Айта жүрер, арқа сүйер ағаң болса алдыңда
Адам өмірге келеді-кетеді, артында кейінгі ұрпақ айта жүрер жарқын іс, жақсы сөз қалуы тиіс. Ондай жанға тұғырлы ескерткіш орнатылып, көшеге аты-жөні берілмесе де, халықтың өзі-ақ төбелеріне көтеріп, есімі ел аузында жүрері анық. Демек, Алла Тағаланың шектеп берген қысқа ғұмырында адам бірінші кезекте елге, халыққа қызмет етуі керектігі түсінікті. Бүгінгідей бейбіт заманда өмір сүріп-ақ атағы аспандап, мәртебесі биіктеп жүрген жандар аз емес. Кешегі Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, бүгінгі Тоқтар Әубәкіров, Мұхтар Шаханов сынды халқымыздың ардақты ұлдарының есімдері ешуақытта санадан өшпейтіні рас. Олар ел-жұртымен мәңгі жасай берері тағы шындық. Ал енді, өз ортамызда жүрген сондай жандар немесе солардың ізін басар азаматтар бар ма, бар болса бүгінгі ұрпақ оларды біле ме? Біз санамалап отырып, бірқатарын таптық. Сол санаулы жандардың арасындағы саналы азаматтардың бірі – Шәріпбек Жамалбекұлы Жамалбек екенін көпке таныстыруды жөн санап, ол кісінің адами қасиетіне, кісілік келбетіне тереңірек үңіліп көрдік.
ӨТКЕН КҮНДЕРГЕ ШЕГІНІС
ОҚО тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары болып істеген жақын адамым болды. Мейірбек Мұсабеков ағамның үйінде талай болып, ол кісі біздікіне келіп, жақсы араласып жүрген кездерімде одақ төрағасы Реймермен қатар, Шәріпбек ағаны жиі көретінмін. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Сансызбай Бекбосыновпен етене араласып, ажырамас достық қатынаста өткен Мейірбек Мұсабеков кенеттен қайтыс болғанда марқұмның қаралы жиынында Сансызбай аға жерлеу комиссиясын басқарып, Шәріпбек ағам да әріптесін ақтық сапарға шығарып салу жолында адал қызмет атқарғаны әлі күнге көз алдымда. Одан кейін де Жамалбекұлы Шәріпбекпен бірнеше мәрте кездесіп, дәмдес-тұздас болғаным бар.
2000 жылдары Сайрам ауданында еңбек етіп жүргенімде облыстық тұтынушылар одағының ұйымдастыруымен ауданда жиі-жиі семинар — кеңестер өткізіліп тұрды. Бұл уақыт әлі ел еңсесін толық тіктей алмаған кез. Семинардың Сайрамда өткізілу себебі мұнда сауда-саттық, қоғамдық тамақтандыру орындары көп. Бұл саланың қыр-сырын меңгерген кадрлар да мол. Өзге аудан, өңірлердің сауда мамандарына Сайрамдағы оң істерді көрсетіп, озық тәжірбиелерін өзгелерге ендіру тұрғысында жиі кеңесетін. Ауданда тұтынушылар одағын Шәкеңнің шәкірті, осы салада аз тер төкпеген Перналы Мәмбетәлиев басқарушы еді (бүгін де басқарып отыр). Семинар болса, Мәмбеталиев міндетті түрде маған хабар беріп, бірге болуды өтінетін. Бұл кезде облыстық тұтынушылар одағы Шәріпбек Жамалбекке қарайтын. Жиынға қатысушыларды өзі бастап келетін ол кісінің ұйымдастырушылық қабілетіне өз саласының білгір маманы екендігіне талай тәнті болғанымыз бар. Күні бойы сауда орындарын аралап, жиын аяқталғанда аяқ суытып, шәй ішетініміз бар-тын. Кеңестен алған әсерлерін ортаға салып, халыққа қызмет көрсету аясын қайткенде жақсартуға болатындығын талқылайтын. Жиі өткізілген сондай семинар-кеңестердің әсері болар, бүгінде сауда-саттық саласы қарқынды дамып, көрсеткіші көш ілгері жылжығанын көреміз.
