ОРДАБАСЫДА ОЗЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

374
0

Түркістан облысы, Ордабасы ауданында мұнайды терең өңдеу арқылы,  мұнай-химия және көмірхимиялық комбинат өнімдері алынатын екі жоба жүзеге асырылады.

«Standart Petroleum & Co» ЖШС жүзеге асырғалы отырған мұнай-химия комбинатын салу жобасына жалпы соммасы 95 млрд. теңге инвестиция тарту және 800-ден астам жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңін іске асыру осы жылдың күзінде басталады. Оның инвестициялық құны шамамен 11,15 млрд. теңгені құрайды. Кәсіпорынның өнім шығару қуаттылығы жылына 1 млн. тоннаға дейінгі дайын өнімді құрайды. Жобаның дәл сонша қуаттылықта өнім шығаратын екінші кезеңін 2021 жылы іске асыру жоспарланған. 

Айта кету керек, бұл Қазақстанда салынатын алғашқы мұнай-химия комбинаты болмақ. Яғни, мұнда АИ-92, АИ-95 маркалы бензинді өндіруден басқа, мұнайды терең өңдеу арқылы мұнай-химия өнімдері алынады.

Сондай-ақ, кәсіпорында қуаты сағатына 35 мВт электр энергиясын өндіру жоспарланып отыр. Бұл өндіріс орнының өз қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарыққа да шығаруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың айтуынша, жобада мұнайды терең өңдеудің ерекше технологиялары қолданылады.

Мейіржан Мырзалиев сондай-ақ, «Стандарт Ресурсис»  ЖШС көмірхимиялық комбинатында болды. Аталмыш жоба аясында 1,5 млрд. теңге инвестиция салынып, 60 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Зауытта жыл сайын 30 мың тоннаға дейін тас көмірді қайта өңдеуге болады.

Жобаның бірегейлігі — Еуро 5 стандартты АИ-92 және АИ-95 маркалы пеш және мотор отынын өндіруге, түрлі майлар мен құрылыс саласына арналған материалдарды шығаруға мүмкіндік береді.

Комбинат осылайша дайын өнім шығаруды жолға қойған. Ал, жобаны ресми іске қосу ағымдағы жылдың маусым айына белгіленген. Аталған жобалардың негізгі мердігері-мұнай химиясы саласындағы нарық көшбасшыларының бірі болып табылатын ресейлік «ЭТН Циклон» компаниясы.

Айта кету керек, бұл жобалар кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында «Turkistan Invest» Экспорт және инвестиция тарту жөніндегі аймақтық агенттігі»  ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асырылуда. 

uakit.kz