ӨҢІРДІҢ ӨЗІНДІК КІРІСТЕРІ АРТҚАН

2025 жылдың бірінші жартыжылдығы Түркістан облысы үшін қаржылық тұрақтылық пен салықтық түсімдердің оң серпінмен сипатталды. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте жергілікті бюджеттің кіріс көздерін арттыру, салық және басқа да міндетті төлемдердің орындалу барысы кеңінен талқыланып, нақты тапсырмалар берілді. Көрсеткіштер көңіл қуантады, алайда әлі де жүйелі бақылау мен нәтижелі жұмысты қажет ететін бағыттар жетерлік.
Түркістан облысы бойынша 2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысымен жергілікті бюджетке 139,2 миллиард теңге салықтар мен өзге де түсімдер түскен. Бұл жоспарланған көлемнен 16,7 пайызға артық орындалған көрсеткіш. Жалпы алғанда, бұл — жергілікті экономика мен салық әкімшілендіру жүйесінің тиімді жұмыс істеп отырғанын көрсететін оң нәтиже. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиын барысында бюджет кірістерінің орындалуына ерекше тоқталып, аудан және қала әкімдеріне жоспарды тек толық орындап қана қоймай, түсімдерді сапалы жоспарлау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, екінші тоқсан қорытындысымен игерілмеген қаржылар бойынша бірінші басшылардың жеке жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды. Бұл — бюджет қаржысын тиімді әрі мақсатты пайдалануға бағытталған нақты қадам. Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың мәліметіне сәйкес, салықтық түсімдер бойынша жоспар 105,9 миллиард теңге болса, нақты түскен қаражат көлемі 121,5 миллиард теңгеге жеткен. Яғни, жоспар 114,7 пайызға орындалып, бюджет 15,6 миллиард теңгеге артық толықтырылған. Бұл — облыстың салықтық әкімшілендіру жүйесінің жүйелі жұмыс істеп тұрғанының айғағы.
Салықтық емес түсімдер бойынша да көрсеткіштер жоғары. Жоспарланған 11,6 миллиард теңгенің орнына 14,6 миллиард теңге түсіп, бұл бағыттағы кіріс те артығымен орындалды. Бұл көрсеткіштерге айыппұлдар, мемлекеттік мүлікті жалға беру, басқа да төлемдер кіреді. Ал негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер бойынша жоспар 1,8 миллиард теңге болғанымен, нақты көрсеткіш 3,1 миллиард теңгеге жетіп, 1,3 миллиард теңгеге артығымен орындалды. Жартыжылдық қорытынды бойынша өзіндік кірістердің орындалуы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,3 пайызға өскен. Бұл облыс экономикасының белсенділігін, жұмыс берушілер мен кәсіпкерлік субъектілерінің салық тәртібін сақтауын, сонымен қатар салықтық түсімдерге деген бақылаудың күшейгенін көрсетеді. Облыс әкімінің мәлімдеуінше, көрсеткіштерге қарамастан, кейбір аудан және қала әкімдері тарапынан бюджет жоспарларын толық әрі сапалы орындау мәселесі әлі де кемшіліктермен орын алуда. Сондықтан игерілмеген қаржы көлеміне, бюджет кірістерін қамтамасыз етудегі жауапсыздыққа нақты шаралар қолданылмақ. Ендігі жерде бюджеттік тәртіп пен жоспарлау сапасы – әкімдердің жұмысының негізгі бағалау көрсеткіші болмақ.
Түркістан облысының 2025 жылғы алғашқы жартыжылдықтағы бюджет кірістері бойынша оң көрсеткіштері — жергілікті атқарушы биліктің салық базасын кеңейту, кіріс көздерін әртараптандыру бағытында жүргізген жұмысының нақты нәтижесі. Алайда өсім қарқынын ұстап тұру және ұлғайту үшін жүйелі жұмыс, нақты бақылау және тиімді басқару тетіктері қажет. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта салықтық және салықтық емес түсімдерге жауапты құрылымдар жұмысы қайта құрылып, тиімділігіне қарай бағаланатын болады. Бұл — Түркістан облысының қаржы тұрақтылығын сақтап қалудың және дамытудың негізгі тетігі.