Біртуар менің Бауырым

484
0

1475Аталы сөз ешқашан да ескірмейді. Әрине, оны айқындайтын уақыт болса,пайымдайтын халық. Алдарыңызға ғибратты ғұмыр иесі, Қазақстан Республикасының тұңғыш Премьер-Мнистрі болған абыз  ағамыз Ұзақбай Қарамановтың алаштың арда туған асыл ұлдарының бірегейі Серікжан Сейітжанов туралы «Біртуар менің бауырым» атты тебіреніске толы мақаласын ұсынғанды құп көрдік.
Ойтолғауда Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Серікжан Сейітжнұлының алғашқы еңбек жолын қарапайым ғана механизатор болудан бастап, техника ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері, «Саутс Ойл» мұнай компаниясының президенті қызметіне дейін көтерілген өмір баспалдақтары туралы, көпке үлгі боларлық, Отанға, халыққа деген өнегелі қызметі мен азаматтық қырлары жайлы сыр шертіледі.
Жасымыздың үлкендігі бар, ел алдында сіңірген азды-көп еңбегіміз бар дегендей, анда-мұнда алқалы жиындар мен жақсылықтың жоралғыларына шақырып жатады. Өз басым «шақырғаннан қалма» деп бәріне желігіп бара беретіндердің  қатарынан емеспін. Сондықтан, талай-талай шақыртулардың иелеріне «Алла разы болсын» деген тілегімді сырттай жеткізіп, той-томалағына қатысудан бой тартамын.Сөйтіп жүргенде, 2008 жылы бір шақыруды жерге тастай алмай, жедел жолға жиналдым. Сонау Оңтүстік Қазақстан облысына, оның ежелгі Отырар топырағына сапар шеккізетіндей ол жерде қандай салтанат өтетін еді?


Бұл жерде жаңа мектеп ашылғалы жатты. Мені білім ордасының келешегі кемел болуына бата беретін құрметті қонақтардың қатарына қосыпты. Ел экономикасы тығырықтан шыққан, әлеуметтік салаға қайта мойын бұрылған тұста жер-жерде салынып жатқан мектептер баршылық. Бірақ, мынау алыс аудандағы Сейітжан Құртаев атындағы мектеп мемлекеттік бюджет есебінен емес, жеке азаматтың қаржысына салынды.
Өз басым қаншама жыл  Парламентте отырғанда ешбір қаржы тобының сөзін сөйлеп, сойылын соққан емеспін. Оған халқым, үш сайлауда сеніп дауыс берген сайлаушыларым куә. Сондықтан, ендігі жасымда қаржылы біреудің қасында қарауыл болып тұрмақ емеспін. Демек, жеке мектептің ашылуына арнайы ат басын тіреуімде басқа, мәні ақшадан анғұрлым үлкен сыр жатыр.
Мені Отырар жеріне қарай сүйреген күштің аты – сыйластық. Осы мектепті ауыл адамдарына, келешегі кемел болуы тиіс жас ұрпаққа тарту еткен азамат  Серікжан Сейтжанұлымен арадағы ағалық-інілік  ізгілікті құрметтің алтын тіні тартылғанына отыз жылдан асыпты. Енді, біздің білістігіміз қалай басталған еді, сол жайында тоқталайын.Бұл орайда атамыз қазақтың  «жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» деген мақалын келтіруге болар.
Өмірдің ұзын жолында кімдермен кездепедім? Қаншама шетелдің, кешегі Кеңес Одағының басшыларының алдын көрдім. Қазақтың қаймағы саналатын марғасқаларының  бәрімен  хх ғасырдың 60-жылдарынан бастап таныс-біліс болдық. Өзіміз алдағы толқыннан талай жәйтке қанығып, талай сырды ұқтық. Өзімізден кейінгіге де біраз нәрсені үйретіп үлгерсем керек. Бірақ, қызмет бабындағы, кеңес салтындағы, тіпті күнделікті тіршіліктегі таныстықтың бәрі тамырын жүрек түкпіріне тереңдете алмайды, бәрі де ағыстың бетінде қалады. Жүректің түкпірінде өзіммен қуаныш пен қызықты, қайғы мен ауырлықты бөлісе алған мыңнан бірі орнығып жатса, кәне. Содан мыңдардың арасынан дара шығып, бастапқыда қызмет бабындағы таныстықты бауырластыққа айналдыра алған Серікжан Сейтжанұлының жөні бөлек. Мені мәртебелі сапарға арнайы шақырған, өзінің әкесі қызмет еткен мектепті жаңадан салып берген ардақты азамат  – осы еді. Халық үшін құрметті, туған жер үшін тұғырлы, айналасы үшін құшағы кең, қолы ашық жерлес болса, мен үшін біртуар бауыр!
