АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІ ТАҒАЙЫНДАУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРЕДІ

Қазақстандықтар енді атаулы әлеуметтік көмекті жаңа тәртіппен алады. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл ақпанда Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген көмекке мұқтаж жандардың жиынтық кірісі мен шығысын айқындауды ескере отырып, халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау қағидаларына өзгерістер енгізіп отыр.
Жаңа бұйрық жобасына сәйкес атаулы әлеуметтік көмекті алуға үмітті азамат мемлекетке шығыс операцияларын, яғни банк шоты, банк алдындағы қарызы, микрокредиті (болған жағдайда), жинақ салымы мен депозиттегі қаражатының қозғалысы туралы мәліметтерді ұсынуы тиіс.
— Мақсат — көмекке нақты мұқтаж азаматтарға жиынтық кірісі мен шығысын айқындап, әлеуметтік қолдау көрсету. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігіндегі өзгерістер көмекке шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан нысаналы қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — делінген құжат мәтінінде.
Сондай-ақ, ведомство атаулы әлеуметтік көмекті жаңа тәртіппен тағайындау мемлекеттік қолдаудың ашықтығын күшейтуге ықпал ететінін алға тартып отыр. Құжат жобасы биыл 5 мамырға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр, жаңа тәртіп қабылданған жағдайда биыл желтоқсанда іске қосылады.