АЛАЯҚТАРҒА СЕНГЕН ШЫМКЕНТТІК ЗЕЙНЕТКЕР 46 МЛН ТЕҢГЕСІНЕН АЙЫРЫЛДЫ

Қазіргі таңда аталған жайт бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

69 жастағы қала тұрғыны ұялы телефон номерінің мерзімі аяқталғаны туралы қоңырау қабылдаған. Содан мерзімін ұзарту үшін келген СМС-кодты айтқан. Біраз уақыттан кейін жәбірленушіге құқық қорғау органдарының атынан хабарласқан адам, шотында күмәнді операциялар басталғанын және алдыңғы қоңырау шалғандар алаяқтар екенін жеткізген.

Зейнеткер күдіктілердің нұсқауымен шотындағы бар ақшаны шешіп алып, жалған құқық қорғаушылар берген. Күдіктілдер 46 млн теңгені ауладағы орындықтан алып кетіпті.

Қашықтықтан алаяқтық жасаған екі күдіктіні киберполицейлер «Аnti-fraud» іс-шарасы аясында жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары барысында ұстады.

— Қазіргі таңда аталған жайт бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауда. Есіңізде болсын, сим-карталардың жарамдылық мерзімі жоқ және жаңартуды қажет етпейді. Ақшаңызды сақтап қалып, алаяқтардан қорғану үшін ешкімге ешқашан кодтарды бермеңіз, қоңырау шалушымен диалогты бірден үзіп, полицияға хабарласыңыз, – деді Шымкент қаласы полиция департаментінің киберпол бастығының орынбасары Шыңғыс Жайлаубек.