МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЖЕТІСАЙЛЫҚТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

32
0
Соңғы жылдары елдегі спорт саласына жасалып жатқан қамқорлықтар мен қолдаулардың нәтижесінде шалғайдағы барлық аудан-қалалар мен елді мекендерінде заман талабына сай зәулім спорт ғимараттары салынып, ірі халықаралық жарыстар өткізіліп келеді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жетісай ауданының тумасы Темір Қырықбаев Жетісай ауданына жасаған іссапарын республикалық, халықаралық дүбірлі додаларда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшылармен кездесуден бастады.
Спортшылармен кездесу барысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушы жас мамандардың ауылдарда тұрақтап, нәтижелі жұмыс жүргізулері үшін қажетті жағдайларды жасауға, елді мекендерде спорт объектілерінің, оның ішінде денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің, спорт және «Workout» алаңдарын қайта құру, салу мәселелерін шешуге атсалысып келе жатқанын айтқан мәжілісмен спорт саласын дамыту мақсатында «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға 2024 жылы 20 тамыз күні өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін жеткізді.
Сонан соң Темір Базарбайұлы «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының ғимаратында қоғамдық-саяси біртұтастықты сақтау, бірлік пен татулықты насихаттау ісінде белсенділік танытып жүрген этномәдени орталық өкілдерімен жүздесті.
Жүздесу барысында ұлтаралық татулық пен келісімнің Қазақстанның баға жетпес байлығы екенін, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез-келген әрекеттің конституциялық емес деп танылатынын, өзге ұлттар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, аудан тұрғындары, соның ішінде түрлі этнос өкілдері арасында ұлттар мен ұлыстардың достығын, ынтымақтастығын дәріптеу, азаматтық-құқықтық тәрбие және қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге, этностардың салт-дәстүрлерін сақтауға үндеу мақсатында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын беріп, қатысушыларды ҚР Ассамблеясының 30 жылдық мерекесімен құттықтады.
Сонымен қатар мәжіліс депутаты аудан ардагерлерімен, «Қазпошта» мекемесінің қызметкерлерімен де еркін форматта кездесу өткізді. Қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, айтылған ұсыныстар бойынша атқарылар жұмыстардың жоспарлары талқыланды.