Арада бірнеше жылдар өткенде облыстық тұтынушылар одағына қарасты серіктестік сатып алған «Сайрам сүт» деген мекеме ашылып, оның шығарған өнімдері әп-сәтте халықтың үлкен сұранысына ие болып шыға келді. Қашанда жақсылыққа жаны құмар жандар емеспіз бе, жауапкершілігі шектеулі серіктестің шығарған өнімдері мен оның басшысы тұрғысында мәліметтер ала бастадым. Басшысы Ержігіт Шәріпбеков екен. «Япыр-ай, осы баяғы мен білетін Шәкеңнің ұлы болмаса неғылсын» деген ой басыма сап ете қалуы мұң екен, «Сайрам-сүтті» бетке алып, жүріп кеттім. Расында да, өндірісті ашқан да, аяғынан тұрғызған да Шәріпбек ағаның үшінші ұлы Ержігіт болып шықты. Таныстық, әңгімелестік, серіктестік туралы толық мәліметтерді алып, аудандық газеттерге көлемді материалдар жарияладық. Ержігітпен ой бөліскенде бір аңғарғаным, оның ақкөңілдігі мен болашақты болжай білер көрегендігін «әкеге тартпай, ұл тумас» дегенге жорып, тектінің тұяғын тай басарына көзім жеткен-ді.
«ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ….»
Байқап отырсақ, Бәйдібектен шыққан белгілі тұлғалар көп екен. Қарт Қаратаудың баурайында балалық шағын өткізіп, тауға қарап бой түзеген олардың арасында министр де, өнер қайраткерлері мен белгілі ақын-жазушылар да, әкімдер, қоғам қайраткерлері, үкімет басшылығына дейін көтерілген азаматтар баршылық. Шәріпбек аға да осы өңірдің төл тумасы болғандықтан болар, қарт Қаратауға жиі қарағыштағаны рас. Марқұм әкесі Жамалбек ел басына күн туып, ер азамат толарсақтан саз кешкен заманда қолына қару алып, майданға аттанғанда ауыл-аймақ ақжолтай тілек тілеп, шығарып салады. Бірақ соғыстан соң атадан жалғыз Жамалбектің екі аяқ, бір қолының саусақтарынан айырылып келгеніне қарамай, Отыншы ақсақалдың шаңырағы шайқалмағанына, енді бұл үйдің де түтіні түзу ұшатындарына қуанған ағайындар қолдан келгенше көмектерін аямапты. Тағдырдың тауқыметін аз тартпаған Жамалбек атамыз уақыт өте отбасын құрды,еңбекке араласты, еңсесін тіктеді. Есеп-қисап, сауда-саттық саласында еңбек ете жүріп, 9 ұл-қыздың тәрбиесіне де көңіл бөліпті. Шәріпбек аға отбасының екіншісі.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тура айтылға сөз. Жұмыс дегенде өзгенің бәрін ұмытатын, тәртіп пен міндетті, талап пен жауапкершілікті жоғары қоятын әкенің тәрбиесін құлағына құйып өскен ұл орта мектептен соң Қарағанды қаласындағы кооперативтік институтты тәмәмдап, туып-өскен ортасына оралды. Уыздай жас маман алғашқы еңбек жолын экономистен бастап, совхоздың жұмысшылар кооперациясын басқарды. Кеңестік кезеңнің бір ерекшелігі, қолынан іс келе ме кедергісіз өсетінсің. Бүгінгідей «өсу үшін» тамыр-таныстықтың, пәренің көк тиынға қажеті жоқ, іскерлігіңді көрсет те, өсе бер. Шәріпбек ағаның бойындағы қабілетті тез тани білген облыстағы басшылар оны сол кездегі Алғабас аудандық тұтынушылар одағы төрағасының орынбасарлығына, кейінірек төрағалығына бекітеді. Өрімдей жастың үлкен орынтаққа отырғанына кейбіреулер таңданыспен қараса, енді біреулері күдікпен қарағаны рас. Көптің ойындағы «Осы бала сенімнен шыға ала ма?» деген екіұшты сезікті Жамалбекұлы Шәріпбек сезбей қалған жоқ, қайта оның жігерін жани түсті.
