АРЫСТА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ДЕЗИНСЕКЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

27
0
Арыс қаласында шіркейге қарсы дезинсекциялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл бұл шаралар наурыз айынан басталып, жоспарға сәйкес шілде айына дейін жалғасатын болады.
Арыс қаласына қарасты елді мекендер үш секторға бөлініп, әр секторда нақты жоспар негізінде жұмыстар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, №7 секторға Байтоғай, Қожатоғай, Шөгірлі, Ақын-Жақып елді мекендері, №8 секторға Байырқұм, Көкжиде, Жиделі, ал №9 секторға Аққала мен Жосалы елді мекендері кіреді.
Бүгінгі таңда ғылыми топтың қорытындысына (нұсқамаға) сүйене отырып, дезинсекция жұмыстары екі түрлі әдіспен жүргізілуде. Дернәсілдермен күресу үшін су қоймаларына биологиялық препараттар жіберу әдісі қолданылса, шіркейлердің шоғырлану қаупі жоғары аймақтар — су қорғау аумақтары, жағалаудағы ағаштардың бұталары, елді мекендер мен оған жақын орналасқан 10-15 шақырым жерлер химиялық әдіспен залалсыздандырылуда.
Әр секторда арнайы техника мен білікті мамандар жұмылдырылған. Атап айтқанда, 2 арнайы техника, 5 маман және 1 ғылыми сүйемелдеуші маман тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.
Аталған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы үшін күнделікті бақылау мен қадағалау жұмыстары ұйымдастырылған.