КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ – АУЫЛ МЕДИЦИНАСЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ

39
0
Түркістан өңірінде медицина нысандарының инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жауапты тұлғалармен мәжіліс өткізіп, атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Кездесуге облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы, аудан және қалалық орталық ауруханалардың бас дәрігерлері, мердігер компаниялардың жетекшілері қатысты. Облыс басшылығы атқарылып жатқан жұмыстарды тыңдап, ескертулерді ретке келтіруді міндеттеді.
– Өздеріңізге белгілі, 2024 жылы 4 ауруханаға күрделі жөндеу жүргізу қолға алынды. Нәтижесінде Бәйдібек ауданындағы «Боралдай» ауылдық ауруханасының құрылысы толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Қалған 3-еуі биылғы жылға өтпелі. Олар: Кентау қаласы, Келес пен Сайрам аудандарында орналасқан медицина нысандары. 2025 жылы тағы 4 аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде Қазығұрттағы «Қаратас» ауылдық емханасы мен Шардарадағы «Алатау батыр» ауылдық ауруханасының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Ал Сайрамдағы «Қарабұлақ» және Жетісайдағы «Асықата» аудандық ауруханалары 2026 жылы қолданысқа берілуі керек. Инфрақұрылымды жақсартуға қаражат бағытталған. Ауыл азаматтарын сапалы әрі уақтылы аяқталған ғимаратпен қамтимыз. Жергілікті жұмыссыз тұрғындарды тартып, қызметкерлер санын көбейтіңіздер. Жалпы мәселелер туындамауы қажет. Күрделі жөндеудің аясында медициналық жабдықтар жаңарып, дәрігерлердің жұмысы оңтайланады. Халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы мен қолжетімділік артады. Сол себепті жауапкершілік танытуды талап етеміз. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауындағы бағыт. Құрылыс барысына мониторинг жалғасады, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандарын салып жатқан мердігер мекемелердің жетекшілерімен кездесті. Бүгінгі жай-күйі баяндалып, тиісті міндеттер жүктелді.