ҚАЗАҚСТАНДА ЕТ ҚЫМБАТТАЙ МА?

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Қазақстанда ет қымбаттай ма деген сұраққа жауап берді. 

Вице-министрдің айтуынша, былтыр Қазақстанда 1,1 миллион тоннадан астам сиыр және қой еті өндірілген, бұл елдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

«Былтырғы қорытынды бойынша, ет өндірісі шамамен 4 пайызға, оның ішінде сиыр еті 2 пайыздан астамға өсті. Бұл шаралар халықты етпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондықтан өндіріс көлеміне байланысты ет бағасының өсуіне әсер ететін факторларды әзірге байқамаймыз», – деді Кенжеханұлы Сенат кулуарында.

Шенеуніктің айтуынша, бұған дейін ет бағасының өсуіне Өзбекстан тарапынан жоғары сұраныс әсер еткен.

«Бірақ соңғы бір аптада баға тұрақталды, әрі қарай факторларды (қымбаттау — еск.) әзірге болжап отырған жоқпыз. Қазіргі уақытта мал өсірушілерге айналым қаражаты үшін 5 пайыздық жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылып жатыр. Бұл шара елдегі ет өндірісін қосымша ынталандыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта сиыр етінің орташа бағасы келісіне 2700-3000 теңге шамасында», – деп толықтырды вице-министр.