ШЕКАРАДАН ЗАҢСЫЗ ШЫҒАРЫЛҒАН ТӨРТ ТҮЛІК ҚАЙ ЕЛДЕРГЕ САТЫЛЫП ЖАТЫР?

42
0

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі директорының орынбасары Төлеужан Жүнісов оңтүстіктегі шекарадан заңсыз шығарылатын малдың қай елдерге сатылатынын айтты.

— Қырғызстанда мал бағасы біздікімен бірдей болса, Өзбекстанда 30 пайыз қымбат. Тірідей мал экспортына шектеу қойылғанда контрафактілік жолмен шығару көбейеді. Бірақ бұл шекарадан өткен малдың бәрі Өзбекстанға кетіп жатыр деген сөз емес. Әрі қарай Тәжікстанға, Ауғанстанға, Пәкістанға апарады. Ол елдерде баға айырмашылығы екі есеге дейін барады, — дейді генерал-майор Мәжілістегі дөңгелек үстелден кейін.

Шекара қызметінің өкілі әлемдегі түрлі әскери қақтығыстар дрондардың қауіпсіздік мақсаттағы мүмкіндіктерін паш еткенін, мұны Ұлттық қауіпсіздік комитеті де назарға алғанын айтады.

— Бізде шекара күзетін жетілдіру бағытында кешенді жоспар бар. Ол жоспарды іске асыру үшін 470 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде дрондар сатып алу мәселесі де бар. Бірақ оның санын, қаржыландыру көзін ашып айтуға хақым жоқ. Құпия мәлімет болып саналады.

Жалпы дронды қолданысқа енгізгеннен бері көмегін жақсы көріп жатырмыз. Былтыр шекарадан малды контрафактілік жолмен алып шығарудың 47 фактісін аштық. Нәтижесінде 5 мың малды алып қалдық. Оның жартысы ірі қара, жартысы ұсақ мал.

Мысалы, бір жолы дронның көмегімен Жамбыл облысындағы шекарадан 200 қойды әкету әрекетінің жолы кесілді, — дейді ол.

Төлеужан Жүнісов дрон сатып алумен қатар сарбаздарды оқыту жүріп жатқанын айтады.

— Шекара қызметінде дронмен жұмыс істейтін сарбаздарды оқытып жатырмыз. Келісімшартпен келген қызметкерді үш айға жіберіп, оқытамыз. Қазір штатта дрондар бар. Оның да санын айта алмаймын. Негізінен құмды, таулы тұстарға тартып отырмыз. Көбі Жамбыл, және Түркістан облыстарының аумағындағы шекара бекеттеріне берілген. Өйткені сол жақта мал контрафактісі бар.

Жаңағы айтқан кешенді жоспарда әр шекара заставасында кемінде бір дрон болу керек деген индикатор қойылған. Оны іске асыру мемлекеттің қаржылық мүмкіндігіне байланысты. Өйткені шекаралық аумақтың жер бедеріне байланысты дронның әр түрін қолдану керек. Ал дрондардың бағасы пайдалану мақсатына, әскери мүмкіндіктеріне байланысты қымбаттай береді, — деді ҰҚК өкілі.