АҚШ-ТА 12 ШТАТ ТРАМПТЫ БАЖ САЛЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ СОТҚА БЕРДІ

Сәрсенбі күні басым бөлігін демократтар басқаратын 12 штат президент Дональд Трампты ол енгізген тарифтерге байланысты сотқа берді, деп хабарлайды The New York Times.

Сәрсенбіде Аризона, Колорадо, Коннектикут, Делавэр, Мэн, Миннесота, Невада, Нью-Мексико, Вермонт, Нью-Йорк, Иллинойс және Орегон штаттары өздерінің экономикаларының осалдығына қатысты алаңдаушылық білдіріп, сотқа жүгінді. Невада мен Вермонт штаттарында республикашыл губернаторлар болғанымен, барлық штатта Демократиялық партияның бас прокурорлары бар.

Демократиялық партияның бас прокурорлары берген талап-арызда президент енгізген тарифтер сол штаттардың экономикасы мен халқына зиян тигізгені айтылған.
Сондай-ақ заң бойынша тарифтерді белгілеу құқығы тек Конгреске ғана тиесілі екені атап өтілген. Штаттар соттан Трамп әкімшілігін заңсыз тарифтер енгізуге жол бермеуін сұрайды.

Калифорния өткен аптада бірінші болып сотқа жүгінді, штаттың губернаторы мен бас прокуроры Трамп әкімшілігін штат экономикасына орны толмас зиян келтірген сауда соғысын өршітті деп айыптады.