ШЫМКЕНТТЕ МОПЕДТЕРДІ ТІРКЕУ ЖАЛҒАСУДА

30
0
Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңына енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілді. Бұл өзгеріс 2025 жылғы 5 сәуірден бастап ресми түрде күшіне енді. Енді еліміздің барлық азаматтары үшін мопедті пайдалану тек арнайы талаптарды орындау арқылы ғана мүмкін болмақ. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі «Жол жүрісі туралы» Заңының 63-бабында көрсетілгендей, механикалық көлік құралдары мемлекеттік тіркеуден өтуге міндетті. Осы талапқа сәйкес, мопед жүргізушісі мопедін тіркеуден өткізіп, A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігін иеленіп, көлігін техникалық тексеруден өткізіп, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруы қажет. Бұл шаралар мопед иелерінің жол қозғалысына қатысуына және қоғамдық қауіпсіздікке үлес қосуына бағытталған. Тиісті тіркеу жүргізілмеген көлік құралдарының жолға шығуына және пайдаланылуына заң жүзінде тыйым салынады.
Шымкент қаласы бұл бастаманы белсенді түрде жүзеге асырып отыр. Бүгінгі күнге дейін қалада 2 038 мопед ресми түрде тіркеуден өткізілді. Бұл – құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Мопед иелері тіркеу үшін бірқатар құжаттарды дайындауы тиіс. Олар: жеке куәлік (электронды түрде көрсетуге рұқсат етілген), техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер, толтырылған өтініш, мопедті тексеруден өткізу туралы акт және мемлекеттік баж салығының төленгенін растайтын түбіртек. Атап айтқанда, мопедті тіркеу үшін 0,25 АЕК (983 теңге), тіркеу куәлігін беру үшін 1,25 АЕК (4 915 теңге), ал мемлекеттік нөмір алу үшін 1,4 АЕК (5 505 теңге) көлемінде төлем жасалуы қажет. Айта кетерлік жайт, мопедтерді тіркеудің нақты аяқталу мерзімі жоқ. Бұл үрдіс заң талаптарына сәйкес жалғасып отырады және кез келген уақытта тіркеуден өткізу мүмкіндігі бар. Осы ретте Шымкент қаласының тұрғындарына мопедтерін заңдастырып, жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосуға шақырылады.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асқар Жүзжасаров баяндады.