ШАҺАРДА ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҚСАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

37
0
Шымкент қаласындағы жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. 2023 жылы жүргізілген көше-жол желісін паспорттау мен диагностикалау нәтижелері бойынша қала жолдарының жалпы ұзындығы 3 899,5 шақырымды құрады. Бұл көрсеткіш 6 714 көшені қамтиды. Оның ішінде: асфальтобетонмен жабылған жолдар – 2 847,6 шақырым, шағал тас төселген жолдар – 564,4 шақырым және топырақ жолдар – 487,5 шақырым.
2024 жылы жүзеге асырылған жұмыстар нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71%-дан 75%-ға дейін артты. Биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 79%-ға жеткізу жоспарлануда. Нақтырақ айтсақ, басты жобалар қатарында: Бәйдібек би даңғылының Алатау батыр көшесінен бастап Бозарық айналма жолына дейінгі бөлігін кеңейту және Ұлағат, Самал-3, Ынтымақ, Тұран, Арғымақ, Қазығұрт және Достық шағынаудандарындағы ішкі көшелерді асфальттау жұмыстары бар.
Аталған жобалар тәулік бойы бекітілген кесте бойынша атқарылып жатыр. Бүгінде ұзындығы 43,7 шақырым болатын 13 нысанда құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал күрделі жөндеу жұмыстары бойынша Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа қоныс, Ізенді, Сареми және Жаңақұрылыс көшелерінде ұзындығы 17,1 шақырымды құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.