ҚАРАТАУ АУДАНЫ: ТҰРАН-2 ШАҒЫНАУДАНЫНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

38
0
Көктеммен бірге қала ажары да айшықталады. Сол үшін жұрт жылда көк қылтия бастағаннан тазалық жұмысына білек сыбана кіріскенді дәстүрге айналдырып келеді. Бұл жолы да Шымкент қаласындағы «Таза Қазақстан» акциясы аясында шаһардағы жаппай тазалық жұмысы бүкіл шағын аудандарда басталды. Бүгін коммуналдық мекеме қызметкерлері қала көшелерін қоқыстан тазартып, асфальттың үстіне дейін жуып-шайды.
Қаратау ауданы Тұран-2 шағынауданы №11 көше бойы мен №144 орта мектебінің айналасын тазалау жұмыстарына 120 адам және 10 техника жұмылдырылды. Олардың арасында он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Әбдірахман Оңайбаев та бар. «Тұран-2 мөлтек ауданында тазалықшымын. Біздің жұмыс таңғы сегізден басталып кешкі беске дейін болады. Күнделікті қала келбетін таза ұстау үшін еңбек етеміз. Күн сайын көше сыпырып, шашылған қоқыстарды жинаймыз. Сынған ағаш-бұталардың қалдығын тазалаймыз. Біздің міндетімізге Тұран ауданының тазалығы кіреді. Арасында осындай түрлі акцияларға белсенді түрде қатысамыз. Өйткені қаланың ажары таза болса тұрғындардың да көңіл-күйі көтеріңкі болып жүреді. Өкініштісі бес саусақ бірдей емес, тұрғындар арасында тазалық жұмысына атүсті қарайтындар бар. Әсіресе балалар мен жастар қоқысын әр жерге тастап кетеді. Бірақ бұрынғыдай емес, қазір тазалықшылардың еңбегін бағалап жатқандар да, осындай игілікті істе жұмыла кірісіп кететіндердің де қатары артты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көптің атқарған ісі көрініп тұрады», дейді ол.
Аудан тазалықшылары қар астында қалған қоқысты қаптарға салып, қала сыртындағы арнайы орындарға жөнелтті. Қаратау ауданы әкімі аппаратының коммуналдық бөлім басшысы Бауыржан Қалдыбаевтың айтуынша, Тұран – қаладағы үлкен шағын ауданның бірі болып есептеледі. Соңғы жылдары аудан аумағында көпқабатты үйлердің де қатары артып келеді. Бұған сәйкес жаңадан ашылып жатқан көше саны да өскен. Мәселен «Таза Қазақстан» акциясы бүгін осындай жаңадан ашылған көшелерден басталды.
«Бұл көше шағын аудандағы жаңадан пайдалануға беріліп жатыр. Осы жерге біз коммуналдық мекемелермен бірлесіп, сенбілік жұмыстарын ұйымдастырып жатырмыз. Өйткені жанымызда Жайлы мектеп тұр. Балалардың жүруіне, тұруына қолайлы болу мақсатында көшені тазалап, айналасының барлығын жуып-шайып жатырмыз. Жалпы ауданда орталық 75 көше, 638 ішкі орамдық көшеміз, 3 саябағымыз бар. Сонымен қатар, 15-ке жуық гүлзарымыз бар. Міне, осы гүлзарлар мен ішкі орамдық көшеміз, 210 ауламызға тұрақты түрде тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар осы акция аясында былтыр 42 рет тазалық іс-шарасын атқардық. Биыл да осы жұмыстарды жалғастырып келе жатырмыз. Жер беті қардан көріне бастаған сәтті пайдаланып барлығын, оның ішінде аудан тұрғындарын акцияға белсенді қатысуға шақырар едім. Жалпы осы акция басталғалы бері коммуналдық мекемелермен қоса кәсіпкерлік нысандар, қала мен аудан тұрғындары тазалық жұмыстарына белсене атсалысып келеді», дейді Бауыржан Қалдыбаев.
Күннен-күнге көркейіп, көпқабатты үйлер пайдалануға берілген сайын шаһарда көше мен гүлзарлардағы шашылған қоқыстар көңілді құлазытатын сәттер де болып тұрады екен. Сол үшін аппарат өкілі қала тұрғындарын тазалыққа шақырды. «Өйткені қоқыстарды тастайтын да, осы қаланың ауасын жұтатын да өзіміз. Сондықтан қазір біз бейберекет қоқыстар тастайтын орындарды азайтып жатырмыз. Өкініштісі кейбір адамдар бос жерлерге қоқыс қалдықтарын тастап кетеді», дейді ол.
Дегенмен қала мәдениетін ғана емес, қала келбетіне де немқұрайлы қарағандарға жауапкершілік жүктеледі. Егер қоқыс тастаған жағдайда тұрғындарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің аясында тиісті шара қолданылады. Сол үшін айналаны таза ұстау – міндет, қоршаған ортаны күтіп-бағу – қастерлі парыз болғаны абзал.