Біртуар бауырыммен қалай жолығып едім? Мамандығым құрылыс инженері, атқарған қызметім Қазақстанның құрылыс саласын жедел дамытуға тікелей қатысты болғандықтан, таныстардың ең үлкен шоғыры осы топтан табылады. Кезінде ең «менмін» деген трестер мен бас басқармалардың бастықтарын көрдім. Кейін олардың орнына өзім де отырдым. Бәрінің аты-жөні тұрмақ, бет-әлпеті де, тіпті атқарған істеріне дейін көз алдымда сайрап тұр. Бірақ, мынау жалғанда соның бәрін түстеп, түгендеп, апта-ай сайын амандығын біліп отыруға уақыт бар ма?!
Кезегі келгенде қазақ азаматтарының арасынан суырылып шығып Қазақстандағы ең үлкен салалық құрылым – Ауыр индустрия құрылыстары министрінің бірінші орынбасары болып қызмет істеп жүрдім. Бұл Республикаға емес, Орталыққа есеп беретін алып министрлік болды. Оның бірінші орынбасарларының салмағы басқа жеке министрлердің салмағынан ауыр десем өтірікші болмаспын. Өйткені, біздің салып беретініміз негізінен одақтық министрліктерге қарасты кәсіпорындар. Бірінің қорғаныстық, енді бірінің индустриялық мәні зор. Сол мазасыз шақта Шымкентке жиі ат басын тіреуге тура келетін. Өйткені, мұнда ауыр индустрияның айтарлықтай мол күші шоғырланып жатты. Қорғасын, цемент, шина, автоматтар және сыра зауыттары салынып немесе қуаттары қайта ұлғайтылып жатты. Осы құрылыстардың бәрін салып жатқан «Шымкентпромстрой» тресі тікелей менің қадағалауыммен жұмыс істейді. Ондай трестер Қостанайда, Қрағандыда, Ақтөбе, Павлодарда, Өскеменде және басқа қалаларда бар. Апта басында солардың бірінің жағдайымен танысып, апта ортасында Алматыға жетемін. Бірер күнен кейін, яғни, апта соңында Мәскеудегі Одақтық министрдің алдында  есеп беріп тұрамын. «Біз осылай жұмыс істедік» деп кейінгі ұрпақты сендірудің өзі қиын. Бірақ, мұның бәрі шындық болатын. Сол «Шымкентпромстрой» тресінің құрылыс материалдары мен құрастырмалы комбинатын әлі отыз жасқа толмаған Серікжан Сейітжанов басқарып тұрды. Өзім де жас шағымнан ірі құрылыс мекемелерін басқарған едім, сондықтан, екеуіміз бірден тіл табысып түсінісіп кеттік. Мен оның алдында зор болашақ тұрғанын білдім. Бір кезде маған қазақтан шыққан ірі мемлекет қайраткері Атымтай Қисанов ағамыз қалай сенім артса, мен де Серікжанға сондай сенім көрсеттім. Бұл рулық, ағайындық, туыстық емес, рухтық, азаматтық жақындық еді. Сайып келгенде, кезінде алдымыздағы ағаларымыз қалай қателеспесе, менде солай қателеспеген екенмін. Өйткені, Серікжанның сол жас кезінен ойы әрдайым орынды, сөзі қашан да салмақты шығатын.Келешекті ойлайтын, ертеңге талаптанатын қасиетімен өзгелерден ерекшеленетін.
