ЖЕРГІЛІКТІ ЖОЛДАРДЫ САЛУҒА ҚАНША ҚАРАЖАТ БӨЛІНДІ

Нормативтік жағдайға келтірілген жергілікті жолдарды үлесі 91 пайызға жеткізіледі. Бұл туралы Сенатта жолдардың мәселесін талқылауға арналған Үкімет сағатында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті.

— Республикалық деңгейдегі жолдарды дамытумен қатар, жергілікті желі жобаларына да көңіл бөлінеді. Олардың ұзындығы 70 мың шақырым (облыстық – 32 мың км, аудандық – 38 мың км). Бұл жобаларды жалпы қаржыландыру көлемі 423 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджет – 92 млрд теңге, трансферттер – 148 млрд теңге, жергілікті бюджет – 183 млрд теңге. Бөлінген қаражат есебінен 4,2 мың шақырым жол құрылыс-монтаж жұмыстарымен қамтылды, оның 3,9 мың шақырымы осы жылы пайдалануға беріледі, — деді М. Қарабаев.

Оның айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша нормативтік күйдегі жергілікті жолдардың үлесі 89 пайызды құрады. Ал биылдың соңына дейін осы көрсеткіш 91 пайызға дейін өседі.