Ордабасының айы оңынан туып келеді

393
0

Бүгіндері тәуелсіздігіміз тұғырлана түсіп, елдік еңсеміздің асқақтай беруі бағытында ордабасылықтар да биік межелерді бағындыруда. Біздің бұл сөзімізге Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан кентінің кейінгі бірер жыл көлемінің өзінде-ақ кісі танымастай өзгеруі де айқын мысал бола алады. Мұнда бүгіндері әсем ғимараттар, үйлесімі жарасқан инфроқұрылымдар бой түзеген. Аудан орталығының бүгінгі келбеті міне осындай!

Ал енді аудан халқының әлеуметтік хал-ахуалы мен тұрмыс жағдайлары, бағындырған биіктері, қол жеткізген жетістіктері қай деңгейде екендігіне аудан әкімі Данияр Тілеубергеновтің есептік баяндамасын тыңдау барысында қаныға түстік. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген емес пе, есептік мерзім ішінде атқарылған істер көңілімізді тоғайтты. Осы орайда мына бір жайтқа тоқтала кеткіміз келіп отыр. Қай мемлекеттің болмасын аяқтан нық тұруы, оның әлеуметтік-экономикалық саласының қарыштап дамуына байланысты екендігі көзі ашық, көкірегі ояу әрбірімізге белгілі болса керек. Бұл тұрғыдан келгенде Аллаға шүкір делік, еліміз Грекияның күйін кешіп отырған жоқ. Біздің бұл пікірімізге Елбасының күні кешегі Жолдауының әрбір жолдары да куә бола алады деп білеміз. Ал енді осынау сөз болып отырған саланың аяқ алысы ауданда қай деңгейде? Енді соған аз-кем тоқтала кетелік. 2012 жылы өндірілген ішкі аймақтың өнім көлемі 33 млрд.113 млн. теңге болып, 2011 жылмен салыстырғанда 19,1 пайызға артып, жергілікті бюджетке түскен салық түсімі 244 млн. 009 мың теңгеге көбейген. Есептік баяндамадан келтіріліп отырған бұл көрсеткіш ордабасылықтардың уақыт үдесінен шығып отырғанын танытады деп білеміз. Осылайша келешекке нық қадам басып отырған олар алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра береді деп сенеміз.
Елбасымыз күні кеше ғана жария еткен дәстүрлі Жолдауында: «Қазақстан келешекте дамыған 30 елдің қатарына кіреді»-деп нық сеніммен атап өткені баршамызға мәлім. Ұлт көшбасшысы айқындап берген осынау межеге қол жеткізуіміз үшін өнеркәсіп саласын заманауи бағытта өркендете түскеніміз ләзім болмақ. Бұл орайда осынау сала бойынша Ордабасы ауданында қандай шаралар атқарылды. Енді соған тоқталық.
«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорындардың инфроқұрылымын дамыту мақсатында «Строй Юг Групп» ЖШС-імен келісімшарт түзу негізінде құны 171 млн теңгеге бағаланған жоба жүзеге асып, электр желілері тартылған. Сонымен қатар, қыш өндіретін «Рауан-7» ЖШС-іне заманауи құрал-жабдықтар мен қажетті автотехникалар сатып алынған. Жобаның құны 65,6 млн теңгеге бағаланған. Аталмыш бағдарламаның кәсіпкерлікті дамыту бағытын жүзеге асыру үшін 109,2 млн теңгеге 53 жоба қаржыландырылып, 114 жұмыс орны ашылған. Аудан көлеміндегі кәсіпкерлер 2012 жылдың есебінен қаржы-несие ұйымдары арқылы 1млрд. 502 млн теңге қаржы алып, 2011 жылмен салыстырғанда оның көлемі 130,6 пайызды құрап отыр. «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Ырыс» шағын несие ұйымы арқылы 67 млн 400 мың теңгеге 11 жоба қаржыландырылып, 24 жұмыс орны ашылған. Ауданда индустриялық аймақ құру мақсатында Шұбар ауылдық округі аймағынан 98 га жер телімі белгіленіп, құжаттары әзірлену үстінде екен.Тауарлардың шығу тегін көрсететін «СТ-KZ» сертификатын (қазақстандық мазмұн) иеленген кәсіпорындар саны 7 бірлікті құрап, оларға 9 сертификат берілген. Олардың саны арғы жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артқан.
Есептік кезеңде өнеркәсіп саласы бойынша Ордабасы ауданы осындай көрсеткіштерге қол жеткізген. Осылайша, жалпы өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 млрд. 772 млн. 241 мың теңгені құрап, 2011 жылмен салыстырғанда нақты көлемі  104,1 пайызға артқан.
Нарықтық қатынастың бір саласы болып табылатын кәсіпкерлік ауданда қалай қанат жайған? Енді соған тоқтала кетелік. 2012 жылы шағын және орта бизнес субьектілерімен өндірілген өнім (жұмыс, қызмет түрі) көлемі 26 млрд. 467,8 млн теңгені құрап, бұл көрсеткіште де өрлеу барын байқаймыз. Алға тартып отырған мысалымыз ордабасылықтардың уақыт талабына іспен жауап беріп жатқанын аңғартқандай.