Құрлыс материалдары комбинатын бүкіл трестің жүрегі деп айтуға болады. Өйткені, қолданатын құрылыс нысандарына керек материалдарды әзірлеу мен жеткізу кестесі болады. Сол кесте минутына дейін мүлтіксіз сақталғанда ғана құрылыс уақытылы салынады. Осындай жауапты жұмыстың басында отырған Серікжанның іскерлігі бірден танылды. Өз ісін жетік біледі, жоғары және төменгі басқыштарда тұрған адамдардың бәрімен түсінісе біледі. Ең бастысы жұмыс үшін жаны ауырады. Шымкенттегі жас директордың тындырымды жұмысын көргенде өзімнің де он жыл бұрын сондай болғаным еске түсіп елжіреп кетіп едім, табиғатымнан затым берік болса да. Арада артық әнгіме болмады. Бір-бірімізді іс үстінде таныдық. Сенуге болатын азамат екенін бірден байқадым. Болашақта бұдан жауапты шептерге жіберілсем, тура Серікжан сияқты жастарды төңірекке шоғырландыру керектігін көңілге түйдім. Уақыт сәл алға жылжығанда оның сәті түсті. Тура жиырма жыл «Шымкентпромстрой» тресінен табан аудармаған талапты азаматты тың белеске тартуды ойлап жүрдім.
Шымкентте шынайы сыйлас және сырлас азамат тапқаннан кейін көп уақыт өтпеді білем, мені Қазақстанның Мемлекеттік  Жабдықтау комитетіне төраға  етіп тағайындады. Бұл  өте күрделі заман болатын. Кеңес Одағының экономикасы тығырыққа тіреле бастаған. Әзір халықты үрікітпегенмен, жоқшылықтың ызғары алдан шығары аңғарылған. Бұл тұста жабдықтау саласында жұмыс істеу өте жауапты еді. Содан дереу Серікжанды оңтүстіктегі үш обылысқа материалдық-техникалық жағынан жабдықтап отырған «Южказглавснаб» басқармасына төраға етіп тағайындадым. Сол тұста азаматтың іскерлігінің арқасында Шымкент тұрмақ, Жамбыл мен Қызылорда облыстары ештеңеден тарықпай, қанаттарын еркін жайып жұмыс істеп еді.
Жабдықтау ісінің онда араласпайтын саласы жоқ.Балабақшадан бастап, алып зауыттардың тағдыры сенің алақаныңда тұрғандай көрінеді. Ештеңені ұмытып кетуге болмайды. Ешкімді елеусіз қалдыра алмайсың. Міне, осынау көп салалы қызмет Серікжанды бұрынғыдан да ширатты. Ел танып, жер көруіне себебін тигізді. Соның арқасында ол халықтың қамын жейтін,Жұртына жанашырлық жасай алатын танымал тұлға ретінде қалыптасты.
Нарық қатынастары басталған шақта Шымкенттің азаматтары аңырап қалмады. Қайта осы жаңа лепті өздері бастап кетті. Бұл тұста  Серікжан Сейтжанұлы тың қырынан танылды. Өзін, әулетін, айналасын асырап қоймай, қалың жұртына кәсіп пен нәсіп тауып беруге ниеттенді. Және бизнес ісінде жұлдызы жарқырап, алдыңғы шоғырға шықты. «Қарға бауырына басып жейді, ақсұңқар айналасына шашып жейді» дегеннің жарқын мысалын он жылдан астам уақыт танытып жүр. Ол ұйымдастырған «Оңтүстік» акционерлік қоғамы сан саланы қамтыды. Халық тығыз шоғырланған, әрі қолайлы тоғыз жолдың торабына орналасқан менің біртуар бауырым қабілетті басшы, қабырғалы қайраткер ретінде танылды.
Міне, Отырарда жаңа мектеп, анығында атын халық берген, ал затын Серікжан салып берген Сейітжан Құртаев атындағы мектеп ашылатын салтанатқа бара жатып мен осындай ойларға шомдым. Сол жақта жақсылыққа жиналған қалың қауымға біртуар бауырымның мына жаңа және асқан көреген ісі туралы жарқырата айтып беруді парыз санадым.Және Алматыдан аттанарда өз ойларымды былай жұптадым: «Атамыз қазақ «білегі күшті бірді жығады, білімі күшті мыңды жығады» деген. Қазақ даналығын күллі әлемге паш еткен әл-Фарабидің кіндік қаны тамған Отырар халқы осы нақылдың мәнін жете ұғынған. Оған бүгінгі болып жатқан үлкен оқиға – іскер азаматымыз Серікжан Сейітжанұлының мұнтаздай етіп салынған мекетепті жас ұрпаққа тарту еткені және бір мысал болады.
