ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ САПАЛЫ ЭЛЕКТР ЖӘНЕ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысында елді мекендерді инфрақұрылым, сапалы электр, ауыз сумен қамту бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда. Аталған салалардағы көрсеткіштер мен жоспарлар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Өңір басшысы жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Біздің алдымызда Түркістан облысын ауыз сумен толық қамту міндеті тұр. Осы бағыттағы жұмыстарды сапалы қорытындылау керек. Су көздерін зерттеп, тиімді жолдарын ұсыныңыздар. Экономикалық тиімділігі ескерілгені жөн. Екіншіден, өңірдің инвестициялық әлеуетін көтеру үшін электр қуаты қажет. Осы салаға жауапты компаниялар да жұмысты ширатып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға көмектесуі тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков Сарыағаш және Келес аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі туралы баяндады. Сарыағаш ауданында жалпы 63 елді мекен (221,4 мың тұрғын) бар, оның ішінде 52 елді мекен (205,1 мың тұрғын, 82,5%) ауыз сумен қамтылған. Ал Келесте 83 елді мекен (134,1 мың тұрғын) бар, оның ішінде 66 елді мекен (121,5 мың тұрғын, 79,5%) ауыз сумен қамтылған. Екі ауданда қалған елді мекендерді ауыз сумен толық қамту жолдары қаралып жатыр. Ұсыныстар беріліп, мәселе бақылауға алынды. Зерделеу жүргізіледі.
Жиында электр қуатына берілетін техникалық шарттар туралы «Кегок» өкілдері баяндаса, «Қазсушар» РМК-ның «Оңтүстікауызсу» филиалы басшылығының да есебі тыңдалды. Сонымен бірге Сарыағаш, Сайрам аудандарының ауыз су жүйелерін автоматтандыру пилоттық жобасы талқыланды.
Айта кетейік, Түркістан облысында 2024 жылдың қорытындысымен 807 елді мекеннің 767 елді мекені (7 қала, 760 ауылдық елді мекен) немесе 95,0 % ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2025 жылы бюджет есебінен 47 ауыз су нысанының құрылысы іске асырылуда. Электрмен қамту бойынша 41 нысанның құрылысы іске асырылуда. Жыл қорытындысымен 18 елді мекендегі 22,3 мың халықты сапалы электр энергиямен қамту жоспарланған.