Есептік баяндамада жыл өткен сайын қанатын кең жая түскен ауыл шаруашылығы саласындағы жарқын жетістіктер де кеңінен қамтылыпты. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында 16 млрд. 935 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлемі  108,6 пайызды құраған. (мұның ішінде мал шаруашылығы бойынша 8 млрд. 641 млн. 100 мың теңге, ал егін шаруашылығы бойынша 7 млрд. 290 млн. 100 мың теңгенің өнімі өндірілді). Есептік кезеңде ауданда 520 ұсақ шаруашылық іріленіп, тапсырма 94,5 пайызға орындалған. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында 13 га жерге жылыжай құрылысын салу қолға алынып, ол 13,68 га жерді қамтыған, 840 гектарға тамшылатып суару әдісін енгізу тапсырмасы нақты 493 гектарды қамтып, ол 59 пайызға орындалған. (іске асырылғаны 347 га)
Ал ағымдағы жылы Қажымұқан ауыл округіндегі «АгроКонцерн» ЖШС-інде 300 га жерге егілген көп жылдық алма ағаштары тамшылатып суару әдісіне көшіріліпті. Сонымен қатар, Төрткөл ауыл округінен «Хлопкопром» ЖШС-і 500 гектер жерге жаңбырлатып суару әдісін ендіре отырып, мақта егуді қолға алмақ. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту ісі бойынша 27 техника алынып, тапсырма 100 пайызға орындалған. Есептік баяндаманы тыңдау барысында қай салада болмасын, оң өзгерістер барын аңғардық. Ал аудан халқының алдына қойылып отырған міндеттер бүгінгіден де ауқымды екендігі аталмыш баяндамада жан-жақты көрініс тапқан.
Бұл орайда аудан әкімі Д.Тілеубергенов былай деді: «Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында 2013 жылы аудан көлемінде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында жаңа өндіріс орындарын ашу жолға қойылмақ. Сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдерін тереңдетіп өңдейтін кәсіпорындар ашу есебінен жұмыссыздық мәселесін шешуді де көздеп отырмыз.Осылай ету арқылы жергілікті бюджетке түсетін салық мөлшерін де арттырмақпыз. Осы мәселелермен қатар, әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын жетілдіруді де басты назарда ұстамақпыз. «Теңіздің дәмі тамшыдан» дегендейін, аудан басшысының ортаға салған осынау ойы ордабасылықтардың алдағы уақыттағы қол жеткізер табыстары сүбелі болатындығына сендіре түседі. «Мәселен, 2013 жылға аудан бюджеті, оның ішінде кірістер бойынша 5 млрд. 823 млн. 825 мың теңге,салықтық түсімдер 559 млн. 312 мың теңге трансферттер түсімдері 5 млрд. 249 млн. 977 мың теңге, бюжеттік кредиттер өтеу бойынша 11 млн. 536 мың теңге, жергілікті атқарушы орган резерві 10 млн. 611 мың теңге, шығындар 5 млрд. 8823 млн. 825 мың теңге, оның ішінде еңбекақы және әлеуметтік аударымдар 2млрд. 673 млн. 312 мың теңге көлемінде жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 88 млн. 994 мың теңге, ал «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 218 млн. 308 мың теңге республикалық бюджетке ұсынылмақ.
Ордабасылықтар өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы мен ветеринария салалары бойынша алдағы уақытта ауқымды істерді жүзеге асыруды мерейлі меже етіп отыр. Айта кетер болсақ, үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберіңде индустрияландыру картасына сәйкес жоба 6128,7 млн теңгеге мақұлданып, іске асыру жоспарлануда.
Құрылыс, сәулет және коммуналдық салалар бойынша да ауданда ілкімді істер қолға алынбақ. Мәселен, облыстық бюджеттен Темірлан елдімекеніне 120 орындық балабақша салуға 195 млн.815 теңге, «Төреарық» мектебі құрылысына 34 млн.160 мың теңге, «Ықыластемір» мектебіне 34 млн 160 мың теңге, «Тоқсансай» мектебінің құрылыстарын аяқтауға 9 млн. 318 мың теңге қаралып отыр.
Көктөбе елдімекенінде 73 млн. 869 мың теңгеге ауылдық дәрігерлік емхана, Мақташы елдімекенінде 34 млн.450 мың теңгеге, Тоқсансай елдімекені 34 млн.760 мың теңгеге, «Ақбұлақ» елдімекенінде 41 млн теңгеге, Көкбұлақ елді мекенінде 38 млн теңгеге фельдшерлік-акушерлік бекет салынбақ. Сонымен қатар, 2013 жылы ауданнан 14 коммуналдық тұрғын үй құрылысын салу жоспарлануда. 14 коммуналдық тұрғын үйдің ЖСҚ-сын аяқтап, мемлекеттік сараптамалауға 6 млн.300 мың теңге және инженерлік жүйелермен қамтамасыз ету үшін ЖСҚ-сын аяқтап, мемлекеттік сараптама қорытындысын алуға 4 млн. 200 мың теңге қаралып отыр. Ауылдық елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеуге, атап айтқанда, Амангелді, Ынталы, Көктөбе, Дербес, Машыр, Алтынтөбе, Көкбұлақ, Ордабасы, Бөген, Жамбыл, Қайнар, Ұялыжар, Жеңіс ауылдарының бас жоспарларын әзірлеуге 42 млн. 240 мың теңге қаралып отыр. Құт-берекесін ала келген ағымдағы жылда Ордабасы ауданында осындай айтулы істер қолға алынбақ.

Бекен ҚОЖАМҚҰЛОВ.