Қазақ «ата көрген оқ жонады, ана көрген тон пішеді» деп те тегін айтпаған. Серікжанның әкесі Сейітжан Құртаев осы өңірдегі барлық азаматтарды бір өзі оқытқан ұлағатты ұстаз болған. Жасында медресені, жігіт шағында университетті тәмәмдап, қазақтың жазуының өзін үш хәріппен еркін оқитын азаматтың бойында ғылымның қиясына көтерілер қабілет баршылық еді. Онда мыңдарға ұстаз болмай, бір өзі ғана ғылыми атақтарды малданып қалары даусыз шығар.Жоқ, тағдыр Сейітжан Есжанұлына өзгеше жүк арқалатты. Ол ауыл мектебіне басшылық жасап, балаларды оқытқанды жөн көрді. Бір өзінің жоғын жоқтап жүре бермей, бүкіл елдің қамын ойлап, қабырғалы қайраткерлік танытты. Қабырғасы саманнан соғылған, едені лаймен сыланған мектепте табаннан сыз өткеніне, ал денені соғыстан қалған жарақатар сыздатқанына қарамай соңғы демі қалғанша Отырар жұртына, оның болашағына адал қызмет етті. Бүгін біз қазақтың «орнында бар оңалар» деген тамаша сөзіне куәгер болып тұрмыз. Сол сыз басқан көне мектептің орнына сыңғырлаған жаңа ғимарат бой көтерді. Сырты қаншалықты сұлу болса, іші соншалықты мазмұнды. Осы заманғы білім беру құралдарының бірін ұмыт қалдырмай, бойға сіңірген оқу ордасы бұл. Оны ардагер ұстаздың ұлы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы айтулы азаматтардың бірі Серікжан Сейітжанұлы ауданға тарту етті. «Атадан ұл болып туған» азамат бұған дейін халқына мешіт салып беріп, үлкендерді иманға кенелтсе, енді мектеп тұрғызып, жастарды білімге сусындатты. Жылдар жылжығанда сол азамат, ізбасар інім мені өз ауданына тарту еткен мектептің ашылу салтанатына шақырды. Мен бүгін Серікжанның кемеліне келген кезін көріп қуанып тұрмын. Мешіт салып бергенде ол қазақ атты алып дарақтың тамырын тереңдетуді көздегені хақ. Ал, бүгін мектеп салып беру арқылы сол алып бәйтеректің бұтақтарын биіктетіп отыр. Тамыры терең, ал бұтағы биік ағаш ғасырлар бойы жайқала бермек.Әкенің атын жай сөзбен емес, нақты іспен ардақтайтын азаматтар мына жаңа мектептің табалдырығынан тәлім алып шықсын. Және олар тұтас қазақ даласына тарасын деп тілеймін. Сонда Серікжан бауырымның тарапынан ойлаған істің, шығарылған қаржының,ең бастысы төгілген тердің қайтарымы болмақ. Есжаннан – Сейітжанға, Сейітжаннан – Срікжанға қонған ұрпақ алдындағы жаупкершілік баршаңызға жұғысты болғай! Осы сөздерді қағазға анық түсіріп, көкірекке бекем түйіп, көне Отырар ауданына жол тарттым. Отырар-Сырдарияның орта ағысында тұрған көне мекен. Ал, мен туған арал – сол дарианың құяр сағасындағы жер. Демек, біздің тағдырымызды заман, ел мен ұрпақ қамына қатысты тірліктерді айтпағанда, Сырдарияның өзі мәңгілікке тоғыстырып тұр екен.

Ұзақбай Қараманов,
Қазақстан Республикасының
тұңғыш Премьер-Министрі.
“Депутат даусы”