ҚАЗАҚСТАНДА ЕҢ КӨП САТЫЛҒАН АВТОКӨЛІК ТҮРЛЕРІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

2025 жылдың наурызында Қазақстанда жаңа автомобильдерді сатып алу көрсеткіші 23,4 пайызға өсті.

— Наурыз айында 19 629 жеңіл автомобиль мен коммерциялық техникалар сатылды, бұл былтырғы ұсқас кезеңмен салыстырғанда 23,4% жоғары көрсеткіш. Жалпы, биылғы бірінші тоқсанда 46 843 жаңа автомобиль өткізілді, ал былтыр 39 439 жаңа көлік сатылды (+18,8%), — делінген «Қазақстанның автокөлік одағы» (ҚАО) мәліметінде.

Ең көп өткен (топ-10) автомобильдер көшін әдеттегідей Hyundai (4 472 көлік; былтырғы наурызбен салыстырғанда +32,8%) бастады. Chevrolet (2 738) екінші орында тұр (+99,3%), ал үшінші қатардағы Kia дилерлері 2 120 көлік сатқан (+17,1%). Сонымен қатар, Jetour осымен екінші ай қатарынан төртінші сатыға тұрақтады (1 362; +74,4%). Ал бесінші орын 1 350 автомобилі өткен Chery-ге бұйырды (+2,7%).

Одан бөлек тізімге Haval (1 288; +14,6%), Jac (1 071; +54,3%), Geely (1 021; +45,6%), Toyota (862; -21,2%) және Changan (703; — 42,1%) енді.

Бұдан бөлек, наурыз айында ең танымал болған топ-10 модель арасында Chevrolet Cobalt (2 236 көлік) бірінші тұр. Содан кейін тізімде Hyundai Tucson (1 692), Kia Sportage (1 090), Hyundai Mufasa (955), Haval M6 (607), Chery Tiggo 2 (532), Hyundai Elantra (529), Hyundai Santa Fe (524), Geely Emgrand (493) және Jac S3 (461) бар.

Жалпы, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша брендтер қатарында Hyundai (11 705 көлік; +26,2%) көш бастады. Екінші орынға 6 009 автомобилі сатылған Chevrolet шықса (+80,1%), үштікті Kia (4 905; +0,6%) түйіндеді. Ал Jetour дилерлері 3 103 машинаның кілтін тапсырса (+61,2%), бесінші сатыдағы Chery-дің 3 097 моделі өтті (-10%).