ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Қоғамның тұрақты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруда олардың өтініштерін тыңдап, нақты көмек көрсету — билік пен партиялар қызметінің басты өлшемдерінің бірі. Осы тұрғыда «AMANAT» партиясы өз жұмысын халықпен тығыз байланыс орнату және әрбір азаматтың мәселесін шешуге бағыттап келеді. Партияның бастамасымен қолға алынған «Құқықтық көмек» жобасы ел ішінде үлкен қолдауға ие болып отыр.

Шымкент қаласында да бұл жоба тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Соның бір дәлелі — қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Алия Юсупованың қоғамдық қабылдауы. Бұл кездесу барысында тұрғындар баспана, жер және құқықтық көмекке қатысты мәселелерін ортаға салды. Депутат әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, олардың сұрақтарына заң аясында нақты түсініктемелер берді. Қабылдау барысында қала тұрғыны Е. Бегімбетов жекеменшік жер учаскесінің қызыл сызық аймағына түсіп қалғанын айтып, мәселенің шешілуіне қолдау көрсетуді сұрады. Бұл — қала тұрғындары жиі кезігетін өзекті проблемалардың бірі. Қала аумағының кеңеюі мен жаңа жолдардың салынуына байланысты кейде жекеменшік жерлер қала құрылысы талаптарына сай келмей қалуы мүмкін. Алия Юсупова тұрғынның өтінішін назарға алып, тиісті басқармалармен бірлесе заң шеңберінде шешу жолдарын қарастыруға уәде берді. Қоғамдық қабылдау тек материалдық немесе әкімшілік мәселелермен шектелмеді. Кездесуге келген зейнеткер Меруерт Жұмалиева жастар тәрбиесіне қатысты өз ойын білдіріп, қоғамдағы рухани және идеологиялық бағыттағы түйткілдерге алаңдаушылығын жеткізді. Оның пікірінше, қазіргі таңда жас буынды тәрбиелеу — барша қоғамның ортақ міндеті. Бұл бастамаға депутат Алия Юсупова зор қолдау білдіріп, зейнеткерді «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының алдағы отырысына қатысуға шақырды.

Мұндай қоғамдық қабылдаулардың маңызы зор. Себебі ол халық пен билік арасындағы тікелей диалог алаңы ретінде жұмыс істейді. Тұрғындар өздерінің нақты проблемаларын айтып қана қоймай, оны шешудің заңды жолдарын білуге мүмкіндік алады. Партия өкілдері мен депутаттар болса, халықтың көкейіндегі өзекті мәселелермен тікелей танысып, шешу тетіктерін жедел қарастыруға жағдай жасайды. Қабылдау соңында барлық тұрғындарға тиісті деңгейде құқықтық және ақпараттық көмек көрсетілді. Кейбір өтініштер сол мезетте шешімін тапса, күрделі мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, партиялық бақылауға алынды. Бұл тәсіл — партияның жұмысын формальдылықтан алшақтатып, нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетеді.