1 НАУРЫЗДАН ЕЛ ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР

Наурыз айынан бастап еліміздің 8 өңірінде бір ай бойы ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізіліп, теміржол билетінің бағасы көтерілмек.

Теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер жойылады
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры наурыздан бастап шекті мөлшерлемелердің мәндерін жариялауды тоқтатып, депозит нарығындағы нарықтық мөлшерлемелер туралы мәліметтерді жариялай бастайды.

— Ырықтандыру жағына қарай жасалатын келесі қадам — капиталдануы жақсыдан төмен банктер үшін теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді жою. 2025 жылдың 1 наурызынан бастап, ҚДКБҚ теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілемейтін болады. Капиталдануы жақсыдан төмен банктер сондай-ақ өздерінің депозиттік саясатын басқа банктер секілді нарықтық жағдайға сай белгілейтін болады. Сонымен бірге, егер капиталдануы жақсыдан төмен банктер өздерінің депозиттері бойынша мөлшерлемелерді айтарлықтай өсіретін болса (нарықтық мөлшерлемеге қарағанда жоғары+спред), бұл банк жүйесіне қосымша тәуекелдер болып тиеді. Осыған байланысты мұндай банктер жүйелік тәуекел үшін төлейтін жарнаға қосымша ретінде мөлшерлемелердің шектен тыс асырылу дәрежесіне және депозиттерді тарту көлеміне қарай көтеріңкі жарна төлейтін болады, — делінген хабарламада.

Депозит нарығындағы мөлшерлемелерді реттеу реформасын жүзеге асыруға байланысты 2025 жылдың ақпан айынан бастап, ҚДКБҚ сайт бетінде теңгелік депозиттер бойыша шекті мөлшерлемелер туралы ақпаратты жариялауды тоқтатады. Оның орнына 2025 жылдың наурыз айынан бастап, ҚДКБҚ өзінің ресми сайтында бөлшек саудалық депозит нарығында қалыптасқан нарықтық мөлшерлемелер туралы мәліметтерді жариялайтын болады. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер әлі де барлық банктер үшін белгіленеді.

— Біз жүргізілген реформа банктерге өздерінің депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін белгілеу барысында көбірек еркіндік береді деп күтеміз. Теңгелік депозиттер бойынша мөлшерлемелер нарықтық факторларды ескере отырып белгіленетін болады. Ал енді банктер үшін мөлшерлемелерді белгілеу барысында ұстанатын басты бағдар — нарықтық мөлшерлеме. Оның көлемін нарықтың барлық қатысушылары белгілейді. Бұл банктер арасында адал бәсекелестіктің дамуына жағдай жасайды және бөлшек саудалық депозит нарығының, әсіресе санаулы банктер ғана қатысатын сегменттің дамуына жаңа серпін береді, — дейді ҚДКБҚ басшысы Әділ Өтембаев.

Айталық, мысалы, қазіргі уақытта мерзімі 12 айдан асатын мерзімді және жинақ салымдарды тарту көлемі мардымсыз, бірақ молайтуға әлеует жеткілікті. Теңгелік депозиттер бойынша мөлшерлемелердің шегі жойылғанымен, жүйелік тәуекел үшін төленетін жарна мен көтеріңкі жарна теңестіруші қызметін атқарады және банктерді депозиттер бойынша мөлшерлемелерді шектен тыс көтеру ниетінен бас тартқызады. Бұл ҚДКБҚ-ның қаржылық тұрақтылыққа жәрдемдесу бойынша міндеттерімен үйлеседі.

Жүк көліктерінің жүруіне шектеу енгізіледі
Сонымен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 5 шілдедегі № 492 бұйрығының 19 тармағына сәйкес, республикалық автожолдарды қысқы мезгілден кейін сақтау мақсатында 2025 жылғы 1 наурыздан бастап 1 сәуірге дейін «бесінші жол климаттық аймаққа» жататын келесі сегіз облыста шектеу енгізіледі:

Алматы облысы
Атырау облысы
Жамбыл облысы
Ұлытау облысы
Қызылорда облысы
Маңғыстау облысы
Жетісу облысы
Түркістан облысы
Алайда келесі автокөліктердің түрлеріне бұл шектеулер қолданылмайды:

халықаралық жүк және жолаушылар тасымалына;
төтенше жағдайлар мен олардың салдарын алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын көліктерге;
гуманитарлық көмек көрсететін, азық-түліктерді, дәрі-дәрмектерді, жолаушылар мен багаж тасымалын жүзеге асыратын көліктерге;
жол-құрылыс жұмыстарына пайдаланылатын көліктерге.
— Жүргізушілер мен көлік иелеріне осы ақпаратты маршруттарыңызды жоспарлағанда ескерулеріңізді сұраймыз, — делінген ҚазАвтоЖол хабарламасында.

Теміржол билеті қымбаттайды
1 наурыздан бастап теміржолмен жолаушылар тасымалының билет құны 7 пайызға қымбаттайды. Айта кетерлігі, биыл жолаушылардың жайлылығы мен тасымал сапасын арттыру үшін 226 жаңа вагон сатып алынады. Вагондар отандық ЗИКСТО зауыты мен Штадлер компаниясында өндіріледі. Бұл жылы вагондар 13 бағыт бойынша қатынайды.
Жаңа вагондар кондиционер, Wi-Fi, заманауи дәретханалар, кеңейтілген жүк сөрелері, қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ ерекше санаттағы жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасалады. Айта кетерлігі, былтыр осы мақсатта 143 жаңа вагон сатып алынған еді. Ал негізінен 2029 жылға дейін отандық вагон паркін 1 000 вагонға дейін жаңарту жоспарда бар.

Жалпы, сұраныстың көбеюуіне байланысты жолаушылар тасымалы жылдан жылға өсіп келеді, 2024 жылдың қортындысында 2023 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 5,6 пайызға өсіп, 20,8 млн жолаушыға жетті. 2025 жылы осы көрсеткішті 1 млн жолаушыға арттырып, жолаушылар санын 21,8 млн-ға жеткізу жоспарланған.

Шамалған стансасы маңында қозғалыс өзгереді
2025 жылғы 1 наурыздан бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ хаты негізінде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жібек жолы елді мекені арқылы өтетін KAZ01 «Астана — Қарағанды (айналма жол) — Алматы» автожолының «Шамалған стансасының айналма жолының» 2448+900 шақырымында (46+100 шақырым) орналасқан теміржол өткелі жабылады.

Көлік құралдарының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін жаңа айналма жол ұйымдастырылды. Барлық қажетті жол белгілері мен қозғалысты реттейтін құралдар орнатылды.

Ресейдегі Елшілік құжаттарды пошта арқылы қабылдауды тоқтатады
Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясындағы Елшілігінің консулдық бөлімі 2025 жылғы 1 наурыздан бастап коронавирус пандемиясына байланысты уақытша енгізілген азаматтықтан айырылуына арналған құжаттарды пошта арқылы қабылдауды тоқтатады. Құжаттарды қабылдау жеке келу арқылы жүзеге асырылатын болады.

Ресей Федерациясының Санкт-Петербург, Қазан, Астрахан, Омбы, Екатеринбург қалаларында Қазақстан Республикасының Бас консулдықтары, Ленинград, Псков, Түмен, Новосибирск, Калининград облыстарында, Пермь өлкесінде, Алтай өлкесінде, Татарстанда және Башқұртстанда, Ханты-Мансийск автономиялық округінде Қазақстан Республикасының Құрметті консулдары жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынас серпінді дамып келеді және ынтымақтастықтың көптеген салаларын қамтиды. Екіжақты байланыстар мен ынтымақтастық кең көлемді шарттық-құқықтық базамен (400-ден астам шарттар мен келісімдерге қол қойылды) реттеледі.

