ҚОҚЫСТЫ КӘДЕГЕ ЖАРАТУ ІСІ ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ

75
0

Бүгінде экология мәселесі халықаралық деңгейдегі өзекті түйткілдердің біріне айналды. Мұны шешу үшін әлемнің жетекші мемлекеттері қоқысты кәдеге жарату ісіне айрықша назар аударып, өндіріс орындарын құрып келеді. Осылайша қатты тұрмыстық қалдықтарды  жою, сұрыптау, қайта өңдеу мен кәдеге жарату ісі қарқын алуда.

Бұл тұрғыдан келгенде елімізде де бірқатар шаралар қолға алынуда. Мәселен, 2050 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуді 50 пайызға жеткізу мақсаты белгіленген. Осы орайда, Шымкент қаласында алдағы уақытта қоқысты қайта өңдейтін өндіріс орны пайда болмақ. «Waste2Energy» ЖШС бас директорының кеңесшісі Әбдіманап Жұмаділдаевтың айтуынша, аталған зауытта алдағы уақытта жылына 200 мың тоннаға дейін қалдық жағылады. Осының арқасында электр энергиясы өндірілмек. Оның көлемі жылына – 15,2 МВт. Бұл туралы мекеме басшысы «Зауыттан шығатын өнеркәсіптік қалдықтар экологиялық талаптарға сай болады және стандарттардан аспайды. Біздің зауыт барлық еуропалық стандарттарға сәйкес келеді, біз одан да әрі қарай дамып, тазалаудың тағы екі кезеңін қостық. Сонымен қатар, автоматтандырылған бақылау жүйесі орнатылады. Яғни, құбырға сенсорлар орнатылып, мамандарымыз онлайн режимінде көрсеткіштерді бақылайды. Егер қалдықтардағы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясы асып кетсе, бұл кәсіпорынның барлық жүйелерді тазарту үшін дереу тоқтатылатынын білдіреді» дейді. Зауыт толық іске қосылса, қаладағы экология мәселесін оңтайландыруға да сеп болмақ. Жалпы дамыған елдерде аталған сала табысты кәсіпкер айналып үлгерген. Мәселен, Швецияда күл-қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтардың 99 пайызы жинап әкетіледі. Шведтер мұнымен шектелмей, көрші елдердің қаңсықтарын да сатып алатын болып шықты. Әлемдегі тәжірибелерге сүйенсек, Франция, Жапония, Қытай сынды «жасыл экономика» қағидаттарын ұстанған мемлекеттерде тұрмыстық қалдықтар – табыс көзі. Бұл ел­дерде үйіліп жатқан қоқыс үйінділерінен түр­лі бұйымдар шығарылып, күнделікті тұрмыс­қа қажетті өнімдер төрткүл дүниеге таралады. Жаһандану жайлаған қоғамда табиғи ресурс­тар азайып, қоршаған орта ластанғандықтан адамзат үшін «жасыл экономикаға» көшу міндетті болып отыр. Қоқыс – адамзат бар­ да таусылмайтын қор. Сондықтан аталған шикізат көзін тиімді пайдаланып, ұқсата білу, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру назардан тыс қалмауы керек.