КҮДІКТІ ҮМІТ ЖЕҢДІ
Өзіне сеніп тапсырылған қызметті бірден алып кетті. Ол кезде социалистік жарыс деген болатын. Жарыстың әр қорытындысы шыққан сайын ауыспалы Қызыл ту мен марапат, сый-сияпат Шәріпбек Жамалбекұлы басқаратын аудандық тұтынушылар одағынан сырт айналып кете алмады. Мұндай дәрежеге бір сәтте жету мүмкін емес, талмай ізденіс пен шебер ұйымдастырушылық қабілеттің арқасында жетуге болатынын көпшілік сезді, көңілдегі күдік те сейілді. Сол кездері, яғни 1976 жылдары аудан бойынша бар-жоғы 3300 шаршы метр сауда алаңы бар болса, Шәкең өзі басқарған 10 жыл көлемінде бұл көрсеткішті 11000 шаршы метрге жеткізіп, сауда саласының материалдық-техникалық базасының нығаюына өлшеусіз үлес қосты. Өзі жас бола жүріп, жас мамандарды тәрбиеледі, олардың өмірден өз орындарын табуларына ықпал жасады. Біздің балалық шағымызға дөп келген сол жылдары көптің есінде болса, күнделікті тұтыну заттарының қайсыбірі мен тұрмыстық техникалар дүкен сөрелерінен табылмай, «дефицинтке» айналғаны бар-тын. Мұны қолдан ұйымдастыратын дүкеншілер қат затқа тиын-тебен қосып, пайдасын көретін. Шәріпбек аға дәл осы кеселге қарсы «майдан» ашып, тұтынушылар одағы тарапынан дүкендерге түсетін барлық тұтыну затарының ашық саудаға түсуін жолға қойды, тәртіпке көнбегендерді тәубелеріне келтірді. Қанша айтқанмен, жастың аты жас емес пе, аудандық тұтынушылар одағын басқарып тұрған жылдары ол кісінің мұнда кейінгі ұрпақ айта жүрер өзіндік қолтаңбасы қалғаны анық. Егер жолыңыз түсіп, Бәйдібекке бара қалсаңыз, ондағылар Шәкеңнің сол кездердегі еңбегін әлі күнге жыр қылып айтудан жалықпайтынына көзіңіз жетеді. Төрағалықта тапжылмай 10 жыл отырған Шәріпбек аға мол тәжірбие жинақтап қана қоймай, есейді, еңсені тіктеп, Жетісай аудандық тұтынушылар одағын басқармаққа қоныс аударды.
Мұнда да талай тірліктерді дөңгелетіп әкеткен ол кісінің білімі мен біліктілігін байқаған облыстық тұтынушылар одағының төрағасы Иван Реймер өзінің бірінші орынбасарлығына шақырды. Шәкең келісті. Бұл 1990 жыл болатын. Арада жеті жыл өткенде Реймер ата қонысы Германияға түпкілікті көшіп, облыстық тұтынушылар одағының төрағалық тізгінін Шәріпбек Жамалбекұлы ұстады. Осы орынтақта табаны күректей 12 жыл отырған Шәкеңнің сауда саласын қарыштай дамытып, Республикада жетекші орын алған бірден-бір облыстың әлеуметтік ахуалы мен экономикасының артуына өлшеусіз үлес қосқанын, жалпы осы салаға 37 жыл өмірін арнағанын біреу білсе, біреу білмес. Алған атақтары мен марапаттарын жіпке тізіп айтпасақ та, оған берілген ең жоғарғы атақты айтпай кетуге болмас. Ол-елден алған алғыс.
БИІК БЕЛЕСТЕРДІ БАҒЫНДЫРУ
Шәріпбек Жамалбекұлы таза еңбегімен иемденген ісінің жақсы жағына байланысты қызмет сатысында өспесе, төмендемеген адам. Ел ол кісінің ісіне сүйсінсе, қарамағындағы қауым адамгершілікке толы асыл қасиетіне тәнті болды. Шәкең жасы келген соң тізгінді жастардың қолына ұстатып, өзі облыс деңгейіндегі партиялық қызметке кетті. «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары болса, 2009 жылдың қыркүйек айынан бастап осы партияның бақылау комиссиясының төрағасы қызметіне кірісті. Үш шақырылым бойы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған Шәкеңе ел сенген соң дауыс берді, қалаулы болуға лайықты азамат екендігіне сенді. Пайғамбар жасына келген ол кісінің қажыр-қайратына, қасиет-қадіріне, абыройы мен атына лайық екендігін көріп, сүйсінбеске лаж жоқ. Ауылға ат басын бұрып, сәлем бергелі барған азаматын елдің үлкен-кішісі құшағына алып, төрден орын береді. Сый мен құрметтің мұнан артық өлшемі бола қоймас, сірә?!