Рамазан айы
1 наурызда қасиетті Рамазан айы басталады. Наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн — Қадір түні, ал 30 наурыз — Ораза айт мерекесі. Пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілген.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінгі уақытқа қалдыруына болады. Бұған шариғатымыз рұқсат береді. Ислам діні ауыз бекітуге, зекет пен садақа беруге шамасы келмейтін адамдарды ауыртпалықтан босатқан.

— Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да — үлкен сауап… Осы ретте баршаңызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да — сауапты істің бірі. Бұл айда тек табысқа кенелуге емес, ең бастысы Хақтың разылығы мен халықтың алғысын алуға асыққан абзал. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз, — деді Бас мүфти.

Смартфондарды тіркеу ережесі өзгереді
2025 жылғы 24 наурыздан бастап абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Соған орай елімізде абоненттік құрылғылардың «ақ», «сұр» және «қара» тізімі пайда болады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тіркелген байланыс жобаларын мониторингілеу және дамыту басқармасының басшысы Азамат Серіктаевтың айтуынша, бұл ереженің осы жылдың 24 наурызына дейін сатып алынған абоненттік ұялы байланыс құрылғыларына еш қатысы болмайды. Аталған мерзімге дейін сатып алынған ұялы байланыс құрылғылардың барлығы автоматты түрде «ақ» тізімге енгізіледі.

— Қабылдап жатқан ережеге сәйкес, абоненттік құрылғылардың «ақ», «сұр» және «қара» тізімі пайда болады. Ереженің ең басты мақсаты — тұтынушылар мен абоненттерді қауіпсіз және тексерілген абоненттік құрылғылармен қамтамасыз ету. Егер құрылғыңыз аталған ереже заңды күшіне енгенге дейін сатып алынған болса, ешқандай қобалжудың, алаңдаудың еш қажеті жоқ, — деді Азамат Серіктаев.

Үміткерлер ҰБТ тапсырады
1 наурыз бен 6 сәуір аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді. ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы емес ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.

ҰБТ барысында калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны — 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл — 140, ол да өзгеріссіз қалды.

Тестілеу уақыты — 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек. 163 мыңға жуық адам тестілеуден өтуге ниет білдірді.

Кейбір айыппұл көлемі ұлғаяды
13 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген жаңа түзетулер күшіне енеді. Соған орай тұтынушылардың дербес деректерін және құқықтарын қорғау, валюта айырбастау және табысты декларациялау саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік артады.

Атап айтқанда, кодекстің «Дербес деректер және оларды қорғау туралы ҚР заңнамасын бұзу» 79-бабы бойынша жеке тұлғалар төлейтін айыппұл көлемі 10-нан 30 АЕК-ке дейін артады. Лауазымды тұлғалар, жеке натариустар, сот орындаушылары, адвокаттар, заң кеңесшілері, шағын шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық ұйымдар үшін айыппұл көлемі 20-дан 60 АЕК-ке дейін артады. Ал орта кәсіпкерлік субъектілері — 100, ірі бизнес субъектілері 200 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.

Ал «Лауазымды тұлғаның кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы» 173-бабы 2-тармақпен толықтырылды. Ендігі уақытта 1 жыл ішінде кәсіпкерлік қызметке екінші мәрте қайта заңсыз араласқан лауазымды тұлға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.

Әлеуметтік маңызы бар тауарға сауда үстемесін арттып жібергендерге де жаза бар. Ендігі оларға ескертудің орнына айыппұл салынады: жеке тұлға мен шағын бизнес — 5 АЕК, орта бизнес — 35 АЕК, ірі бизнес — 150 АЕК.

Декларацияда кірісін дұрыс көрсетпегендерге 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Сонымен қатар 13 наурыздан бастап айырбас пункттерінің қызметіне қатысты 251-1 жаңа бап қолданысқа енеді. Қолма-қол ақшаны айырбасау барысында заң бұзғандар заң бұзудың сипатына қарай 50-ден 150 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді.