КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕГІ АЙЫНА 800 МЫҢ ТЕҢГЕ ТАУЫП ЖҮР

Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда ең жоғары жалақы алатын колледж түлегінің есімін жариялады.
Ришад Галиев — Алматы құрылыс-техникалық колледжінің түлегі. Қазақстанда ең жоғары жалақы алатын жас мамандардың бірі айына 800 мың теңге табыс табады.
“Ришад — WorldSkills Kazakhstan республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері. 2022 жылы ол әлемдік чемпионатқа еліміздің атынан “Сантехника және жылыту” құзіреттілігі бойынша қатысты. Колледждің екінші курсында Ришад колледждің жетекші компаниялармен серіктестігі және дуальды оқыту жүйесі аясында құрылыс алаңдарында тағылымдамадан өте бастады. Осы тәжірибе практикалық дағдылар мен мамандықты іс жүзінде игеруге мүмкіндік берді”, — дейді министрлік мамандары.
Жақында Ришад “GROHE” халықаралық компаниясынан жұмысқа орналасуға ұсыныс алды. Еңбек жолын ата-анасының кеңесі бойынша таңдаған маман өзіне білім берген ұстаздарына да дән риза.
“Мен өзім оқыған колледжге және ұстаздарыма алғыс айтамын — олар маған тек білім ғана беріп қоймай, маман ретінде өзіме деген сенімділікті арттырды. Колледждің компаниямен ынтымақтастығының арқасында мен еңбек тәжірибемді ерте бастауға мүмкіндік алдым”, — дейді Галиев.
Осы орайда жас маман Жұмысшы мамандықтарының жылын жариялаған президентке де алғыс жеткізді. Себебі ондай бастамалар жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеріп қана қоймай, жас мамандардың өзіне деген сенімін арттырады.