Бүгінде мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып жатқан қыруар тірліктің басы-қасында «Нұр Отан» ХДП-ның пртиялық бақылау комиссиясы жүретінін жақсы білеміз. Себебі, мемлекеттен бөлініп жатқан қыруар қаржының тиімді жұмсалуына бақылау болмаса, мол қаржының басқа мақсатқа жұмсалып немесе ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі әбден мүмкін ғой. Әсіресе, құрылыс саласында осыған байланысты барлық құрылыс нысандарында партиялық бақылау бекеттері орнатылған.Комиссия тарапынан жүргізілген тексеру қорытындысына сай, сын-ескертпе жасалады, қандай да бір келеңсіздіктерге қарсы тосқауыл қойылады. Мұны дұрыс түсінетіндер де, түсінбейтіндер де болады. Әйтсе де, Елбасы саясатын қолдап, өзіне жүктелген жауапты міндетке сергек қарайтын Шәріпбек Жамалбекұлы өз бағытынан таймақ емес, мемлекет мүддесі үшін отқа түсуге бар. Тумысынан тазалыққа жаны құштар Шәкеңнің тағы бір қасиеті, қызметін бұлдап, мандатын мансұқ тұту онда атымен жоқ. Қашан көрсеңіз, сол баяғы кішіпейілдігінен, иманжүзділігінен, сыпайылығынан танған емес. Қайырымдылық жасау, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу-ол кісінің басты қағидасы. Биік белестерді бағындырып, ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленіп жүруінің бірден-бір себебі де оның осы қасиеттеріне байланысты болса керек-ті. Халықтан алшақтап кетпейін, оларды толғандырар мәселелер болса шешуге тырысайын деген оймен «Азаматтық Альянс» бірлестігін құрылтайшысы болған. Бүгінде бірлестіктің ауқымы да, мүшесі де артып, қанатын кеңге жая бастағанын білеміз. Өзі сайланған округтен болсын, өзге өңірден болсын, алдына көмек сұрап келген кез-келген жанның меселін қайтарып көрмепті, ең болмағанда жылы сөзін аямайды. Халықшыл басшыны халық та жақсы көреді, көпшілік құрмет тұтады, ел сыйлайды.
СӨЗ СОҢЫ
Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Біз де осы сөзге сүйене отырып, Жамалбектің баласы Шәріпбек жайлы азды-көпті қалам тербеп көрдік. Мұнымыз көпшік қою немесе жағымпаздану емес, азамат атын ардақтап жүрген ағаларды көпке таныстыру, үлгі тұту ниетіміз. Әйтпесе, Шәкең мақтауға мұқтаж жан емес, атақ-абыройы да бір басына жетерлік. Біздің айтпағымыз, «болсыншы, басшы біткен Шәріпбектей» дей отырып, ол кісінің бойындағы кісіліктің де, кішіліктің де өзгелерде де болғанын қалайтындығымыз.
Бүгін ол кісіні тағы көрдім. Теледидарда көсіле сөйлеп тұр екен. Сөздері сабырлы да, салмақты. Жалпақ жұрттың сеніміне ие болып, үмітін ақтап, жауапкершілік жүгін мойымай көтеріп жүрген ағаның салихалы сөзін зейін қоя тыңдадым.
Ердәулет ТҰРАПБЕКҰЛЫ,
«Уақыт»
Сіз не дейсіз?
