ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНДА ҚАНША ШЕТЕЛДІК ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮР?

16
0

Қазақстанда 13 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 072 шетел азаматы еңбек етеді.

Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі — ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 568 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 528 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады — тиісінше олар 4 787 және 987 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 672 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 530 адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 710 жұмыс беруші бар. Оларда 383,1 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,6%-ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында — 5 343 адам, тау — кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу — 1 360 адам, өңдеу өнеркәсібі — 1 338 адам, әкімшілік және көмекші қызметтер — 1 089, ауыл, орман және балық шаруашылығы — 688 адам.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай — 4 778 адам, Түркия — 1 158 адам, Үндістан — 1 121 адам, Өзбекстан — 623 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% немесе 14,8 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.