндері мен әдептері бар. Бөтен үйге кірген сәтте, үй иелеріне сәлем беру міндет. Үй ішінде ешбір жан болмаса да, кірген сәтте дауыстап сәлем берген жөн. Бұл (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың ісі яғни сүннеті. Аз дегенде сол сәлемі өзіне амандық тілегені. Тіпті, сол сәлемге үй періштелері жауап қайыратындығы да жазылған. Қоштасар сәтте де осы мұсылман сәлемін қолдануға болады. Тіптен, бейтаныс мұсылманға сәлем жолдау – әдеп әрі мәдениет. Бұған қоса, өзге дін өкілдері мұсылман әдебімен сәлем жолдаса, оған жауап беру қажет. Бір адам Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) «Қандай ислам қайырлы?» деп, сұрапты. Сонда «Қонақ пен кедейлерді тамақтандыру, таныс және бейтаныс адамға сәлем жолдау» — дегені бар.
Көпшілік жерге барғанда не болмаса бөтен адамға сәлем бермеу яғни амандаспау – әдепсіздік. Егер, еститін қашықтықта адаммен дауыстап амандасу немесе сәлемді естімей қалған күнде ол кісіге үш мәрте сәлемді дауыстаған абзалырақ. Тіпті,  бір себептермен дауыс көтере амандасу қиындық туғызса, онда қол көтеріп не болмаса бас изей ишарат білдіре амандасқан жөн. Соның өзінде сәлем тілменен айтылған жақсы. Жасы кіші адам үлкен кісімен бірінші амандасу – әдеп. Өйткені, ол – ізеттілік.  Ал, қарапайымдылық танытқан адам жасы кішілерге бірінші сәлем жолдаса – үлкен әдеп. Әрине, бұл да (с.ғ.с.) пайғамбарымыздан қалған үлгі. Кейбір сәттерде, жасы кішілерді бала – шаға ретінде көріп, көңіл бөлмейміз. Тегінде, олар еліміздің келешегі, өзіміздің ұрпағымыз. Кішкентай балалармен амандасу –  зор тәрбие әрі болашаққа деген сәлем! Ал, көліктегі кісі, жаяу жүргінші кісімен бірінші амандасуы немесе жаяу жүргінші жолында отырған кісіге бірінші амандасу да үлкен әдеп. Көпшілікке сәлем беру – әдеп пен міндет әрі жөн. Басқа дін өкілдерімен амандасу әдебінде  жалпы қолданыстағы сәлемдесу жолдарымен амандасуға болады. Жаратқан Алланың Өзі қияметте пенделерін сәлеммен қарсы алады екен…
Сондықтан, Ұлы Жаратушымыз Алла тағала елімізді сәлемі түзу, салиқалы етіп, басшыларымыздың бұқараға сәлемі, халқымыздың Құдайға сәлемі, бай – қуаттыларымыздың жоқ – жітікке сәлемі болсын деп тілейік!

Нұрлан АСАНОВ,
Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің бас имамы.