— Ерлік тек соғыста ғана емес, бейбіт заманда да жасалары анық. Еңбектегі ерлігі үшін қаншама қандастарымыз сый-құрметке бөленіп жатыр. Шәріпбек Жамалбекұлы да бейбіт заманның еңбек ерінің бірі. Ердің атын елі шығарады. 40 жылдан астам бір салада еңбек етіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өшеусіз үлес қосқан азаматқа қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Бірқатар мемлекеттік наградалар оған тектен-текке берілген жоқ, елге сіңген еңбегі үшін берілді. Шәкең бүгін де тұғырында, әлі де бойындағы барын қашан сарқылғанша халыққа берсем дейді. Бүгінде қоғамымызды жайлаған сыбайлас жемқорлық дейтін жегі құрт бар. Шәріпбек Жамалбекұлы осы дертке қарсы күресіп, халыққа тиесілі қаржының мақсатты жұмсалуына бақылау жасап отыр. Рас, өте жауапты міндет. Әйтсе де, көпті көрген, тәжірибесі бай Шәкең өзіне жүктелген міндеттің үдесінен шығып, халықтың алдында да, партияның алдында да бетінің ашық, жүзінің жарқын екенін дәлелдеп келеді. “Атаға тартпай ұл тумас” демекші, ол кісінің бойындағы бар білім-болмыс о бастағы отбасылық тәрбиемен де ұштасып жатқандығы шындық.
Сіз не дейсіз?
— Қашанда ел ағасыз, тон жағасыз болған емес. Шәріпбек Жамалбек те Пайғамбар жасына жетіп, елге аға, кейінгілерге тұтқа болып жүргеніне қуанамын. Оның жастайынан еңбекке араласып, алдыңғы толқын ағалармен бірге білек біріктіре қызметтес болуы ерте есейтті, өмірге деген көзқарасын қалыптастырды. Ысылды, тәжірибе жинады, көпті көрді. Одан зиян көрген жоқ, қызмет сатысында тек ілгері жылжумен болды. Жалпы, өз басым Шәкеңді сыйлаймын, құрметеймін, үлгі тұтамын. “Менде болғанша, елде болсын” дейтін нағыз азаматтың бірі. Оның артық- ауыс сөзін, біреуге қысастық жасағынан немесе кеудесін ұрар менмендігін байқамаппын. Қашан көрсең өзіне тән сыпайылығын, сырбаздығын, қарапайымдығын жоғалтпайды. Жылы сөзімен де, қамқор пейілімен де көпті өзіне қарата алады. Шәкеңнің қолы ашықтығына да шәк келтірмеймін, қашанда қамқор істердің, игілікті іс-шаралардың басы-қасында жүргенін көреміз. Өзінің туып-өскен өлкесінен бөлек, облыс аумағындағы кез-келген қайырымдылық акцияларынан сырт қалмайды. Сондықтан болар, көпшіліктің де ол кісіге деген пікірлері жоғары, ниеттері түзу. “Мен” дейтін әрбір азамат Шәріпбек ағадай-ақ болсын.
Сіз не дейсіз?
— Адамды еңбегіне, қасиетіне, мінез-құлқына қарап бағалайтын әдетіміз бар ғой. Мен Шәкеңнің бойынан бұл қасиеттердің тек жақсы қырларын көріп, құрмет тұтам. “Жігітке жеті өнер де аз” деп айтамыз. Біз білетін Шәріпбек ағаның бір басында жеті емес, одан да көп өнер барын кейбіреулер білмеуі мүмкін. Өнерді бағалай білген адамның көпшіл екендігі анық. Ол кісінің қарамағында қызмет еткендер мұны жақсы біледі. Турашыл, талапшыл басшының қашанда жұмысы жүріп, еңбегін ел игілігіне арнайтыны бар. Бүкіл саналы ғұмырын сауда саласына арнап, әлі де ат үстінен түспей келе жатқан Шәкең қол қусырып, қарап отыратын жан емес. Бірінші кезекте Елбасы саясатын қолдап, партияның сенімді өкілі болса, екіншіден, халықтың аманатын арқалап, елге адал қызмат етіп жүрген жан. Белгілі де, беделді партияның қатарында жүріп, бақылау комиссиясын басқару екінің бірінің қолынан келе бермес міндет. Осы міндетті жауапкершілікпен әрі абыроймен атқарып жүрген Шәкеңе тек қана шабыт, сәттілік тілеймін.