ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ТЫЛ АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қалдықараев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай тыл ардагері Маржанкүл Қуанышбаеваның шаңырағына арнайы барып, мерекелік құттықтауын жеткізді.

1936 жылы дүниеге келген Маржанкүл Қуанышбаева – бес перзентті тәрбиелеп, ұрпақ өсіруге бар ғұмырын арнаған ардақты ана. Ісмерлікті өміріне серік еткен тыл ардагері бүгінде 89 жаста. Соған қарамастан құрақ құрап, ұлттық нақыштағы бұйымдар тігу ісімен айналысып келеді.

Кездесу барысында Құдайберген Қалдықараев ардагерге шипажайға жолдама табыстап, ел игілігі жолындағы еңбегі үшін ризашылығын білдірді.
– Бүгінгі бейбіт өміріміз – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Сіздер – өскелең ұрпаққа үлгісіздер, – деді басқарма басшысының орынбасары.